ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына Ұлттық құндылықтарды жаңғырту қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдады
Құрметті Олжас Абайұлы!
Соңғы жылдары елімізде мемлекетіміздің даму темірқазығына айналар – ұлттық құндылықтарымыз жайлы өзекті мәселелер өте жиі көтеріліп жүр.
Ия, шын мәнінде ұлтты біріктіретін, татулық пен ынтымаққа тірек болатын, ел болашағы жастарымызды отансүйгіштікке жетелейтін, ұрпақтар сабақтастығын жалғаудың алтын көпірі – ұлттық құндылықтарымыз салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрыптарымыз, ана тіліміз бен мәдени-руханиятымыз екені Ақиқат!
Егемендік алғаннан бері кешенді жоспарлар да, үкілеген арнайы бағдарлармалар да аз болған жоқ!
Бірақ, бүгінгі нарық жетегіне еріп, сананы оятып, көңіл пердесін ашатын, ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың кейінге қалуы, кейде көңілге қаяу түсіреді.
Біріншіден ұлттық құндылықтарымыздың жарқын айнасы – ана тіліміздің өзі шұбарланып барады.
Екіншіден, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар ұлттық қалыптан, дәстүрлі жолдан шығып, әр өңірдің өздері «қолдан» жасап алған, «жаңарған, жағымсыз» құндылықтарды өмірге әкеліп жүргені ешкімге жасырын емес.
Мұндай берекесіз дүниелер тоқтаудың орнына, Арқаның ақ боранындай үдеп барады.
Біздің Ата-бабалардан қалған, мұра мен мирас болған ұлттық құндылықтарымыз қашан да – біліммен, намыспен, таныммен, тәрбиемен ұрпаққа дарыған.
Өкінішке орай, қоғамдық санаға тірек болар, осындай қастерлі қасиеттер – батыстың ба, жоқ әлде басқаның ба жетегіне еріп, ұлттық болмысты әлсірету, ашық көрініске ие болып бара жатқандай.
Керек десеңіз қазақтың қара домбырасын – харам деген ғайбат сөзді де естідік!
Соңғы кезде «Евразия» телеарнасында көпшіліктен сауалнама ретінде ұлттық құндылықтарды көптің білуі жайлы бірнеше сюджеттер берілді. Айтары жоқ оң қадам!
Бірақ, көшедегі көптің өз құндылықтарын жете білу деңгейінің өте төмен болып шығуы, Бұл қоғамды терең ойландыратын мәселе!
Тіпті көптеген жастарымыз – қазақша ай мен апта күндерінің атауларынан бейхабар болып шықты!
Өкініштісі, бүгінгі ұрпақ ұлттық тарихымыздың діңгегіне айналған, батырлар мен арыстарының, кемеңгер тұлғаларының есімдерін мақтанышпен айтудан, өмір жолдарын білуден тыс қалғандай.
Жастар, «Абай кім?», «Қабанбай кім!», «Ақан кім?», «Қаныш кім?» деген телевизиялық сауалдарда, олар «әкім, министр, атақты спортшы» деген өзек өртер жауаптар берді.
Бұның бәрінен, бізде тұлғатану жүйесінің, керек болса тұлғатану ғылымының әлі де, өз деңгейінен көріне алмай жүргенін аңғаруға болады.
Дегенмен, ұлттық құндылықтар аясында жүргізілетін жұмыстарды саясаттандырмай, қайта оған ұлттық мұра, рухани мирас биігінен қарау, уақыт талабы, заман сұранысы деп танимыз.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Үкіметтен:
1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен бірлесе отырып, мемлекет басшысы жанынан Ұлттық құндылықтар бойынша жұмыстарды жүйелейтін арнайы Мемлекеттік комиссия құруға ықпал етуді.
Осындай комиссияларды барлық облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдері жандарынан ашуды;
2) Үкімет бұл бағытта жаңа Тұжырымдама әзірлеп, «Республикалық Ұлттық құндылықтарды насихаттау Орталығын» аша отырып, оның құрамына Үкімет мүшелерімен қатар, ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым мен азаматтық қоғам белсенділерін тартуды;
3) Шет елдерден келетін туристерге, қазақ халқының ұлттық құндылықтары жайлы үш тілдегі түсіндірме және насихат материалдарын шығаруды;
4) Республикалық және өңірлік мерзімді баспасөз құралдары мен электорондық бұқаралық ақпарат жүйесінде, міндетті түрде тұрақты айдарлар ашу және хабарлар беріп отыруды қамтамасыз етуді;
5) Қ.Р. Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері жандарынан тұрақты «дөңгелек үстел» отырыстарын ұйымдастыру және республикалық ақпараттық-насихаттық топтарын құруды;
6) Әулеметтік желілер әлеуетін, тиімді пайдалану жолдарын қарастыруды. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жұмыс жасайтын блогерлерді пайданлануды;
7) Барлық деңгейдегі ардагерлер мен жастар ұйымдарын кең көлемде Ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағыттау жұмыстарын жандандыру бойынша нақты шаралар қабалдауды сұраймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұранамыз.
Құрметпен, С. АРУБАЕВ
Б. ОРЫНБЕКОВ
А. ӨТЕҒҰЛОВ