Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАНЫТҚАН ТАҒЫЛЫМ

08.12.2021 0

Тәуелсіздік Мәкежанов

 

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАНЫТҚАН ТАҒЫЛЫМ

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ» атты мақаласы елге ой салған, жүректерді қозғаған ерекше дүние болды деп айтар едік. Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың тәуелсіз мемлекет құрғанының отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында мұндай тағылымды дүниенің жарыққа шығуының өзінің мән-маңызы зор. Елбасы мақаласында: «Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік» дегенді текке айтып отырған жоқ. Тәуелсіздік жолында қаншама қиындықты бастан өткердік. Азаттық қазақ баласына оңай келген жоқ. Бұл  жолда қаншама бабаларымыз шейіт болды. Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ұзақ жылдар бойғы арманы, мақсат-мұраты. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау – барша қазақ баласы үшін ұлы парыз. Қазақ халқы бар кезде азаттығымыз ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Ең маңыздысы – оларға тәуелсіздік ұғымының парқын білуді, оның түп-тамырын, жайқалған бағын, өсіп-өркендеген өрісін тануды үйрету ләзім. Бұл да аға ұрпақ өнегесінің биігі болмақ. Елбасы осы ұғымды санаға сіңіріп отыр. 

Кейде, оңаша бір сәттерде ғасырларға бергісіз осы отыз жылдың қалай өткені туралы терең ойға берілемін. Тәуелсіз Қазақстанның дербес ел болып қалыптасуының ұлы шежіресі жадымда жаңғырып, санамда тізбектеліп өтіп жатады. Осы уақыт ішінде бағындырған белесіміз, жеткен жетістігіміз Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайланған – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Отыз жылда Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан дамыған елдермен терезесі тең, достық пен келісім салтанат құрған киелі мекенге айналды. Сол тұста қалыптасқан стратегиялық бағыттың, түпкі мақсаттың айқын әрі дұрыс болғанын қазір уақыттың өзі дәлелдеп берді.

«Елу жылда ел жаңа» дейді халық даналығы. Ал, біз айналасы отыз жылдың ішінде жас мемлекетіміздің іргесін бекітіп, шаңырағын тіктеп алдық. Көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынды иеленетін, қойнауы қазынаға толы кең байтақ жеріміздің шекарасын белгілеп, заңдастырып та үлгердік. Әлі күнге дейін шекарасын шегендемеген елдердің бар екенін ескерсек, мезгілінде жасалған бұл шара да Елбасының сыртқы саясаттағы көрегендігі мен кемеңгерлігінің жемісі еді. Елбасы өз қызметіне кіріскен күнінен бастап, «алдымен экономика, сосын саясат» қағидасын жариялады. Осылайша, халқымыздың әл-ауқатын арттыруды, азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғауды шұғыл қолға алды.

 90-жылдары елімізде инфляция көлемі 3100%-ға дейін жетіп, 2 млн адам жұмыссыз қалды. Халықтың 40%-ға жуығы кедейлік жағдайында өмір сүруге мәжбүр болды. Егемендіктің алғашқы сәтінен-ақ дұрыс экономикалық саясаттың жүргізілуі, төл теңгеміздің айналымға енуі біртіндеп ел еңсесін көтере бастады. Өліара шақтан әупірімдеп өткен ел қалағанын сатып ала бастады. Оқу мен ғылымға, мәдениет пен спортқа ден қоятын халге жеттік.  Әлеуметтік саланы қаржыландыру ұлғайып, оның көлемі ішкі жалпы өнімнің 10%-на дейін жетті. Отыз жыл ішінде елімізде мыңдаған мектептер мен денсаулық сақтау нысандары бой көтерді. Жүздеген миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, халықты баспанамен қамту көлемі 1,5 есе артты. Адамдардың өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші 73 жастан асты.

