Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Новости

Түрік әлемінің үздік математиктері Астанада бас қосты

06.10.2017 0

Түрік әлемінің үздік математиктері Астанада бас қосты

 

Астанада түрік әлемінің математика қоғамының VI Конгресі өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазанның 2-5 аралығында өткен шараға 20 елдің 100-ден астам көрнекті ғалымдарын қоса алғанда, барлығы 500-ден аса адам қатысты.

Конгресстің ғылыми секциялары математиканың барлық негізгі бағыттарын қамтыды. Төрт күн ішінде ғалымдар алгебра және математикалық логика, геометрия және топология, функция теориясы, дифференциалды теңдеулер мен математикалық физика, ықтималдылық теориясы мен математикалық статистика, есептеу математикасы, басқару теориясы мен оңтайландыру әдістері, математикалық модельдеу, ақпараттық технологиялардың теориялық негіздері, түрік халықтарының математиканы оқыту тарихы мен әдістемесі сияқты бағыттар бойынша өзекті мәселелерді талқыға салды. Конгресстің жұмысына түскен 507 баяндаманың 320-сы тыңдалған болатын.

Конгресстің барысында «Functional analysis in interdisciplinary applications» халықаралық конференциясы, «Inverse and Ill-posed Problems and its applications» шағын симпозиумы, «Non-associative algebras and combinatorics» және «Mathematical Modelling» тақырыптарындағы семинарлар сияқты ерекше шаралар өтті.

Шараға төрағалық еткен Қазақстанның математика қоғамының президенті Бақытжан Жұмағұлов түрік әлемінің математика қоғамының VI Конгресі жұмысының жемісті болғандығын атап өтті.

«Бүгінгі таңда адамзат баласы математикалық модельдерді, ақпараттық технологияларды, компьютерлік, сандық жүйелерді өмірдің барлық салаларында дерлік кеңінен қолданып жүр. Біздің өміріміздің белсенді түрде сандарға айналуы математика ғылымының жетістіктеріне негізделеді. Бүгінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі математика ғылымының дамуына үлкен көңіл бөледі. Біз Конгресстің күн тәртібіне қойылған барлық сұрақтарды қарастырдық. Өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқыладық. Көптеген елдермен пікірімізбен, тәжірибелерімізбен алмастық. Аталмыш конгресс барысында шығарылған ортақ шешімдер түрлі елдердің ғалымдары арасындағы байланысты нығайтып, заманауи математиканың өзекті проблемаларын шешудің тиімділігін арттыратынына сенімдімін», - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Сондай-ақ, Конгресс барысында түркітілді елдердің математикалық қоғамы басқармасының отырысы өтті. Онда қоғамның жаңа құрамы сайланған болатын.

Қатысушылар бірауыздан түркітілді елдердің математикалық кеңесінің келесі мерзімге президенті етіп танымал ғалым-математик, академик Бақытжан Жұмағұловты сайлап, келесі Конгресстің өтетін орнын анықтады. Түрік әлемінің математика қоғамының VIІ Конгрессі Өзбекстанда өтеді деп шешілді. Конгресс жұмысының қорытындысы бойынша математика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан жетекші ғалымдар мен жас математиктер дипломдармен марапатталды.

Айта кетейік, түрік әлемінің математика қоғамының конгресстері 3 жылда 1 рет өтеді. Алғашқы Конгресс 1999 жылы Түркияда өткен болатын.

 
https://egemen.kz/article/159382-turik-alemininh-uzdik-matematikteri-astanada-bas-qosty


 

Бөлісу