Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Азаттықтың бастауы

12.09.2020 0

Нұрлан Қылышбаев,

ҚР Парламент Сенатының депутаты:

 

Азаттықтың бастауы

 

         Адам баласының тарихындағы заңдардың желісіне көз жүгіртер болсақ ғасырлар бойы зулаған уақыттың тезіне төтеп бергендері тіптен аз екендігін көреміз. Тіршіліктің тауқіметін тартқан талай ұлыс пен ұлт, көптеген халық пен мемлекет өз ішіндегі тәртіпті нығайту үшін бұлжымас қағида, берік ұстаным қалыптастырғаны белгілі. Бұл жөнінде біздің жыл санауымызға дейінгі VII-IV ғасырларда өмір сүрген Анахарсис бабамыз: «Еркін адам дегеніміз – өз қалауымен, өз заңдарымен өмір сүретін адам» – деп сол бір тартысқа толы кезеңдегі ұстанымнан хабар береді.

Шынында темірдей тәртіпке бас иіп, бірлесе қадам басқанда ғана дамудың жоғарғы сатысына көтерілуге болатынын тарих дәлелдеген. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған құл болмас» деген сөзі бұған нақты мысал.

Ұлы Дала атанған кең атырапта талай мемлекеттер мен хандықтардың, патшалықтар мен ұлыстардың тартысқа толы күндері өткені белгілі. Солардың ішінде Ғұн, Сақ, Үйсін патшалығы, Қарлұқ, Қараханидтер дәуірі, Шыңғысхан, Алтынорда, Ақорда, Көкорда, Ақсақ Темір хандығы, Моғолстан, Қазақ хандығы сынды аты әлемге таралғандары бар. Олардың бәрі де өзінің заңымен, бұлжымас қағидасымен өмір сүрді. Мысалы, «Жан мен тәнім шаршаса да, жамағатым азбасын. Қара басым қажыса да, қағанатым тозбасын!» – деген өлмес сөз қалдырған Шыңғысхан ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен құрған алып империясын «Ұлы жасақ заңдары» деп аталатын әскери-құқықтық заңдар жинағымен басқарған. Сол заманда өмір сүрген атақты араб ғалымы ибн әл-Әсир өз еңбегінде: «А.Македонский он жылда құра алмаған мемлекетін Шыңғысхан екі-үш-ақ жылда құрып үлгерді... Шыңғысханның «Яса» заңында «әр алуан діндер, әртүрлі тайпа-ұлыстар тең құқықты, ұқсас құрметке ие болады», – деп дәріптелген. Сондықтан, Шыңғысханға бағынышты ұлы түрік империясындағы сунийлер мен шиіттер, буддистер мен яһудилер, христиандар, түріктер, армяндар бір кісідей өмір кешті. Бұған сырттан келгендер қайран қалатын...» – деп жазады.

Шыңғысханның ұрпағы өле-өлгенше «Ұлы жасақты» бағынып, берік ұстануға тырысқан. Халықаралық құқық, мемлекеттік және әкімшілік құқық, қылмыстық құқық, сауда құқығы, сот құқығы, заңды бекіту сияқты баптардан тұрған «Ұлы жасақта» «Мемлекет ішіндегі жай-жағдаяттардан дер кезінде хабардар болып отыру үшін нояндар мен сұлтандар байланыс жүйесін жолға қоюға міндетті», «Ешкімнің де нояндар мен сұлтандар және басқа да шонжарлардың Жалпы кеңесте алдын-ала сайлауынсыз қаған жариялануға құқы жоқ. Мұндайда өлім жазасына бұйырылады» – деген талқыланбайтын нақты бұйрықтар бар. Оның бәрі де мемлекет іргесінің беріктігі үшін жасалғаны анық. Шыңғысхан құрған алып империяның тілін табу үшін Гильом Рубрук, Марко Поло, Поло Карпини сынды еуропалық саяхатшы-тыңшылардың «Кодекс Куманикус» еңбегін тәржіман ретінде пайдаланғаны шындық. Қазіргі күні түпнұсқасы Венециядағы Қасиетті Марк шіркеуінің кітапханасында сақтаулы тұрған рухани мұра тарих қойнауына кеткен кер заманның өзіндік ұстанымы, бекіген заңы болғандығына берік дәлел.

