ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды қабылдау қажеттілігі, оның ішінде инфрақұрылымды жаңғырту, білікті мамандарды даярлау және салалық университетті мемлекеттік деңгейде қолдауқажеттігі туралы депутаттық сауал жолдады.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Су қауіпсіздігі XXI ғасырдың негізгі жаһандық тәуекелдерінің бірі. Ел аумағында 102,3 км3 су ресурстарының 46%-ы көршілес елдерден келеді (Қытайда, Ресейде, Қырғызстанда және Өзбекстанда). БҰҰ болжамы бойынша 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығына деген қажеттілік 50%-ға жетуі мүмкін. Ал, Елдегі гидротехникалық құрылыстардың 70%-ы тозып, 20%-ға жуығы апатты жағдайда тұрғаны, ауыл шаруашылығына беріліп жатқан судың 40%-ын ысырапқа әкелуде. Бүгінге ғаламдық мәселеге айналып отырған су тапшылығының басты себептерінің бірі, суды тиімсіз пайдалану мен үнемдеу «мәдениетінің» төмендігінен бөлек, Су мамандарының тапшылығы айтарлықтай әсер етуде.
Бұл салада жұмыс атқаратын мамандардың 70 %-да білімі сәйкес келмейтіні айтпағанда, мамандығы мүлдем жоқтары тағы бар. Жыл сайын бұл бағытта 200 жоғары, 100 техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар дайындалса, олардың тек бестен бірі ғана өз мамандығымен жұмысқа орналасады.
Соңғы бес жылда «Қазсушар» РМК-да кадрлардың тұрақсыздығы 17,7%-ды құраса, олардың 90%-дан астамы өндіріс қызметкерлері. Әсіресе тар өндіріс саласында білікті кадрлардың тапшылығы қатты байқалады: инженер-гидротехниктер, дренажшылар, су бұру слесарлары, гидрогеологтар, инженер-геологтар және т.б. Болжам бойынша 2029 жылға қарай кадрларға деген қажеттілік 800 адамға дейін арту қаупі бар.
Осындай күрделі жағдайларға үлкен алаңдаушылық білдірген мемлекет Басшысы – елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігін құрып, су шаруашылығының біраз етек-жеңі жинала бастағанын айтуымыз керек. Оған қосымша Ұлттық Су университетін құруды да тапсырды.
Артынша, Үкімет «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін» құру туралы қаулы қабылдап, негізгі білім ошағын белгіледі. Бұл оқу орнында 4 мыңға жуық студент білім алатыны да айтылды. Жаңа Су кодексі де қабылдануда. Алайда еліміздегі су саласындағы мамандарды даярлайтын жалғыз жоғарғы оқу орны – Ұлттық су университетінің қазіргі жағдайы алаңдаушылық тудыруда.
Біріншіден, университеттің материалдық жағдайы өте күрделі, қарыздары мен саланы дамытуға тиісті қаржы қаралмаған. Оқу ғимараттары ескірген, оларды реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленбеген, жоспарға да енбеген. Заманауи гидрологиялық және кешенді зертханалық жабдықтар жоқтың қасы, бұл жерде студенттердің қандай сапалы білімі туралы айтуға болады?
Екіншіден, университетке өткен жылы су саласына бөлінген 250 гранттардың, тек 150-ге жуық талапкері ғана оқуға түскен. Биыл 220 грант бөлінгенімен, студенттер саны жеткіліксіз. Себебі өңірлердегі су шаруашылығы мамандығына деген қызығушылық өте төмен. Бұл мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс пен гранттар санын көбейтумен шектелмей, Су шаруашылығы мамандықтарына қызығушылықты арттыру, мамандарды қайта даярлау және оларды өңірлерде жұмысқа орналастыру, жалақысын көтеру бойынша жүйелі шаралар қабылдаған жөн.
Үшіншіден, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы жеткіліксіз, тәжірибелі мамандар тапшы. Оқытушылардың біліктілігін арттыру үшін шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық өз-ара тәжірибе алмасу бағдарламаларын кеңейтуді жандандыру керек (АҚШ, Нидерланды, Германия, Ресей).
Төртіншіден, университет жанынан «Су шаруашылығы Академиясын» құрып, ғылыми кадрларды даярлау және білікті инженерлерді тарту тетіктерін қарастыру қажет.
Бесіншіден, Тағы бір маңызды мәселе – елімізде су құрылыстарын жобалау және сараптау жұмыстарын іс жүзінде шетелдік компаниялар атқарып отыр, бұл еліміздегі инженерлік мектептің дамуын тежейтіні сөзсіз. Осыған байланысты Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне берілген мәртебесін ескеріп, оған су құрылыстарына жобалау және сараптама жасай алатын құзыретті мекеме ретінде мүмкіндік беруді және бұл университетті Су ресурстары және ирригация министрлігінің жанына бекіту мәселесін қарастыру ұсынылады.
Алтыншыдан, Ислам даму банкі және басқа да халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастық орнатып, университеттің инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тарту мүмкіндігін қарастыру қажет.
Қазақстан су қауіпсіздігі мәселесімен бетпе-бет келіп отырғанын ескерсек, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің дамуын мемлекеттік деңгейде қолдап, оны еліміздегі су ресурстары саласындағы жетекші ғылыми және білім беру орталығы ретінде қалыптастыру керек.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып Үкімет тарапынан Ұлттық университеттің статусына сай болатындай жағдай жасау үшін нақты шаралар қабылдауды сұраймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы жазбаша жауапты заңда белгіленген мерзімдерде ұсынуды сұраймыз.
Құрметпен, С. АРУБАЕВ
Ә. БЕКТАЕВ
О. БУЛАВКИНА
С. ДҮЙСЕМБИНОВ
Ж. ЖӨРГЕНБАЕВ
А. ӨТЕҒҰЛОВ
Е. АЙТКЕНОВ
З. КУЗИЕВ