Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ТІЛДІ ҮЙРЕТУ ТЕТІГІ

06.11.2025 152

«Ana tili»
 

Сенатор Руслан Рүстемұлы Сенаттың пленарлық отырысында әріптестері Н.Байқадамов, А.Нұхұлы, Қ.Тастекеев, А.Есбаймен бірге ­Премьер-министрдің атына қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың әдістемелік негіздерін қайта қарау, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың тұжырымдамасын қабылдау жөнінде депутаттық сауал жолдады. Біз осы мәселеге байланысты тіл саласында жүрген бірқатар мамандардың да ой-пікірін білген едік. 

 

– Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуын зерттеуші ғалымдар оқыту әдіс­темесінің басты кемшілігі – балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары бағдарламасы арасында өзара сабақтастықтың жоқтығынан деп пайымдайды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бұл күнде қазақша оқуда кемшiлiк көп. Қазақ мектебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды...» деген сөзі әлі де өзекті. Бағдарламада баланың ойлау, сөйлеу қабілетін дамыту дұрыс ескерілмеген. Грамматикалық заңдылықтарды тереңдете оқытпайды, баланың жас ерекшелігіне сәйкес лингвистикалық білім берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу жоқ. 
Қазақ тілі оқулықтарында да белгілі ғылыми жүйе жоқ. Мысалы, 5-сыныптың оқушысы өзінің жас ерекшелігіне қарай тіл мәдениетін, әдеби тіл нормасын сақтап, ауызша сөйлей алуы, ойын қағазға жаза білуі керек. Демек, мектепте тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» секілді салалары оқушылардың жас ерекшелігі мен олардың жеке тұлға ретінде қалыптасу психологиясын ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай, жүйесін бұзбай оқытылуы керек.
Қазақ мектебінде қазақ тілін оқытуға қажетті сағат саны жеткілікті екеніне қарамастан оқушыға лингвистикалық білімді жас ерекшелігімен спиралдық әдіс арқылы оқыту жүзеге аспай тұр. Осының салдарынан оқушыда коммуникативтік дағды дұрыс қалыптаспайды, грамматикалық білім толық берілмейді. Бұлай оқытудағы кемшілік – 5-сыныпта фонетиканы өтті ме, ол 11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды. 
«Филология» мамандығының білім беру бағдарламасында да қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің санына ортақ талап жоқ. Әр жоғары оқу орны ­профессор-оқытушыларының әлеуетіне қарай білім беру бағдарламаларын өз ­қалауын­ша дайындайды. Бұл дұрыс емес, бір мамандыққа арналған бағдарлама еліміз бойынша бәріне ортақ болуы керек. Бағдарлама болашақ маманның бойында болуы тиіс құзыреттіліктерге негізделіп жасалуы қажет. 
Жоғары оқу орындарында тілдік емес мамандықтардың қазақ тобына да қазақ тілін міндетті кәсіби пән ретінде оқыту керек. Яғни тілдік емес мамандықтардың қазақ тобындағы студенттер қазақ тілін кәсіби түрде меңгерсе, болашақта қазақ тілін сол салада ғылым тілі ретінде дамытатын, терминологиясын жүйелейтін білікті маман болып қалыптасар еді.
Қазақ тілі мен әдебиетін ең көп оқытатын орта – мектеп. Алайда оның білім беру стандарты қажетті деңгейде жасалмай, соның негізінде бағдарламасы да кемшін әзірленген. Қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған бағдарламаның кемшіліктерін жөндеп, қазақ тілі пәнін оқытудың мақсат-міндетін қайта өзектендіру аса маңызды. Сондай-ақ қазақ тілі пәнін орта мектепте оқыту мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас жүйесіне кіретінін және оның мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың басты негізі екенін қаперде ұстауымыз қажет.
Біз осыған орай еліміздің барлық қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарындарының қазақ топтарында грамматиканы оқытудың ұстанымдарын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың әдістемелік негіздерін, орта мектептегі қазақ тілі пәнінің мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлік жүйесіндегі орнын қайта қарап, ең бастысы қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың тұжырымдамасын ­қабылдауға ықпал жасауыңызды сұраймыз», – делінген үкімет басшысына жолданған депутаттық сауалында. 

 

полный текст: anatili.kazgazeta.kz/news/64662

Поделиться