         Кейіннен аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан өткерген халқымыз қазақ хандығын құрып, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» секілді берік ұстанымнан айнымаса, XVII ғасырда Күлтөбенің басында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды ақ сақалды, ақ тілекті жандардың қолдауымен Тәуке ханның «Жеті жарғысын» қабылдады. Ондағы қағидалар жаугершілік заманның үдесінен шығып, «ердің құны жүз жылқы» сынды салықпен өлшенді. Жазалы болғандарға дүре соғылып, ел ішінде азғындық жасағандар өлімге кесілді. Ондай қатаң жаза елдің тыныштығын сақтап, халықтың ықылас-пейілінің бұзылмауын ойлаудан туған еді. Әрбір рудың телісі мен тентегін сол елдің қабырғалы билері жазалап, сорақылықтың тамырын тереңге жайдырмай отыратын. Қыстайтын қыстауы мен жайлайтын жайлауын арнайы таңба белгімен нышандап, ата қонысына иелік етуді қазақы пайыммен ұстанған халқымыз ұлан-байтақ жерді көздің қарашығындай сақтап, кейінгіге мұра ретінде қалдырды. «Жер дауы мен жесір дауын» жиі қараған билер жайында ел ішінде «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген тәмсіл сөз қалды. Руға бөлінбейтін қазақтың рудан құралатынын сол күндердегі ынтымақ пен ырыс, ауызбіршілік пен келісім айғақтайды. Ошақтың үш бұтындай болған Үш Жүз түгелдей берік ұстанған ұстаным жайында қазақ әдебиетінің классигі саналатын қаламгер Ғабит Мүсірепов: «Біз XV ғасырда «қазақ» деген ел болып біріккенімізді Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырған ел едік. Бірігеміз, бір ел боламыз деп анттасқанымыз да сол, конституциямыз да сол – тасқа басылған таңба!» – деп жазды.

Тағдырдың тауқіметін тартып, жоңғар шапқыншылығынан аман-есен қалған халқымыз Аңырақай шайқасында тұяқ серпіп өлуге бел буғаны тарихи ақиқат. Жаратқан Алланың қолдауымен, қиыннан қиыстырар ерлердің қуатымен қазақтың айбыны асқақтады, абыройы өсті. Соның бәрінің артында өскелең ұрпағының «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманды» көргенін армандаған ақ жаулықты ананың жанашыр тілегі, ақ сақалды қарияның ақ батасы жатыр десек қателеспейміз. Иә, баласын өскенше, немересін өлгенше бағатын қазақтың қазыналы қарттары аман болсын, ұрпақ сабақтастығы ұлттық құндылықтың негізіне айналатыны анық.

         XIX ғасырдың келуі жаңа заман талабынан хабар беріп, көшпенді тіршіліктің қызығын көрген қазақты әлемдік өркениеттің көшіне еріксіз қосты. Бірінші дүниежүзілік соғыстың тұсында ақ патшаның «июнь жарлығына» қарсылық танытқан халықтың болашағын ойлаған ұлт зиялылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгеров, Барлыбек Сырттанов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов қазақ елінің болашағы жарқын боларына үлкен сенім артты. Соның әсерімен Барлыбек Сырттанов Алаш Конституциясын жазып, еліміздің алғашқы Ата Заңының іргетасын қалады. Алайда қылышынан қан тамған кеңестік кесір идеология асыл арманның жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Алашорда үкіметінің негізін қалаушылардың Қазақ АСР-ын құру жөніндегі ұсынысын жүрдім-бардым орындаған большевиктер ақырында олардың бәрін түгелдей атты, асты, итжеккенге айдады. Сүттің бетіне шығар қаймақтай асыл ұландар саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. Бұған шетелге бой жасырып, Еуропада көз жұмған Мұстафа Шоқайдың мына сөзі дәлел: «Тарих рақымсыз. Ол – ғұламаны да, бiлгiрдi де, өнер иесiн де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердiң бәрiн езiп-жаншып жүре бередi. Тарих заңдары керi қайтуды бiлмейдi және оны жаратпайды». Дәл осылайша КСРО атты алпауыт мемлекеттің заңдары есігіне құлпы салмаған, даласында түрме болмаған кең байтақ сайын далаға темірдей тәртіп орнатып, қарсы келгендерді құртып тынды.

Ол да бір өткен дәуір. Қанша жек көргенімізбен кеңестік кезеңді жоққа шығара алмаймыз. Қалай болғанда да бұл біздің тарихымыз. Бәлкім Жаратқан Алла Тағала коммунистік режим арқылы жаз жайлауға көшіп, күз бен қыста бұйығыңқы тірлік кешкен қазақ халқына әлемдік өркениеттен тыс қалмауды осылайша үйретсе керек. Қазіргідей технология қарқынды дамыған кезеңнің биігінен көз жүгіртсек осыдан жүз жыл бұрынғы заман талабына үйлескен қазақтың дүниетанымы, білімі, ұстанымы қандай болғанын байқау қиын емес. Баршаны білім алуға үндеген кеңестік идеология алпауыт мемлекетте ешкімнің сауатсыз болуын, жұмыссыз жүруін қаламады. Соған сай жалпы білім беретін орта мектепті бітірген әрбір адам ғылымның барлық саласынан хабардар болып шығып жатты. Әсіресе, мемлекеттік Рәміздер, Конституция, құқықтану, алғашқы әскери дайындық сынды пәндерді сүйіп оқушылар көп еді. Өйткені, орталыққа бағындырылғанына қарамастан Кеңес Одағының құрамында өмір сүру ғасырлар бойы мемлекет болуды аңсаған ата-баба арманының орындалғанындай әсер бергені жасырын емес.

