Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Қазақстанның ауылдық аудандарында Интернеттің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту қажеттілігі туралы

26.06.2025 129

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. БЕКТЕНОВКЕ

 

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев цифрландыру бір ғана саланы дамыту емес ол экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер  әкелуі  қажеттігін  айтқан.

Елімізде 7 миллионан астам азамат ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінде  6 256 ауылдың  2 045-сі  ғана 4G-мен қамтылып, ол бар болғаны 33 % құраса, 3G-мен 45 пайыз ауыл тұрғындары қамтылған (2 813). Ежелгі 2G де есепке алынуда. Ал, 1049 ауылда тұрақты интернет байланысы мүлдем жоқ. (Жалпы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген  4 858 (77.6%) ауыл)

 Ал, Талшықты-оптикалық байланыс желілері 3610 ауылға яғни                        58,4 пайыз елді мекенге әлі күнге дейін тартылмаған.

 «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасымен 2023-2027 жылдарға тек 1,5 млрд теңге қаралса, «Қазақтелеком» АҚ тарапынан                                          2025-2027 жылдарға инвест жоба арқылы 3 039 елді мекенге және                          5 650 мемлекеттік мекемеге жоғары жылдамдықты интернет тартуға                       239 млрд. теңге  жоспарлағанымен, тиісті қаражат қаралмаған.

Соңғы 3 жылда операторлардың жұмсаған инвестициялары керісінше төмендеуде: Мысалы, 2020 жылы 136 млрд тартылса,  2022 жылы бар болғаны 76 млрд теңгені құраған. Қазіргі уақытта интернет пен байланыс қатар дамыған заманда оның сапасының төмен болуы бір қатар салаға кері әсерін  тигізуде.

Біріншіден, білім саласында ауыл мектептерінде интернеттің әлсіздігі немесе мүлдем болмауы оқушылардың цифрлық білім алу платформасына қол жеткізуге қиындық  тудыруда. Электронды күнделік, тестілеу, олимпиадалар, онлайн курстар интернетсіз мүмкін емес екені белгілі.  Пандемия кезінде бұл айқын байқалды: көптеген ауыл оқушылары қашықтан оқуға қосыла алмай, тапсырмаларды қағазбен тасыды. Бұл жағдай қазір де өзгерген жоқ.

Екіншіден, денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерге қосылмаған ауылдық  медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларда жетерлік. Дәрігерлер науқастың диагнозын, емделу тарихы мен дәрілік препараттар тізімдерін  дер  кезінде көре алмайды.

Сонымен қатар, телемедицина, яғни қашықтан медициналық кеңес алу мүмкіндігі тек интернеті бар жерлерде іске асады. Бұл, ауыл тұрғындарының екінші деңгейлі немесе мамандандырылған көмекке қол жеткізуін шектеуде.

Үшіншіден, мемлекеттік қызметтер - EGov платформасы, «E-Salyq», «Kaspi», «Halyk» т.б. цифрлық сервистер бүгінде барлық азамат үшін өмір сүрудің қажетті құралдарына айналғаны анық. Интернеті жоқ ауыл тұрғындары әлі күнге дейін анықтама алу, субсидия рәсімдеу, баланы балабақшаға тіркеу, зейнетақы төлемін бақылау сияқты қызметтер үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Бұл, уақытты жоғалту, қосымша шығын әкелу сияқты жүйелі ыңғайсыздықтар тудыруда.

Төртіншіден, Еліміздегі тіркелген 250 мыңнан аса шаруалардың  GPS арқылы егін егу, дронмен тыңайтқыш себу, малдың жай-күйін онлайн бақылау, ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді пайдалану – барлығы интернетке тәуелденіп, ол  арманға айналды деуге болады.

  Үкімет тарапынан бұл бағытта бірнеше стратегиялық қадамдар жасалған. («Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, «250+» жобасы іске асырылған болатын.)  2022 жылы цифрлық даму министрлігі 1200-ден астам ауылға талшықты - оптикалық байланыс тартып, 2024 жылы тағы                         200  ауыл  қамтылады  деп  жоспарланған.

Алайда, бұл жеткіліксіз. Кейбір жобалар тек орталық ауылдарға жетіп, шалғай, шекара маңындағы елді мекендерді айналып өтуде. Байланыс операторлары  тиімділігі төмен ауылдарға барудан ашық түрде бас тартуда. Мемлекет субсидия беруге ниетті, бірақ нақты механизмдер мен құқықтық нормалар жетілмеген.

Осыған орай, ұялы байланыс операторлары әлі күнге дейін өзінің ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына  антенна-діңгегін орнатуға байланысты Заңда қарама-қайшылықтар болғандықтан кедергілерге тап болуда. Атап айтқанда «Жер», «Кәсіпкерлік» кодекстеріне, «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Байланыс туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізуді қажет етеді.

