Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенаторлар Атырауда «жасыл» инвестиция мен экологиялық технологияларды дамыту мәселесін талқылады

25.05.2025 150

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитеті Атырау облысында көшпелі отырыс өткізді. Жиын барысында «жасыл» инвестиция тарту және қолжетімді заманауи технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Бұл көшпелі отырыс Үкімет сағатына дайындық аясында ұйымдастырылды.

Сенатор Арман Өтеғұлов отырыста сөз алып, жаһандық климаттық өзгерістерге байланысты туындаған экологиялық проблемаларға ерекше назар аударды. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің Орталық Азияда алғаш болып ұзақ мерзімді «жасыл» даму стратегиясын қабылдағанын атап өтті.

«Қоршаған ортаға келетін зиянды азайту – бұл тек экологиялық міндет қана емес, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Алдыңғы қатарлы қолжетімді технологияларды енгізу мен «жасыл» инвестиция тарту – еліміздің экологиялық және экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Жасыл технологияны қолдану табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға әрі қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қадам еліміздің экономикалық дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, халықаралық аренадағы беделін арттырады», – деді Арман Өтеғұлов.

Сенатордың айтуынша, қазіргі уақытта Экологиялық кодексте кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту мен «жасыл» жобаларды іске асыру үшін нақты тетіктер көзделген. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде әрі қарай қолдау қажет.

Комитет мүшелері сонымен қатар энергетика, тау-кен металлургиясы және мұнай-газ секторларында экологиялық талаптарды сақтау барысында туындайтын қиындықтарға да тоқталды. Экологиялық жаңғырту құнының жоғары болуы тарифтерге әсер ететіні, ал бұл өз кезегінде тұтынушыларға қосымша жүктеме түсіретіні айтылып, қаржыландыру мен басқару тетіктерін қайта қарау қажеттігі атап өтілді.

Арман Өтеғұлов техногендік минералдарды кешенді қайта өңдеу, органикалық ауыл шаруашылығын дамыту, кадр даярлау және «жасыл» экономиканы қолдайтын заңнаманы жетілдіру мәселелерін де көтерді.

«Қазіргі таңда экологиялық саясат көптеген елдердің экономикалық саясатының ажырамас бөлігіне айналды. Біз де бұл бағытта нақты қадамдар жасап, «жасыл» технологияға көшуіміз қажет. Бұл болашақ ұрпақ үшін таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы еліміздің халықаралық беделін нығайтады. «Жасыл» экономиканы дамыту – бұл тек табиғатты қорғау ғана емес, сонымен қатар жаңа экономикалық мүмкіндіктер, инвестиция тарту және еңбек нарығын дамыту жолы. Жасыл технологиялар мен жаңартылатын энергия көздеріне көшу – бұл жаһандық деңгейде өзгерістерге ықпал ететін прогрессивті қадам», – деді сенатор.

Комитет мүшелері көшпелі отырыс барысында өңірдегі ірі кәсіпорындардың экологиялық ахуалымен және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Сенаторлар «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» компаниясын, Атырау мұнай өңдеу және бекіре балықтарын өсіретін зауыттарды және басқа да нысандарды аралап көрді. Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша жинақталған материалдар Үкімет сағатында қаралатын болады.

Бөлісу