Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Атырау облысындағы Сарайшық қалашығында тарихи ескерткішті сақтап қалу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы бағдарлама дайындау қажеттігі туралы Ғ. Дүйсембаев 2021 жылғы 22 сәуірдегі отырыс барысында депутаттық сауал жолдады.

22.04.2021 0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет» дей келе, алдымызда атқарылар мәселелерді орынды атап өтті.  Осы мақсатта мемлекет тарихының асыл қазыналары Түркістан, Отырар, Берел, Таңбалы, Ұлытаудағы тарихи ескерткіштерге айырықша назар аударуы құптарлық.

Жалпы әлемдегі дамыған елдердің бәрі өзінің тарихына қатысты естелік-мұраларын сақтауда, оны болашаққа әз қалпында жеткізу мақсатында қаржыны да аямайды. Өйткені бұл артефактар  мемлекет тарихының мәдениет деңгейін қаншалықты тереңнен басталатындығының куәсі. Осындай тарихи құндылықтары сақталған ел онымен танысуға, көруге қызығулық тудырады. Ол әрине туризм арқылы ел экономикасына зор пайда әкеледі. Осы бағытта Алтын Орда, ол ыдыраған соң орнында пайда болған  Қазақ хандығы тарихына Бату хан негізін қалаған Ноғай Ордасы, Қазақ хандығын астанасы болған Сарайшық қаласы тарихи маңызға ие болған. Қазақ мемлекеттілігінің іргесін бекітуде бұл саяси объектінің орны да, мәні де зор.

Сарайшық Ұлы Жібек жолындағы Еуропа мен Азияны байланыстырған экономикалық көпір болды. Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ Хандығы билеушілерінің пантеоны. Алтын Орда хандары Мөңке Темір, Тоқты, Жәнібек, Бердібек, Тоқтамыс ханның басы, қазақ хандарының атасы Барақ хан,  Қасым ханның мәңгілік мекені осы қала болыпты.Түркі халықтарына белгілі тұлғалар Жүсіп бидің қызы, Қазан ханшасы - Сүйінбикенің, қазақ-орыс дипломатиясының басында тұрған Оразмұхаммед сұлтан Онданұлының, Бөкей Ордасының ханы - Жәңгір Бөкейұлының туған жері.

Міне, ортағасырлық Сарайшықтың осындай ерекшеліктерін есепке алсақ, қаланың тереңдей зерттелуіне және оның туризм аймағына айналуына мемлекеттік деңгейде назар аудару қажет. 

Алдымен, ескерткіш аумағында меншік құқығы өзгертілуі керек.         2017 жылы «Қазаққайтажаңарту» мекемесі жасаған «Ортағасырлық Сарайшықтың қорғау аймағы» құжатын басшылыққа алсақ, оның көлемі      51,2 га екен. Қала үстінде мұсылман зираты және Ескі Сарайшық ауылының жеке меншіктегі жерлері бар үйлері орналасқан. Ескі Сарайшық ауылында      90 үй бар. Ауыл тұрғындарын басқа жерге көшіру мәселесі жиі көтеріліп жүргенімен, нақты көшіру жұмысы қолға алынбаған. Оған бюджетте әлі қаржы қарастырылмаған.

Одан кейін, 1996-2006 жылдары белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілігімен жүргізілген қазбалардан соң ХІV ғасырда салынған 40 шақты бөлмеден тұратын кешенді сарай ғимараты (дворцовый комплекс) ашылған болатын. Оны музейлендіру жұмысы әлі күнге дейін қолға алынбады. Осы істі жүзеге асырып, ғимаратты сақтап қалу керек. Қазба жұмыстарымен қатар реставрациялау жұмыстарының жүруі көне Сарайшық үшін аса маңызды. Жасалынатын реставрациялық әдістер жергілікті табиғат жағдайларын ескере отырып,  жүргізілген жұмыстардың нәтижелі болуын қамтамасыз ете алуы қажет. Сонымен бірге, ортағасырлық қалаларды музейлендіруде әлемдік тәжірибелерді ескеріп, нақты шешімін тапқаны абзал.

Тарихи ескерткіштің негізгі сұлбасын сақтап, халық игілігіне айналдыру уақыт күтпейтін шаруа екенін түсінуіміз керек. Себебі, уақыт өткен сайын Сарайшық қаласының орнын сақтау мүмкіндігі жылдан жылға азая береді.

Және бір мәселе, ортағасырлық Сарайшықтағы қазба жұмыстарына қаржыны бүгінге дейін Атырау облысы әкімдігі бөліп келген болатын. Ендігі жерде республикалық мекеме жұмысына республикалық бюджеттен жоспарлы түрде қаржы бөлу қажет.

Айтылғандарды ескере отырып Сарайшықты сақтап қана қоймай, оны ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін, туристік аймаққа айналдыру үшін,  осы тұрғыда арнайы бағдарлама дайындауды ұсынамыз.

 

Құрметпен,

Ғ. Дүйсембаев

С. Алдашев

А. Құртаев

С. Лұқпанов

А. Нухұлы

Н. Төреғалиев

Б. Шелпеков

Бөлісу