Ашық және нарықтық экономиканың негізі қаланды. Бағыты айқын, саясаты тұрақты Қазақстан экономиканың көлемі және инвестициялар тарту жағынан Орталық Азия өңірінде көш бастады. Отыз жыл ішінде Қазақстанды әлемнің барлық елі таныды. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген беделді халықаралық ұйымдарға толыққанды мүше болды. Әлем елдерімен достық қарым-қатынасы нығайып, экономика, мәдениет, саяси жүйе бір арнаға түсе бастады. Демократиялық құндылықтар дәріптеліп, құқықтық жүйе, заң салалары жетіле түсті. Осындай ұрымтал сәтте елорданы Алматыдан Арқаға ауыстыру идеясы да ешкім күтпеген тосын шешім еді. Әйтсе де, бұл батыл идеяның қаншалықты өміршең болғанын уақыт көрсетті. Осы ретте Елбасының «1993 жылдың соңында мен өзімнің сөйлеген сөздерімнің бірінде Қазақстанның астанасын Алматыдан басқа қалаға көшіру туралы айтып, аңысты аңдадым. Сол кезде мені жаңылып кетті не шамалы шаршаған болар деп ойласа керек. Осы жерде Шарль де Голльдің «Жоғары билік адамды жалғыздық пен мұңға батырады» деген сөзін еріксіз еске түсіресің» дегені ойға оралады. Рас, сол алмағайып кезеңде ел астанасын көшіру туралы ұсынысты қолдаушылар өте аз болды. Бүгінде Арқа төрінде салтанатты қала бой көтеріп, елордамыз халықтың мақтанышына айналды.

Елімізде 1993 жылы жаңа Конституция қабылданып, араға екі жыл салып, яғни, 1995 жылы уақыт талабына сай мемлекеттің бұл басты құжаты жан-жақты жетілдірілді. Президенттік басқару жүйесіне өттік. Биліктің барлық салалары Конституция талаптарына сай қызмет атқарып келеді. Қос палаталы Парламент түрлі деңгейдегі құқықтық қатынастарды реттейтін көптеген заңдар, кодекстер мен құқықтық актілерді мезгілінде қабылдап, мемлекеттік жүйенің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Бүгінде М.Әшімбаев пен Н.Нығматулин жетекшілік ететін бұл заң шығарушы органдар өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруда. Әрбір күні жылға татитын осы уақыт пен ұлы өзгерістердің барлығы да біздің көз алдымызда өтіп жатты.

Нұрсұлтан Әбішұлының Моңғолия астанасы Ұлан Баторға барған кезекті бір сапарында сондағы жиналған қалың топтың арасынан суырылып шыққан қазақ қызы:

«Алты Алашта қол бастар,

Абылайдай аға жоқ.

Жауды жасқап жол бастар,

Жәнібектей дара жоқ,

Азған елге Абайдай,

Ақыл айтар дана жоқ.

«Өтеміз-ау өксумен

Басқаларға таба боп» –

Деп аһ ұрып жүргенде,

Денеде дерт, сана серт.

Келдіңіз бе өмірге,

Еліңізге пана боп,

Сол жобадан табылсақ,

Бізде арман, нала жоқ!» – деп төгілте жөнеліпті. Шет жұрттың ортасында тосыннан айтылған осы бір әділ де әдемі лебізге Елбасы қатты толқыған көрінеді. Дәл мезгілінде тауып айтылған қисынды жырдың салмағы мен тәлімі қандай!? Бұл сол кезеңдегі жер шарындағы әрбір қазақ баласының көкейінде тұрған тілек пен ой болатын.

Уақыт көші жалғасып жатты. Тәу етер тәуелсіздігіміз жайлы әңгіме қозғағанда аяулы Алматыға арнайылап тоқталмасқа әсте болмайды. Елбасының өзі «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» деп текке айтқан жоқ. Тәуелсіздік Алматыда жария етілді. Алып шаһар әлі күнге қазақ елінің қажыр-қайраты мен ұстын-сесі, арай-ажары мен айбынды жебеушісі іспетті. Ел қалай дамыса да, тәуелсіздікке қанша жыл толса да Алматының абыройы мен орны ешқашан ұмытылмайды. Әлі есімде, Медеу ауданының әкімі қызметінде жүрген кезім болатын. Алматылық жастар Тұңғыш Президентті әуежайдан қарсы алып, оның Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында атқарған еңбектері мен жас буынға жасаған қамқорлығы үшін зор алғыстарын білдіруге жиналды. Алматы әуежайында екі мыңға жуық студент жастар Тұңғыш Президенттің ұшағын тағатсыздана күтіп тұрды. Жастардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ешқашан бетпе-бет жолықпағаны белгілі. Бәрі толқулы. Сол кездесудегі Елбасының «Жас ұрпақ, сендер бақыттысыңдар! Мынадай Алматы сияқты керемет қалада оқып, білім алып жатырсыңдар. Бәріміздің Отанымыз біреу. Ол – Қазақстан. Бәріміздің жеріміз біреу. Ол – қазақ елі, ұлы даламыз. Бәріміздің істейтін шаруамыз – тәуелсіздікті сақтап қалу. Бәріміздің ойымыз – бақыт, денсаулық. Баршаларыңа шын жүрегіммен жарқын болашақ, зор денсаулық тілеймін» деген сөздері сол екі мың студенттің жадында мәңгіге жазылып қалғандай әсерде болдым.

