Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Депутаттар химия өнеркәсібін дамытудың жай-күйі мен келешегін талқылады

14.10.2020 0

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті химия өнеркәсібін дамыту келешегінің проблемаларына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өнеркәсіптің әлеуетін толық пайдалану Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет екені атап өтілген болатын.

«Қазақстанның химия саласы ауыл шаруашылығында, құрылыста, мұнай өнеркәсібінде, тамақ өндіру саласында, фармацевтикада және т.б. салаларда көрініс тауып отыр. Түрлі тұтыну заттарын жасауда да саланың өнімдері кеңінен қолданылады. Химия өнеркәсібі өз кезегінде өңдеуші өнеркәсіптің оң қарқынмен өсіп келе жатқан саласының бірі болып табылады. Қазіргі заманғы жаһандық және ішкі трендтер жағдайында химия өнеркәсібі бірқатар жүйелі проблемалар мен оның бұдан былайғы тұрақты дамуына әсер ететін тежеуші факторларға тап болды», - деді Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков.

Депутат Әлімжан Құртаев химия өнеркәсібі - бұл экономиканың өнімділігі жоғары әрі инвестицияның қайтымы тез маңызды секторы екенін атап өтті.

«Қазақстанның мұнай-газ кешенінің басым міндеті шикізат сату емес, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын құрылымдық қайта құру және көмірсутегі шикізатын тереңдете қайта өңдеудің жоғары сапалы өнімдерімен алмастыру мақсатында мұнай-химия кәсіпорындарын салу болуы тиіс. Қазақстан үшін химия өнеркәсібінің стратегиялық маңызы бар. Ішкі нарықтағы химия өнімдеріне деген қажеттілік жылына 3,5 млрд. долларды құраса, жыл сайын шамамен 2,4 - 2,8 млрд. доллар тұратын химиялық өнімді импорттайды. Қазақстан бірқатар химиялық зауыттар құруға міндетті», - деді сенатор.

Депутат мұнай өндіру кезінде көп мөлшерде тиімді өңдеуге болатын ілеспе газдың босқа жағылатынын еске салды. Бірақ отандық мұнай-химия ішкі нарықтың тек 20%-ын ғана қамтамасыз етеді.

Әлімжан Құртаевтың айтуынша, химия өнеркәсібі саласындағы жетістіктер машина жасау, автомобиль жасау, аэроғарыш өнеркәсібі, энергетика, орман шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

«Қазақстан шикізат базасы бойынша бәсекелі артықшылықтарға ие бола отырып, өтпелі кезеңде минералдық тыңайтқыштарды әзірлеу және мұнай-газ химиясы секторында әлеуетті құру үшін өз ғылыми базасын дамытуға көшу қажет. Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған үдемелі-индустриалды даму бағдарламасы 2019 жылы қабылданды. Аталған бағдарламада өңдеу өндірісінің барлық бағыттары қамтылған. Дегенмен, жұмсалған инвестиция жылдам, әрі бірнеше еселеніп қайтатын, бюджеттің кіріс бөлігін қомақты етіп толтыратын химия өндірісіне ерекше көзқарас керек, сол арқылы бюджетті айтарлықтай толықтыруға болады», - деп атап өтті Әлімжан Құртаев.

Дөңгелек үстел барысында айтылған барлық мәселелер, ұсыныстар мен ескертулер қаралып, зерделенеді және Үкіметке, уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынымдар мен депутаттық сауалдар түрінде жіберілетін болады.

Отырысқа мемлекеттік органдардың, химия өнеркәсібі кәсіпорындарының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және ғалымдар қатысты.

Бөлісу