ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі арнайы дербес заңды қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдады
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә.А. СМАЙЫЛОВҚА
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Бүгінде әлемдегі су тапшылығы мен трансшекаралық елдерден келетін су көлемедерінің азайуы да климаттың өзгеруімен тығыз байланысты екенін ғалымдар ашық айтуда. Бұған Жамбыл облысы дихандарының биылғы жылы бастан кешкен жағдайлары толық дәлел бола алады.
Жалпы, соңғы жылдары елімізде өткен жылдармен салыстырғанда су тапшылығы, оны үнемдеп пайдалану мәселелері күрт өскен. Ал, гидротехникалық құрылыстар келген суды тиімді пайдаланудың ең негізгі құралы. Бірақ, өкінішке орай бүгінгі күні ол нысандар өз қызметін сапалы көрсете алмай отыр. Себебі, барлық құрылымдардың пайдалану мерзімі өтіп, тозығы жеткен.
Республика бойынша шаруа ішілік каналдарды қоспағанда (10 490) 7541 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 1189 қанағаттанарлықсыз жағдайға жеткен болса, 24-і аппатты жағдайда тұр. Ал, 2047 гидротехникалық құрылыста (27,1%) ешқандай техникалық құжаттар жоқ. Олар заңдастырылмаған. Басқасын айтпағанда, республикалық меншіктегі 1291, коммуналдық меншіктергі 590 гидротехникалық құрылыстатиісті құжаттары заңдастырылмаған болса, 18 аппатты жағдайда. Ал, жеке меншіктегі 241 құрылыстың 57,2 % құжатсыз. Ал, иесіз қалған 22 құрылыста мүлдем техникалық құжат жоқ. Гидротехникалық құрылыстың гидроагрергаттары мен гидромеханикалық жабдықтарының басым көпшілігінің қызмет көрсету мерзімі асып кеткен.
Мысалы, «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның меншігіндегі су қоймаларының 57% - дан астамы 50 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда республикалық меншіктегі аппаттық жағдайда тұрған 7 нысан бар (оның ішінде: 4 су қоймасы, 2 су торабы, 1 бөгет). Ал, 17 нысанға жобалық сметалық құжаттар бүгінге дейін әзірленбеген (ЖСҚ,құрылысына 30 млрд. қажет). Қанағаттанарлықсыз жағдайда - 38 нысан бар (оның ішінде: 15 су қоймасы, 20 су торабы, 3 бөгет).
Тура осындай жағдай су жеткізу каналдарында да қалыптысып отыр. Жалпы ұзындығы 35 948 км құрайтын каналдардың 14 450 километрі жөндеу жұмыстарын қажет етіп отыр. Ал, бұл каналдар бойында 756 мың га егістік алқабы орналасқан. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және су басу қауіпін жою үшін осы апаттық нысандарды бірінші кезекте қалпына келтіру қажет деп есептеймін. Біз бұл гидротехникалық нысандардың стратегиялық маңызы бар айрықша нысандар екенін еш назардан шығармауымыз қажет.
Сондықтан да, оларды толықтай кешенді тексеруді және күрделі жөндеуден өткізуді Үкімет тікелей өз бақылауына алуы керек. Әрине, бұл шараларды іске асыру үшін үлкен мемлекеттік қолдау мен ірі көлемдегі қаражат та қажет екені белгілі.
Осындай күрделі жағдайларға үлкен алаңдаушылық туғызған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігін де құрып отыр. Бұл министрлікке жүктеліп отырған міндеттер де аз емес. Ендігі жерде, су қоймаларындағы гидротехникалық құрылыстарды ретке келтіру, жеке меншік иелеріндегі және қараусыз қалған су нысандарының нақты жағдайын анықтау, оларды қажет болған жағдайда мемлекетке қайтару, осы құзырлы органның еншісіне тиіп отыр.
