Сенаторлар Жамбыл облысында жылу беру маусымына дайындықпен және әлеуметтік жобаларды іске асыру барысымен танысты
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сәкен Арубаев пен Бекболат Орынбеков Жамбыл облысындағы Меркі және Қордай аудандарында болды.
Сенаторлар Меркі ауданында жылу қазандықтардың жай-күйімен және жылыту маусымына дайындықпен танысты. Олар А.Қосанұлы атындағы №18 орта мектептің жылу құбырын ауыстыру жұмысына куә болды. Мұнда бүгінгі күні жұмыстың 80%-ы орындалды. Депутаттар сондай-ақ «Ауыл аманаты» бастамасы аясында жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкерлермен де кездесті. Депутаттар Екпенді ауылында жеңілдетілген тәртіппен қаржы алған бизнестің даму барысымен танысты. Андас батыр ауылында сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығына арналған негізгі нысан – суару каналының құрылысын көріп шықты. Сенаторлар ауыл кәсіпкерлігі және оларды мемлекеттік қолдау аясындағы барлық шараларды атаулы түрде жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінде Сенат депутаттары заңдарды қабылдаумен қатар пысықтауды талап ететін, бұрын қабылданған заңнамалық актілерге түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Болашақ заңдардың сапасын арттыру мақсатында біз өңірлерге барамыз, шалғайдағы ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесеміз және олармен тікелей диалог жүргіземіз. Шынында да, заң жобаларын жетілдіру кезінде ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен ескертулерін және нақты сұранысын ескеру аса маңызды. Заңның сапасы халықтың дауысына байланысты арта түседі», - деді Бекболат Орынбеков.
Сенаторлар Қордай ауданында аудандық орталық аурухана мен Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназияда болып, білім беру және денсаулық сақтау сапасы мәселелерін талқылады, сондай-ақ алдағы жылыту маусымына қазандықтың дайындығымен танысты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға да ерекше назар аударылды. Депутаттар сондай-ақ Қарасу және Қаракемер ауылдарындағы жаңа білім ұясының, сондай-ақ Сортөбе ауылындағы Мәншүк Мәметова атындағы мектепте қазандықтың құрылысымен танысты.
«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы – бұл қалалық және ауылдық өңірлер арасындағы білім беру деңгейіндегі алшақтықты қысқарту жөніндегі стратегиялық шара. Әрбір заманауи мектеп балалардың алдында сапалы білім алу үшін тең мүмкіндік ашады. Сондықтан құрылыс мерзімі мен жоғары сапаны қатаң сақтауды қамтамасыз ету өте маңызды. Бұл ел болашағына, адами капитал мен жас ұрпақтың әлеуетін дамытуға салынған инвестиция», - деді Сәкен Арубаев.