Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Армения Республикасындағы парламенттік сайлауда ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан (ПАА) халықаралық байқаушылар тобының үйлестірушісі міндетін ресми түрде бастады. Сайлау 7 маусымда өтеді. Ассамблея кеңесі оны тағайындау туралы шешім қабылдады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында Халықаралық қоршаған орта күні қарсаңында Астанада, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында TALDAU қоғамдастығының ұйымдастыруымен экологиялық шара өтті.
Бүгін Атырауда Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның XII отырысы өтті. Жиында қатысушылар Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін орнықты басқару мәселелерін талқылады. Сондай-ақ сенаторлар өңір жұртшылығымен және бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандардың еңбек ұжымдарымен кездесті.
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен өзен көлігін дамыту және бірлескен халықаралық жобаларды іске асыру мәселелеріне арналған кеңеске қатысты.
Сенатта Нұрлан Бекназаровтың төрағалық етуімен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысы болды. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қаралды.
Астанада алғаш рет «Astana 2026 World Boccia Cup» боччадан халықаралық беделді турнир өтіп жатыр. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде жалауы желбіреген жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев қатысты.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыс өткізіп, онда «Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қарады.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін экономикаға тиімді тарту ісіне цифрлық технология мен бөлудің ашық тетіктерін және тұрақты жер пайдалану қағидаттарын қолдану мәселесі бойынша кеңейтілген отырыс өткізді. Оған мүдделі мемлекеттік органдардың, облыс әкімдіктерінің өкілдері, мәслихат депутаттары, сондай-ақ сала сарапшылары қатысты.
Жапонияда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибигүл Жексенбайдың жапон парламентінің мүшелері Ямамото және Хондамен кездесулері өтті. Тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту, парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ еліміздегі саяси жаңғырудың өзекті бағыттарын талқылады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің тәрбиеленушілеріне Палата ғимаратын таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды.
Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының тұрғындарымен кездесті. Депутат сапар барысында аудан активімен жүздесті және мәслихат хатшысымен әңгімелесті. Ол сондай-ақ AMANAT партиясының филиалында болып, өңірдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін талқылады.
Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай Жапонияға жұмыс сапары аясында Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты атанған атом және сутегі бомбалары құрбандары ұйымдарының Жапон конфедерациясы – Nihon Hidankyo ұйымының басшылығымен кездесті.
Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті. Онда депутаттар Палатаның 4 маусымға жоспарланған отырысының күн тәртібін айқындады.