«Тәуелсіздіктің алтын бесігі» – Алматы бір сәт те Елбасы назарынан тыс қалып көрген емес. Ол өзінің бір сөзінде «Үкіметтің, министрліктердің және Президент ретінде менің де алдымда айрықша міндет – Алматыға бұрынғыдан да көбірек қамқорлық жасау міндеті тұр» деп айрықша атап өткен болатын.

Бұл міндетті қала басшысы ретінде көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ахметжан Есімов абыроймен атқарып, сол дәстүрді білікті басшы Бауыржан Байбек лайықты жалғастырып әкетті. Санаулы жылдар ішінде Алматы қаласы метрополитені зырлаған, Шығыс айналма жолымен күндіз-түні көліктері тоқтаусыз ағылып, газ және электр қуатымен толық қамтамасыз етілген ірі заманауи мегаполиске айналды. Бұрынғы алты ауданға жаңадан қосылған Алатау және Наурызбай аудандары тың серпін, жаңа өріс берді.  

Мемлекеттің стратегиялық мұраттарын айқындайтын Алматы қаласының дамуы бүгінгі таңда да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назарында болып келеді. Қалаға жылына бірнеше мәрте арнайы келіп, Алматы мен қала айналасындағы өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысып, шаһарды көркейтуге байланысты нақты тапсырмалар беруі – соның жарқын көрінісі. Сол тапсырмалар негізінде пандемия жағдайында қала экономикасын қалпына келтіру ісі жоғары қарқынмен жүрді. Қысқа мерзімді қол жеткізген экономикалық көрсеткіштер биылғы жоспардың артығымен орындалғанын көрсетіп отыр. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың даму стратегиясы жөнінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен кездесуі барысында мәлім етті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланың ұзақмерзімді даму стратегиясының жобасы жасалған. Бұл құжат «Алматы-2050» деп аталды. Әкімнің айтуынша, бірінші стратегиялық басымдық – ғаламдық «ақылды» қалалардың санатына ену болып отыр.

Сарапшылар 2030 жылға қарай мегаполис тұрғындарының саны 5 миллионға жетеді деген болжам айтады.  

«Бес миллион – бұл Үлкен Алматы. Үлкен Алматы – бұл Алматы қаласы және қала маңы, яғни алматылық агломерация. Жанымызда Алматы облысының 5 ауданы орналасқан. Онда облыс халқының 60 пайызы  тұрады. Олар Талдықорғанға бармайды. Себебі, бұл өте алыс, барлығы біздің шаһарға келеді. Қазір Алматыда 3 миллиондай адам тұрады, 2030 жылға қарай 5 миллионға жетеді. Сондықтан халықтың өсуіне байланысты инфрақұрылымға жүктеме барлық дамушы қалалар үшін ғаламдық міндет. Олардың қатарында біз де бармыз. Бізге де, басқа әлемдік мегаполистер сияқты, урбанизация дағдарысы төніп тұр. Көшіп келушілер саны жыл сайын артып келеді. Бұл, қаланың барлық әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымын қайта қарау қажеттігіне алып келеді. Сондықтан, Үлкен Алматының бүтін агломерациясы ауқымындағы шешімдер үшін проактивті жоспарлау және жобалау, смарт-тәсілдер қажет» деп мәлімдеді Бақытжан Сағынтаев.

Біздің дәуіріміз белсенді де іскер, үнемшіл де еңбексүйгіш жандардың заманына айналып отыр. Осы тұрғыда біз әлем жұртшылығына дербес мемлекеттігімізбен құнды, өз үнімізбен сыйлы, төл мәдениет-өнерімізбен құрметті  екенімізді айқын аңғардық. Ұлт мүддесін білекпен қорғайтын заман артта қалып, елдің ертеңіне деген сенімін біліммен, өнермен дәлелдейтін сынға толы кезеңге тап болып отырмыз. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дейтін көне қисын бүгінгі таңда тура мағынасындағы өмір шындығына айналды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында: «Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек» дейді. Осы орайда біз жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу арқылы ғана ел егемендігін баянды ете аламыз. Жаттанды үрдіс емес, шынайы сүйіспеншілік сезімі серік болуы тиіс. Сонда ғана келешек ұрпағымыздың рухы биік болып, жан дүниесі жаңарады. Тұңғыш Президентіміз айтқандай, «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды». Тәуелсіздік атты қасиетті ұғымның ең басты тағылымы да осы болса керек.

Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,

Сенат депутаты

Бөлісу