Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенатор Сәкен Арубаев: Мемлекет ауыл еңбеккерлерін қолдау үшін инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлуі керек

05.01.2025 159

Сенатор Сәкен Арубаев Байзақ және Меркі аудандарына сапарда болды. Онда қант қызылшасын өсірумен айналысатын фермерлермен кездесті және Меркі қант зауытының өндірістік қуатымен танысты. Сенатор сапар барысында жергілікті шаруалар тап болып отырған күрделі мәселелерді талқылады.

2024 жылы Байзақ ауданында қант қызылшасын өсіруге 3010 гектар жер бөлінген болатын. Қазіргі уақытта өнімнің 96,2%-ы жиналып, 231 464 тонна қызылша дайындалды. Алайда, қайта өңдеу зауыттарының қуаты шектеулі болуына байланысты 100 120 тонна өнім әлі өңделмеген күйінде қалып отыр. Меркі ауданында да осындай жағдай байқалады. Мұнда 139 шаруашылық 3 771,7 гектар алқапта қант қызылшасын өсіріп, 162,6 мың тонна өнім жиналды. Бірақ Меркі қант зауытының үздіксіз жұмыс істегеніне қарамастан, жиналған өнімнің едәуір бөлігі әлі өңделмей қалды. Сенатор бұл мәселені жүйелі түрде шешудің маңыздылығын атап өтті.

«Шаруалардың еңбегіне шын мәнінде қауіп-қатер төніп тұр. Жол жиегінде қайта өңдеуге жіберілмеген қант қызылшасының үйінділерін көруге болады. Кейбір фермерлер ауа райының қолайсыздығына, оның ішінде үсік жүруіне байланысты өнімдерін әлі жинап үлгермеген. Сонымен қатар, өңдеу қуаты мен өсірілген өнім көлемі бір-біріне сәйкес келмейді. Өнімді өңдеу, логистика және өткізу ісін ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарау қажет. Мемлекет аграршыларды қолдау үшін инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлуі тиіс, өйткені олардың еңбегі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Осында жиналған ақпарат Сенатта ұсыныстар әзірлеу мен заң шығару жұмысында пайдаланылатын болады», – деді сенатор Арубаев.

Бөлісу