Выступление в поддержку Кадырбека М.Б. на пленарном заседании Сената по законам Об обеспечении прав женщин и безопасности детей
Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңдар мемлекеттің отбасылық саясатының тиімділігін арттыруға, отбасы институтын нығайтуға, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға және тұрмыстық жағдайда зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғау, оларға қарсы қылмыстардың алдын алу, олардың құқықтарын қорғау үшін жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрес, олардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударады.
Осылайша, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында Президент елдегі әрбір баланың бақытты және қауіпсіз балалық шағы болуы тиіс екенін және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату керектігін атап өтті.
Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Отбасындағы салауатты қарым-қатынастар ғана адамның толыққанды дамуына кепілдік бере алады, ал осы саладағы қолайсыз жағдай бала тәрбиесіне кері әсерін тигізіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың өсуіне әкеліп соғады.
Отбасы деген шағын ғана мемлекетіміздің берік те бақытты болуы үшін, ең бастысы балаларды бақытты ету керек, бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ер жетеді.
Баланың әлемі нәзік және қорғансыз екені белгілі, ол зұлымдыққа, зорлық-зомбылыққа, өтірікке қарсы тұра алмайды. Оған сенімді қолдау және тиімді қорғаныс қажет. Балалар өздеріне тән физиологиялық, психологиялық даму деңгейі мен өмірлік тәжірибесінің жеткіліксіздігіне байланысты ересектердің күнделікті қамқорлығын, ал мемлекет тарпынан - әлеуметтік қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қажет етеді.
Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің міндеттері адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылатынына назар аударғым келеді. Осыған байланысты, әйелдер мен балалардың құқықтарын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату негізінен осы міндеттерді шешуге бағытталғанын да атап өткен жөн.
Қосымша айтатын болсақ, заңмен енгізіліп отырған маңызды ережелер мен жаңашылдықтарды қоғамымызда ақпараттық-түсіндіру жұыстарын белсенді түрде жүргізіп, осы тақарыпта құқықтық сауаттылықты көтерудің маңызы зор деп санаймын. Осы орайда құзіретті мемлекеттік органдарға қаралып отырған заңдардың сақталып, орындалуын, құқық бұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында мынадай шаралар қолдану ұсынылады:
- зорлық-зомбылық тақырыбындағы оқу-ағарту жұмыстарын мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап барлық деңгейлердегі білім беру ұйымдарында жүргізу қажет. Себебі балалар зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда не істеу керектігін, қайда қоңырау шалып, кімге хабарлау керектігін білмей жататын жағдайлар орын алып жатады;
- бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін, оған төзбеушілік туралы түсіндірген жөн;
- интернет кеңістігіндегі қауіпсіз мінез-құлық туралы да ақпараттық компаниялар жүргізіп, балаларға цифрлық сауаттылық дағдыларын үйреткен жөн.
Айтылғандарды ескере келе, мен қаралып отырған Заңдарды қолдаймын және әріптестерімді де оны қолдауға шақырамын.