 

 Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Үкіметтен:

  • Ауылдарға арналған интернет сапасы бойынша ұлттық стандарт енгізу;
  • Әлеуметтік маңызы бар мектеп, амбулатория, әкімдіктерді,  қызмет мекемелерін бірінші кезекте қосу;
  • Байланыс операторларына нақты субсидиялау механизмдерін қайта қарау;
  • Мемлекеттік жеке-меншік әріптестік аясында заңнаманы жетілдіру;
  • Аудан, ауыл әкімдерінің жұмысына ауылды цифрландыру деңгейі бойынша kpi бекіту;
  • Ауыл тұрғындарына арналған интернет тарифтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  • Халық тарапынан интернет сапасына баға беретін онлайн бақылау құралдарын еңгізу;
  • Қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, ведомство аралық жұмыс тобын құрып, әрбір ауылдық елді мекеннің байланыс сапасына және интернетке қолжетімділікке аудит  жүргізіп,  нақты  шаралар қабылдауды сұраймыз.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы жазбаша жауапты заңда белгіленген мерзімдерде ұсынуды сұраймыз.

 

 

Құрметпен,

Аграрлық комитеттің депутаттары:

                                                              С. АРУБАЕВ

 

Ә. БЕКТАЕВ

О. БУЛАВКИНА

С. ДҮЙСЕМБИНОВ

Ж. ЖӨРГЕНБАЕВ

А. ӨТЕҒҰЛОВ

Е. АЙТКЕНОВ

З. КУЗИЕВ

 

 

 

Жауабы

 

 

Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаттарына (тізім бойынша) 2025 жылғы 26 маусымдағы № 16-13-159Д/С сауалға

 

Құрметті депутаттар!