1926 жылы алғаш қабылданған Қазақ КСР Конституциясына кейін 1937 жылы, 1978 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. КСРО атты алпауыт мемлекет тарап, оның құрамындағы 16 одақтас республика өз алдына дара мемлекет болған шақта Қазақстан Республикасы Конституциясын тұңғыш рет 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдады. Кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрған Конституция халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдарын – Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттарды тану сынды көптеген құқықтық нормаларды қамтыды. Соған сай еліміздің басты саяси бағыты парламенттік республика деп танылды. Соның өзі бүгінгі күні тарихқа айналды.

Кейін 1995 жылы 30 тамызда республика бойынша бүкілхалықтық референдум өтіп, еліміздің жаңа Конституциясы жаңаша үлгіде қабылданды. Өйткені, оның алдыңғы, 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы сапалы мазмұнында жатты. Оған алғаш рет азаматтық құқықпен бірге адамның жарық дүниеге келген сәттен басталатын ажырамас құқығына қатысты баптар енгізілген-ді. 9 бөлім мен 98 баптан тұратын Ата Заңның алғашқы бабының: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталуының өзі елімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары жоғары бағаланатынынан хабар берсе керек. Шынында әрбір мемлекеттің басты байлығы азаматтары екендігі белгілі. Ендеше, ежелден еркіндікті аңсаған, ертеден азаттыққа қадам басқан қазақ халқының басты ұстанымы – әрбір жанның емін-еркін өмір сүруіне, көкірегін тербеген ойын ашық білдіруіне, өз қалаған іспен айналысуына мүмкіндік жасау бүгінгі күні орындалған ақиқат деп білемін. Бұған халқының келешегі үшін көз ілмеген, түн ұйықтамаған, күндіз отырмаған Әлихан Бөкейхановтың: «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» – деген сөзі дәлел болады.

Әлемдік саяси аренада өз орнын ойып тұрып алған елімізді бүгінгі дүниежүзінің халқы тыныштықтың, тұрақтылықтың, бейбітшіліктің мекені ретінде таниды. Оған соңғы 30 жылдың ішінде елімізде өткен халықаралық ауқымды да маңызды шаралардың нәтижелі өтуі мысал. «Бірлік бар жерде тірлік бар» екендігін жақсы ұғынған халқымыз тату-тәтті тіршілік кешуге, ымыралы ынтымаққа жетер ештеңе жоқтығын біледі. Көрнекті заңгер Сұлтан Сартаевтың: «Тәуелсіздік алған елге бірлік керек. Заманымыздың қиыншылығына қарай ақылдан бұрын ашу жүрмесін. Ашу кернеп, жалаң тілді алға салмайық. Әр істеген ісімізде ой қорытындысы, парасаттылық болсын. Әлеуметтік, саяси, экономикалық бостандықты орнықтыру, жаңалыққа жол ашу үшін күпірлі сөзден аулақ болып, дүбірлі ортақ істің бабын баптап, халқымыздың қажыр-қайратын жасампаздық арнасына бағыттап, ел алдындағы парызымызды орындайық, қарызымызды қайтарайық», – деген сөзі мыңдаған жүректерден орын алып, ел мен жердің өркендеуі жолында айнымас қағида қызметін атқарып келеді.

Қазақта: «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген жақсы сөз бар. Үлкеніне құрмет, кішісіне ізет көрсетуді ұлттық тәрбиенің негізіне айналдырған халқымыздың көп жасағаннан емес, көп көргеннен ақыл сұрайтын әдеті бар. Сондықтан да болар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқан пікірлерді мысалға алудан танбаймыз. Өткен жылдардағы бір Жолдауында «...саяси жаңару процесі ең әуелі биліктің заң шығарушы тармағының саяси беделін күшейтуді талап етеді. Мұны қолданылып жүрген Конституцияның шеңберінде атқарған жөн және солай істеу қажет. Конституцияның әлеуеті әлі де толық пайдаланылып біткен жоқ» – деген болатын. Расында қабылданғанына 25 жыл толып отырған Ата Заңымызды ұлы мақсаттарды орындауға жұмсап, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге пайдалануымыз керек. Оған Конституциямыздың әлеуеті жетеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Конституция күніне орай құттықтауында:

«Қазақстан тұтас құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жүйені қалыптастырып, жан-жақты жаңғыру жолына түсті. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Ұлт жоспары мен институционалдық реформалар соның негізін құрайды.

Біздің мақсатымыз – экономиканың сапалы өсімін және халықтың әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз етіп, тұрмыс деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру.   Ата заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді» – деген еді. Міне, алдыңғы тарихтан сабақ алып, кейінгінің кемел келешегі үшін қадам басқан мемлекет басшысының айнымас сөзі, бұлжымас серті осылай айтылса керек-ті.

Азаттықтың мөлдір бастауындай болған Ата Заң – Конституция күні осылайша жарқын болашағымызға берік негіз бола бермек!

Бөлісу