ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына Балық шаруашылығы мен мал шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдады
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә.А. СМАЙЫЛОВҚА
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Бірінші, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2023 жылғы 3 ақпандағы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында балық шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында шаруаларға жер учаскелерін беру үшін Қазақстан Республикасы Жер кодексіне тиісті түзетулер енгізу мәселесін пысықтау туралы тапсырма берген болатын.
Соған сәйкес балық шаруашылығы әлеуетін дамытудың өңірлік бағдарламасымен 2025 жылы тауарлық балық өсіру көлемін 3 мың тоннаға, 2030 жылы - 8 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Бағдарламаны орындау мақсатында жер учаскелері таңдалып, белгіленген. Алайда, аталған мақсатқа жер учаскесін беруде немесе нысаналы мақсатын өзгертуде жер заңнамасында нақтыланбағаны өз кедергісін келтіруде.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 97-бабы 1-тармағына сәйкес, ауыл шаруашылығының қажеттері үшін берілген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен оның жұмыс істеуіне қажетті ішкі шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатады.
Осыған байланысты балық шаруашылығын жүргізу және осы мақсатқа сәйкес тиісті құрылыстар салуға қатысты жер учаскелерін табыстау мәселелері заңнамалық ретте нақты реттеу қажеттілігі туындауда.
Сонымен қатар, бұндай мәселе су қорғау белдеулері мен аймақтарын балық шаруашылығы үшін пайдалануға да қатысты болып отыр.
Бұл ретте, балық шаруашылығы құрылысы үшін жер учаскесін табыстауға да және балық шаруашылығы қай салаға жатқызылатындығы да Жер кодекісінде, басқа да құқықтық нормативтік актілерде нақтыланбаған.
Соның салдарынан, Жамбыл облысының балық шаруашылықтары 2021 – 2030 жылдарға арналған мемлекеттік қолдау шарасы шеңберінде шығыстардың 50% - на дейін жабатын аса қажетті заңды субсидиялар ала алмайды.
Анықтама ретінде. Субсидиялардың тұрлері:
- Балық азығын сатып алуға арналған шығыстардың 30 %-ын өтеу жолымен акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) субъектілерін субсидиялау;
- Балық өсіру-биологиялық негіздемені әзірлеу құнының 50 %-ын өтеу жолымен акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) субъектілерін субсидиялау;
- Балық өсіру материалын сатып алу құнының 50 %-ын өтеу арқылы акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) субъектілерін субсидиялау;
- Дәрілік препараттарды сатып алу құнының 50 %-ын өтеу арқылы акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) субъектілерін субсидиялау;
- АТҮ сатып алу және ұстау құнының 50 %-ын өтеу жолымен акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) субъектілерін субсидиялау;
- Инвестициялық салымдар кезінде акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу үшін субсидиялау (инвестициялық салымдарды өтеу үлесі – жұмыс істеп тұрған балық өсіру және балық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын кеңейтуге, сондай-ақ жаңаларын пайдалануға арналған шығыстардың 25 %-ы)
Екінші, Жер заңнамасына қатысты мәселе, ол жайылым жер жетіспеушілігі.
Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 млн. га, оның ішінде орман ағаштарымен отырғызылған жерлері 2,3 млн. га. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 %-ын, ал ормандылық 15,47 %-ын құрайды.
Жамбыл облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің қаулысымен 1991 жылға дейінгі мерзімде ауыл шаруашылығы мақсатындағы сексеуіл және басқа да бұта түрлерімен қамтылған біршама алқаптар мемлекеттік орман қоры аумақтарына ауыстырылған.
Статистикалық есепке сәйкес, өңірде барлығы 4,3 млн. мал басы (оның ішінде ірі қара мал – 527,4 мың, ұсақ мал – 3620 мың, жылқы – 164 мың, 8,5 мың түйе) тіркелген. Тіркелген мал басын шартты басқа айналдырғанда әр басқа 8 га жайылым тиесілі.
Дегенмен, жайылым жетіспеушілігі бүгінде мал басының негізінен тұрғындардың иелігінде болуына байланысты және ауылдық округтерге бекітілген жайылым жерлердің аздығынан 683 мың га жайылым жер жетіспейтіндігі анықталған.
Бұл барлық аймақтарда кездесетін өте өзекті мәлелелер екенін ескерсек, шешімін тапқан жағдайда жалпы мал шаруашылығының дамуына оң серпіліс беретіні сөзсіз.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде:
- 1) Балық шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскесін табыстау және осы мақсаттар үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруа, фермер қожалығы жерлерінің нысаналы мақсатын ауыстыру мәселелері бойынша қолданымдағы жер және су заңнамаларына тиісті түзетулерді енгізуді;
2) Мемлекеттік орман қорындағы, ормансыз алқаптардағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді (жайылым) ұлғайту мақсатында, орман иеленушілердің иелігіндегі (206 324 га) жер көлемін орман қорынан 20 шақырым радиуста шекаралас орналасқан ауылдық округтердің жер қорына ауыстыру бойынша Қазақстан Республикасының жер заңнамасына және басқа да Заң нормаларға тиісті түзетулерді енгізу үшін құзыретті органдарға нақты тапсырма беруді сұраймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұранамыз.
Құрметпен, С. АРУБАЕВ
Б. ОРЫНБЕКОВ