Ауылдық елдімекендерде жоғары жылдамдықты интернетті ұсынуға қатысты депутаттық сауалды қарап, келесіні хабарлаймын. Телекоммуникация саласының дамуы елдің экономикалық және әлеуметтік дамуында шешуші рөл атқарады. Ағымдағы жылдың қаңтар айындағы жай-күй бойынша елімізде 6298 елдімекен, оның ішінде 90 қала, 29 қалалық үлгідегі кент және 6179 ауыл бар. Бүгінгі күні 6179 ауылдың 4906-сы, оның ішінде: 2724-і – 3G; 2182-сі – 4G; 1902-сі – ADSL; 2654-і – талшықты-оптикалық байланыс желілері (бұдан әрі – ТОБЖ) түрлі технологиялар арқылы кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жоба шеңберінде 2028 жылға дейін халық пен кәсіпкерлік субъектілерді кемінде 100 Мбит/с деңгейінде болатын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ауылдық елді мекендер үшін интернет сапасының ұлттық стандартын енгізуге қатысты «Байланыс қызметтерінің сапа көрсеткіштерін бекіту туралы» Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2017 жылғы 22 қарашадағы № 410 бұйрығына сәйкес 3G стандарты үшін ең төменгі жылдамдық 1 Мбит/с, 4G стандарты үшін – 5 Мбит/с деңгейінде, сондай-ақ байланыс операторының тарифтік жоспарында мәлімделген жылдамдықтың кемінде 80 %-ы деңгейінде тіркелген кеңжолақты интернетке қолжеткізу жылдамдығының ең төменгі шегі болып бекітілген. 2 Бұл талап талшықты-оптикалық желілерді, радиорелелік желілерді және спутниктік учаскелерді қоса алғанда, барлық тіркелген қол жеткізу технологияларына қолданылады. Сондай-ақ 50 Мбит/с деңгейінде 5G стандартын қосу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Мектептерді, амбулаторияларды, әкімдіктер мен қызмет көрсету мекемелерін қосуға қатысты Әлеуметтік маңызы бар объектілерді интернет желісіне қолжетімділікпен қамту мақсатында мынадай жұмыстар жүргізілді. 2018-2020 жылдары МЖӘ тетігі арқылы 890 мектеп кемінде 50 Мбит/с жылдамдықпен интернетке қосылды. 2024 жылы мектептер ТОБЖ-ға қосылған сәтке дейін 1657 мектепте Starlink спутниктік байланысына пилоттық іске қосу жүргізілді. Жалпы елімізде 8004 мектеп тіркелген, оның ішінде 7917 мектеп түрлі технологиялар бойынша интернет желісіне қосылған (ТОБЖ — 4663 мектеп; радиорелелік байланыс — 1093 мектеп; Starlink — 1657 мектеп). Қалған 504 мектеп төмен жылдамдықты технологиялармен (16 Мбит/стан аз) қосылған. Анықтама: ADSL (мыс сым технологиясы) бойынша – 263 мектеп; LTE (мобильді модемдер) бойынша – 144 мектеп; спутниктік технологиялар бойынша – 97 мектеп. Сонымен қатар 2025–2027 жылдар аралығында «Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған инвестициялық келісім шеңберінде кемінде 100 Мбит/с жылдамдықпен интернетке қосу 3039 ауылдық елді мекенді және 5650 мемлекеттік мекемені (мектептер — 2011; фельдшерлік-акушерлік пункттер — 1959; полиция бөлімшелері — 249; шекара қызметі бөлімшелері — 68; ТЖМ бөлімшелері — 19; әкімдіктер — 571; ветеринариялық пункттер — 22; қоғамдық қолжетімділік нүктелері — 713; өткізу пункттері — 38) қамтиды. Байланыс операторлары үшін субсидиялау тетіктерін қайта қарауға қатысты Операторлар үшін әмбебап байланыс қызметтерін субсидиялау тетігін қайта қарау шеңберінде «Байланыс туралы» Заңның 34-бабының 2-тармағына субсидияланатын әмбебап байланыс қызметтерінің тізбесін кеңейтуге және байланыс операторларын қаржылық қолдаудың неғұрлым икемді тетіктерін құруға бағытталған түзетулер пысықталуда. Қазіргі уақытта бұл нормалар «Телекоммуникация нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына енгізілген. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде заңнаманы жетілдіруге қатысты 2025 жылғы наурызда «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңға МЖӘ шарттарының жіктемесін қайта қарауды, бір кезеңді және екі кезеңді конкурстарды таңдау тәсілін өзгертуді, жекеше әріптестің меншікті қаражатының болуы туралы талапты 20%-дан 10 %-ға дейін төмендетуді, МЖӘ келісімшарттарында валюталық тәуекелдерді басқару жөніндегі құралдарды 3 бекітуді және басқа да шараларды көздейтін түзетулер қабылданды. Аудандар мен ауыл әкімдері үшін ауылды цифрландыру деңгейі бойынша KPI белгілеуге қатысты «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 сәуірдегі № 350 қаулысына сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың даму жоспарларына тиісті өңірге бекітілген көрсеткіштер енгізіледі, бұл көрсеткіштер негізгі ұлттық индикаторлар картасына сәйкес айқындалады. 2024 жылы жергілікті атқарушы органдардың даму жоспарларына енгізілген өңірлер мен салалар бойынша декомпозияланған негізгі ұлттық индикаторлардың тізбесі бекітілді. Бұл ретте KPI қою процесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезекте KPI облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері үшін бекітіледі, одан әрі өңірдің функционалдық бағыты мен даму басымдықтарын ескере отырып, осы көрсеткіштерді төмен тұрған деңгейге декомпозиялау жүргізіледі. Ауыл тұрғындары үшін интернет-тарифтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге қатысты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті төрағасының 2017 жылғы 22 маусымдағы № 29 бұйрығымен ауылдық елдімекендерде көрсетілетін субсидияланатын әмбебап байланыс қызметтеріне арналған шекті бағалар бекітілген. Интернет сапасын қоғамдық бақылаудың онлайн-құралдарын енгізуге қатысты Кәсіпкерлік кодекске және ақпараттандыру, байланыс саласындағы тәуекел дәрежесін және тексеру парақтарын бағалау шарттарына сәйкес (Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 4 маусымдағы № 114/НҚ және Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 6 маусымдағы № 52 бірлескен бұйрығы), заңнаманың сақталуына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – ЦДИАӨМ) байланыс саласындағы тексерулер жөніндегі уәкілетті орган болып табылады. ЦДИАӨМ операторына қатысты жоспардан тыс тексерулер азаматтардың ұялы байланыс сапасына қатысты шағымдары бойынша жүргізіледі. Мұндай шағымдар «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн не қағаз түрінде жолданады және онда нақты мекенжай (ұялы байланыс қамту аймағы, https://www.speedtest.net/ru қосымшасы арқылы жылдамдықты өлшеу нәтижелері) және байланыс операторы, шағымданушы пайдаланатын қызметтер, сондай-ақ абоненттік нөмірдің тіркелуі жөніндегі растама көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар қазіргі уақытта ЦДИАӨМ Ookla компаниясының өкілдерімен ұсынылатын Интернеттің сапасын қоғамдық онлайн-бақылау және мониторингтеу мақсатында Сell Analytics онлайн-порталын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. 4 Анықтама: Cell Analytic — краудсорсингтік өлшеу деректерін пайдалана отырып, ұялы байланыс желілерін бағалау және салыстыру үшін құрылған онлайн портал. Ведомствоаралық жұмыс тобын құруға және әрбір ауылдық елді мекенде байланыс сапасы мен интернеттің қолжетімділігіне аудит жүргізуге қатысты «Ақ дақтарды» анықтау, ұялы байланыс сапасы мен Интернеттің қолжетімділігін тексеру мақсатында ауылдық елді мекендерде мүдделі мемлекеттік органдар мен байланыс операторларының ведомствоаралық өзара іс-қимылы көзделген. Мемлекеттік радиожиілік қызметіне бекітілген тұрақты шығу жоспар-кестесіне сәйкес байланыс сапасын бақылауды ұйымдастыру және жүргізу өкілеттігі берілген. Мәселен, 2025 жылға жабын сапасын тексеру және проблемалық аймақтарды анықтау үшін аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендер бойынша 385 шығу жоспарланған. Анықтама: көшпелі іс-шаралардың қорытындысы бойынша бірінші тоқсанда 5 «ақ дақ», екінші тоқсанда 46-сы анықталды. Сапасының төмендігі және проблемалық аймақтардың болуы анықталған фактілер оларды жою жөнінде нақты шаралар қабылдау үшін ұялы байланыс операторларына беріледі. 

О. Бектенов

 

Бөлісу