Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Қызылорда облысының тұрғындары сенаторлардан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты сауал қойды

10.01.2020 0

Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов жұмыс бабындағы сапармен Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Жалағаш кенті мен Бұқарбай батыр ауылында және Сырдария ауданындағы Сырдария кентінде болды.

Жүздесуде Сенат жұмысының ашықтығы туралы айтылып, Палатаның жалпы отырыстары мен комитеттердің кеңейтілген отырыстары тікелей эфирде көрсетілетіні жария етілді.

- Заң жобасын талқылау барысын ғаламтордан барша қазақстандықтар көре алады. Өткен жылы «Педагог мәртебесі туралы» және халықтың денсаулығына қатысты заңдар халық арасында кеңінен талқыға салынды. Осындай мәселелерді талқылауда халықтың пікірі, ұсынысы біз үшін маңызды, - деді Мұрат Бақтиярұлы. - «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздардың сапалы білім беруі және оларды артық жүктемеден арылту үшін қабылданып отыр. Мұғалімдердің ар-намысына тиіскендерге қатысты жауапкершілік күшейтіліп, тиісті мөлшерде айыппұл төлейтін болады. Ұстаздар қауымын әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету де қолға алынып отыр.

Одан басқа, елімізде жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, көлікті мас күйінде жүргізген адамды 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру туралы өзгерістер бар. Осылай заңдық тұрғыдан талап күшейгенде ғана қылмыс азайып, жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші төмендейтін болады.

Депутаттар аймақты аралау барысында И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейге арнайы барып, ауыл тұрғындарымен, мұғалімдермен, медицина қызметкерлерімен, аудандық және облыстық мәслихат депутаттарымен, шаруа қожалықтарының өкілдерімен, сондай-ақ ауыл ақсақалдарымен кездесті.

Сенаторлар сонымен бірге тұрмыстық және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа, нашақорлыққа, адам өліміне қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту шараларын атап өтті. Жүздесуде ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Тұрғындар «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының қабылданғанына ризашылығын білдіріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға және зейнетақы мен еңбекақыға қатысты сауал қойды.

Сенаторлар кездесуде айтылған өзекті мәселелер бақылауда болатынын айтып, маңызды тақырыптар Парламент Сенатында талқыланатынын жеткізді.

Кездесу барысында аудан әкімдері жаңа жылдың алғашқы жұмыс күндерінде ауданға сапармен келіп, халықпен жүздескен Парламент Сенатының депутаттарына алғыс айтып, жұмыстарына тілектестігін білдірді.

Бөлісу