Депутат Сената Парламента РК Алдашев С.Т. выступил с докладом на заседании Сената по рассмотрению законопроекта РК «О внесении изменений и дополнений в некоторые законодательные акты Республики Казахстан по вопросам перераспределения полномочий между уровнями государственного управления»
Құрметті Мәулен Сағатханұлы, құрметті әріптестер!
Ұсынылып отырған заң жобасында жекелеген функцияларды Үкіметтен орталық мемлекеттік органдарға, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға беру көзделген. Заң жобасына ұсынылып отырған өзгерістер басқарудың тиісті деңгейлерінің дербестігін одан әрі арттыруға, сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өзара байланысына ықпал етеді. Атап айтсақ, соның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінен Мәдениет және спорт министрлігіне облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың ономастика комиссиялары туралы үлгі ережені бекіту функцияларын беру. Бұл өз кезегінде өңірлерде елді мекендерге тарихи атауларды беру, көшелер мен даңғылдарды ұлттық нақыштағы атаулармен қайта атау бойынша жұмыстар дер кезінде қарастырылып, шешуге септігін тигізеді. Орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға берілетін функциялар, соның ішінде Білім және ғылым министрлігінен тұрмыстық зорлықзомбылыққа ұшыраған білім алушылар мен тәрбиеленушілердің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудегі қажеттіліктеріне талдау жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі функциялар. Ауыл шаруашылығы министрлігінен берілетін функциялар инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектілерінің шығыстарының бір бөлігін өтеу, акваөсіру өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуға субсидия беру функциялары. Баяндамашылар айтып өткендей осы сияқты тағы да басқа функцияларды атап өтуге болады. Бұл мемлекеттік басқарудың тиісті деңгейлерінің дербестігін, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырады, мемлекеттік органдардың алдына қойылған мақсаттар мен міндеттердің уақытылы орындалуына септігін тигізеді. Аталған енгізулер өңірлердің дамуына, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тиімді жұмысына әсерін тигізері сөзсіз. Жоғарыда аталған заң жобасын толығымен қолдаймын, сондай-ақ әріптестерімді қолдауға шақырамын.
Назарларыңызға рақмет.