Үкіметтің тағы бір назар аударатын тұсы, ол жеке меншік иелеріндегі және қараусыз қалған гидротехикалық құрылымдардың нақты жағдайын анықтау және қажет болған жағдайда оларды «Қазсушар» мемлекеттік мекемесіне қайтаруға негізделуі керек деп есептеймін. Өйткені, су ысырабына жол бермеуіміз керек. Сондай-ақ, табиғатқа келетін зияндар мен қауіпсіздік шараларын ойластырғанда біз, судың да тілсіз жау екенін, оның ішінде су тасқандарын естен шығармауымыз керек.
«Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» мәліметіне сәйкес біз елімізде ұзындығы 50 және одан да көп шақырымды құрайтын 800-ге жуық өзендердің барын ескере отырып, өткеннен сабақ алып, келеңсіз оқиғалардың алдын алуға міндеттіміз!
Су тасқыны жыл сайын орын алып, ауқымы жылдан жылға айтарлықтай өзгеріп отырады. Соңғы 10 жылда елімізде шығу тегі әртүрлі 300-ден астам су тасқыны тіркелді.
Сондықтан жылдан жылға олардың сенімділігі мен қауіпсіздігі төмендеп келеді. Су қоймаларының едәуір бөлігі маусымдық ағынды реттеуге ғана арналған. Ал, гидротехникалық құрылыстардың көпшілігі негізінен шаруашылық тәсілмен салынып, IV дәрежелі күрделі құрылыстармен ұсынылған. Олардың көпшілігі 30-40 және одан да көп жылдар бойы жөндеусіз және қараусыз жұмыс істеп келгені жасырын емес. Сондықтан да, олар қауіптілігі жоғары объектілер болып табылады. Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда 1478 гидроқұрылыс, оның ішінде 510 гидроқұрылыс жөндеуді қажет етеді.
Мемлекеттік басқару құрылымдарының үздіксіз қайта құрылуы, аймақтық жобалау және ғылыми ұйымдарды мемлекет меншігінен алу және осыған байланысты су нысандары туралы ақпараттың едәуір бөлігінің жоғалуы, мемлекеттік су шаруашылығы құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға кері әсерін тигізгені ақиқат.
Ал, елімізде гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы заңнама жоқ. Қазіргі уақытта бұл саладағы негізгі құқықтық база Қазақстан Республикасының жеті Заңымен реттелген (Олар «Су кодексі», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы», «Жер кодексі», «Азаматтық қорғау туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы»ҚР). Бұл, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық қатынастар басқа мемлекеттердегідей (РФ, Өзбекстан және т.б.) дербес заңнамамен реттелуі тиіс.
2008 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі "Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы" Заң жобасын дайындап, ол қолдаусыз қалғаны да белгілі. Сонымен қатар, соңғы жылдары орын алған гидротехникалық құрылыстардағы төтенше жағдайлар (Қызылағаш ауылындағы бөгеттің бұзылуы, Қарағанды облысының Бұқар-Жирау ауданындағы Көкпекті су қоймасының бөгетінің шайылуы және т.б.) қолданыстағы Кодекстің қажетті мәселелерді толық шешуді қамтамасыз етпейтінін көрсетті.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде:
1) Қазақстанда гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы Заң қабылдау;
2) Су шаруашылығының негізгі қорларының және сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін гидротехникалық құрылыстың техникалық жағдайын жақсартуға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және жоспарлау-профилактикалық жұмыстары бойынша арнайы Жол Картасын дайындау және нысандарды нақты кешенді түрде түгендеп, есепке алу,құжаттарын заңдастыру, қажетті қаржы бөлу;
3) Су шаруашылығы мамандарын даярлау үшін мамандықтар тізбесін кеңейту және білім беру стандарттарын қайта қарау. Су саласы мамандарының біліктілігін арттыру жөніндегі орталық құру бойынша нақты шаралар қабылдауды сұраймыз.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, депутаттық сауалды қарау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында мүдделі министрліктердің басшылығынан ауызша жауап беруін сұраймыз.
Құрметпен, С. АРУБАЕВ
Ә. БЕКТАЕВ
Б. ОРЫНБЕКОВ
О. БУЛАВКИНА
С. ДҮЙСЕМБИНОВ
Ж. ЖӨРГЕНБАЕВ
А. ӨТЕҒҰЛОВ
Е. ӘЙТКЕНОВ
З. КYЗИЕВ