Сенатор Сәкен Арубаев Байзақ ауданындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев Байзақ ауданында болды. Онда әлеуметтік нысандар мен жаңа тұрғын үйлерді көрді және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ашылған мектептің жұмысымен танысты.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа оқу жылында ашылған №7 орта мектеп 600 оқушыға есептелген. Мұнда оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беретін 58 педагог жұмыс істейді. Заманауи үш қабатты мектеп ғимараты балаларды жайлы және қауіпсіз жағдайда оқытуға қажетті барлық заттармен жабдықталған. Сенатор сонымен қатар өмірі қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмек көрсететін отбасын қолдау орталығында болды. Ол аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту үшін орталық жұмысының маңызын жоғары бағалады.
Сәкен Арубаев сапар барысында әлеуметтік нысандардың жылу жүйелеріне назар аударып, ауданның әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобалар бойынша ақылдастық тұрғысында кездесу өткізді. Сенатор тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартудың маңыздылығын атап өтті. Бұл мемлекеттік саясаттың басымдығы болып табылады.