ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына Зауыттардың қуатын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және қант қызылшасын сақтауға арналған қоймалар құру арқылы қант өндірісін дамыту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А. БЕКТЕНОВКЕ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қант өндірісін дамыту – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі. Әсіресе, қант қызылшасын өсіру мен оны өңдеуді жолға қою арқылы еліміз ішкі нарықты тұрақтандырып қана қоймай, әлемдік нарықта да бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.
Бұл бағыттағы негізгі міндет – қант өндірісін дамыту арқылы импортқа тәуелділіктен арылу және ауыл шаруашылығының стратегиялық салаларының бірі ретінде қант қызылшасын өсіруді қолдау.
Алайда, еліміздегі қант өндірісі саласында бірқатар түйткілдер бар. Шикізатты өндіру мен өңдеуге қатысты қиындықтар әлі де шешімін таппаған. Оның басты себептері – зауыттардың тозығы жеткен технологиялары, климаттық өзгерістер және қант импортына тәуелділік.
Диқандарға қант қызылшасына берілетін субсидия көлемі артты (Субсидия-25 тг. Зауыт-15 тг.). Алайда, бұл қолдау әзірге жеткіліксіз болып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде биыл егіс алқаптарының көлемі ұлғайды.
Ағымдағы жылы қант қызылшасының егіс алқаптары 13,4 мың гектардан 25,2 мың гектарға дейін яғни, 2 есеге дейін ұлғайды (Жамбыл облысы — 11,3 мың гектар, Жетісу облысы — 13,7 мың гектар). Өндіріс көлемі артқанына қарамастан, өңдеу мәселелері толықтай шешілмеген күйде қалып отыр.
Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері берген деректерге сүйенсек, биыл қант қызылшасының жалпы түсімі 1,2 млн тоннаға жетеді деп күтілуде (Жамбыл – 640 мың тн., Жетісу – 560 мың тн.).
Өздеріңіз білетіндей елімізде осы қант қызылшасын өндейтін 4 қант зауыты бар. Зауыттардың өнімді өңдеу көлемі жылына шамамен әрқайсысы 200-300 мың тоннаны құрайды (Жетісудағы Көксу-220 және Ақсу-350, Жамбыл-300 мың тонна).
Бүгінде, Жамбыл облысындағы Меркі қант зауытының жабдықтары ескі 450 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы дегенімен, іс жүзінде 300 мың тоннадан аспайды.
Ал, Тараз қант зауытының қант қызылшасын өңдеуге арналған жабдықтары жоқ, тек қант құрағын (сахарный тростник) өңдеумен айналысып отыр.
Ақсу қант зауыты Жетісу облысынан жиналатын 560 мың тонна өнімді толық игеруге мүмкіндігі барма деген сұрақ тағы бар?
Бұл, еліміздегі қант зауыттарының биылғы күтілетін өнімді өңдеу мүмкіндігі жеткіліксіз деген сөз. Елдегі бар зауыттардың қуаттылығын есептегенде, жылына 870 мың тонна қант қызылшасын өңдей алады десек, қалған 295 мың тонна қант қызылшасын қайда өткіземіз деген шаруаларда заңды сұрақ туындауда?
Осы қант қызылшасын қабылдау мәселесі толық шешілмегенін алға тарқан дихандар өнімдерін өткізе алмай дал боламыз ба деген қорқыныштарында ашық айтуда.
Тағы айта кететін мәселе – ол биылғы өнімді толық көлемде өңдесек, шамамен 120 мың тоннадай қант алуға болады. Алайда елдегі жылдық қажеттілік көлемі 550 мың тонна көлемін құрап отыр. Бұл, 78,2 пайыз шетелдік өнімге тәуелдіміз деген сөз.
Өткен жылы елге 303 мың тонна қант келсе, биылғы алты айда 206,9 мың тоннаны құраған. Осылайша қантқа деген қажеттілік көлемі айтарлықтай жоғары болып отыр.
Егіс алқаптары ұлғайып, өнім көлемі артқанымен, оны тиімді өңдеу және өткізу мәселелері әлі өткір күйінде қалуда.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Үкіметтен:
- Қант өңдеу зауыттарының қуаттылығын арттыру үшін жаңа инвестициялар тарту;
- Қант қызылшасына басымдық берілген аймақтарда жаңа өңдеу кәсіпорындарын салу мәселесін қарастыруды;
- Биылғы Жамбыл, Жетісу облысында өндірілетін шикізатты қайта өңдеуге толық мүмкіндік жасай отырып, инфрақұрылымды жетілдіру, тасымалдау шығындарын азайтуға және қант қызылшасын жұмыс істеп тұрған зауыттарға жеткізу тиімділігін арттыруды;
- Қант қызылшасын сақтауға мүмкіндік беретін қоймалар салуды, бұл өз кезегінде егіннің шығынын азайту және зауыттарға түсетін жүктемені теңдей бөлуге мүмкіндік беретінін ескеріп, нақты шаралар қабылдауды сұраймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелерін белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен, С. АРУБАЕВ
Б. ОРЫНБЕКОВ
С. ДҮЙСЕМБИНОВ