ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешенінің 2023 жылғы борыштарын өтеу және 2024 жылға толық көлемде қаржыландыру қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдады
Құрметті Олжас Абайұлы!
Ағымдағы жылдың 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет.
Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн».
«Инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады» - деп тапсырған болатын.
2023 жылы Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру» аясында бөлінген 30,6 млрд. теңге қаржыға 11 мыңнан астам (өңірдегі шаруашылық құрылымдарының 63,0 пайызы) ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Ал, биылғы жылы облыста белгіленген 9,8 мың гектар алқапқа қант қызылшасы дақылын орналастыру нормативіне сәйкес жоспарлы өндірілетін 346,0 мың тонна өнім көлеміне (1 кг - 25 теңге) қажетті қаражат 8,6 млрд. теңгені құрағанымен, бұл бағытқа 2 млрд. теңге ғана жоспарланған. Оған қосымша, 41,5 мың тонна минералды тыңайтқыштарды субсидиялау арқылы егістік алқаптардан алынатын өнім көлемін арттыруға қажетті 3,1 млрд. теңгенің қаралмағаны тағы бар.
Негізгі мәселелердің бірі – өздігінен жүретін доңғалақты тракторлар мен комбайндардың жаңару көрсеткішін 10 пайызға дейін жеткізу.
Ал, шаруалардың өз қаражаты есебінен техниканы сатып алуға мүмкіншілігі төмен.
Бүгінгі күнге, техниканы және технологиялық жабдықты сатып алуға несие беру, сондай-ақ, лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы аясында бастапқы аванстық төлем жүргізу арқылы өз шешімін табуда.
Дегенмен, шаруалардың басым бөлігі авансты инвестициялық субсидиялар түрінде жұмыс органы жергілікті атқарушы органнан төлем жүргізуді күтуде.
Бұған дейін жасалған шарттар бойынша субсидиялар сомасы 943 млн. теңге және алдағы уақытта қарастырылатын жобалар негізінде аванстық төлемдер 600 млн. теңге өтелген жағдайда, «КазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы қосымша 100 бірлік әртүрлі өздігінен жүретін техникалармен қамтуға мүмкіндіктер бар. Бірақ, бұл шешімін таппаған мәселелер қатарында тұр.
Одан бөлек, осы жылға мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 5,3 млрд. теңге қаржы бөлінгенімен, 2023 жылдан қалған резервтегі 1182 өтінімнің қарыз сомасы 2,6 млрд. теңгені құрап, мал шаруашылығының да мазасы қашуда.
Негізі, облыстағы мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды малдың үлесін арттырып, ет пен сүттің өндіріс көлемін ұлғайту, мал санын арттыруға жыл сайын 10,0 млрд. теңге қаржы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай нәтиже берері түсініксіз, қаржының басым бөлігі қарызға төленген.
Сол сияқты, биылға инвестициялық субсидиялау бағдарламасына бөлінген 6,7 млрд. теңге қаржының 6,1 млрд. теңгесі тағы өтпелі қарыз өтінімдерін жабуға бағытталған.
Жалпы, облыстағы 2024 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бюджеттен бөлінген 19,0 млрд. теңгенің 12,5 млрд. теңгесі өткен жылдың өтпелі қарыздарды жабуға бағытталғанын жеткізгім келеді.
Өтпелі қарыздар толық қанағаттандырылған жағдайда 2024 жылдың бюджетіне тек 7,1 млрд. теңге ғана қаржы қалып отыр. Ал, бұл бағдарламамен шаруалар қажетті техника, құрал жабдықтар мен су үнемдеу технологияларын алулары керек болатын.
Осының салдарының биылғы жылға жоспарланған қант қызылшасы егістік алқабын ұлғайту, оған жеткілікті көлемдегі тыңайтқыштарды ендіру және қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу мен шаруашылықтардың қажеттілігін толық қамтамасыз ету мүмкіншілігі шектеліп отыр.
Нәтижесінде, бір ғана Жамбыл облысына 2023 жылдан қалған қарыздарды өтеуге 12,5 млрд. теңге және 2024 жылға жоғарыда аталған бағыттарға қолдау көрсету үшін 16,3 млрд. теңге, барлығы 28,8 млрд. теңге қаржы қажеттілігі туындауда.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Үкіметтен:
1) Мемлекет басшысының тапсырмасын іс жүзінде орындау мақсатында, Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешенінің 2023 жылдан қалған қарыздарын өтеуге және 2024 жылға қолдау көрсету үшін тиісті қаржы қажеттілігін қарастыруды;
2) Бұл жағдай Республикамыздың барлық аймақтарында орын алып отырған өзекті мәселе екенін жеткізе отырып, барлық бағыттар бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шаралар қабылдауды;
3) Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың жол картасындағы міндеттерге қол жеткізу үшін қаржылық қолдауды толық көлемде қарастыруға ықпал жасауды сұраймын.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұранамыз.
Құрметпен, С. АРУБАЕВ
Б. ОРЫНБЕКОВ