Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымымен кездесті.

04.05.2021 0

Парламент Сенатының бір топ депутаттары «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымымен кездесті. Сенатор Нұртөре Жүсіп, Ләззат Сүлеймен, Динар Нөкетаева, Сұлтанбек Мәкежанов серіктестікке қарасты басылымдардың бас редакторларымен өткен кездесуде баспасөздің бүгінгі мәселелерімен танысты. Депутаттар өз кезегінде Палатаның заң шығару қызметі, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге арналып Сенат ұйымдастырған Парламенттік тыңдаулар туралы журналистерге айтып берді.

«Ұлттық құндылықтарды ілгерілетуде дәстүрлі БАҚ алдыңғы қатарда келеді. Қазақ тілі, ділі, мәдениеті, әдебиеті, тарихы, бүгіні мен ертеңіне қатысты мәселенің барлығына республикалық, аудандық газеттер жанашырлықпен мәселе көтереді. Соның нәтижесі бойынша Үкімет қордаланған мәселелерге мониторниг жүргізіп, кезең-кезеңімен шешіп отыруы қажет», – деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор сондай-ақ пандемия жағдайында дәрігерлер мен мұғалімдердің белсенді жұмысын атап өтті. Ол жанқиярлықпен еңбек еткен баспасөз қызметкерлері назардан тыс қалды деп санайды.

«Пандемия жағдайында дәрігерлер, мұғалімдер алдыңғы шепте болды. Оларға әлеуметтік жағынан қаншама көмек көрсетіліп, қаржылай қолдау берілді. Ал, журналистер ше? Басын қатерге тігіп, алдыңғы шепте жүріп, ақпарат таратып, індет ошағында жұмыс істеді. Мысалы, былтыр пандемияның алғашқы толқынында қаншама мықты журналист, қаламгер азаматтардан айрылып қалдық. Олардың қатары сиреп жатқан тұста «руханияттың жоқшысы кім болады?», - деді Нұртөре Жүсіп.

Кездесуге қатысушылар ұлттық тәрбие, ұлттық бірегейлік пен жаһандану жағдайында тіл, діл тазалығын сақтап қалу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жер қатынастары, балалар басылымының жай-күйі, жалпы баспасөзге жазылу тақырыбы да жан-жақты көтерілді.

Сенаторлар ұлттық құндылықтарды сіңірудегі ұлттық баспасөздің қарашаңырағына айналып отырған ұжымға алғыс айтты. Депутаттар сондай-ақ журналистер көтерген мәселелер алдағы уақытта тиісті назарда болатынын жеткізді.

Бөлісу