Жайылым тапшылығы туралы
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А. БЕКТЕНОВКЕ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан және қолданыстағы заңнаманы бұза отырып берілген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Осы үдерісті институционалдық тұрғыдан нығайту мақсатында Парламент Сенаты тарапынан да Заңға тиісті түзетулер қабылданды. («ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»)
Аталған шаралардың нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 14,3 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 1,1 млн гектары – егістік алқаптар, 12,7 млн гектары – 88,8 пайызы жайылымдық алқаптарды құрайды. Қайтарылған жерлердің 8,5 млн гектары қайта табысталып, ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.
Алайда, жайылымдық жерлердің елеулі көлемде мемлекет меншігіне қайтарылғанына қарамастан, еліміздің бірқатар өңірлерінде жайылым тапшылығы әлі де өткір күйінде қалып отыр.
Атап айтқанда, Маңғыстау облысында жайылым тапшылығы 2,3 млн гектарды құрайды. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайының күрделілігі, жауын-шашын мөлшерінің аздығы, сондай-ақ мал шаруашылығының дәстүрлі түрде кең ауқымда жүргізілуі бұл мәселені аса өзекті әлеуметтік проблемаға айналдырып отыр.
Түркістан облысында жайылым жетіспеушілігі 531,1 мың гектар көлемінде қалыптасқан. Мұнда халық тығыздығының жоғары болуы, жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басының көптігі және елді мекендер маңындағы жайылымдарға түсетін жүктеменің шамадан тыс артуы жердің тозуына, экологиялық ахуалға әкелуде.
Қызылорда облысында жайылым тапшылығы 403,2 мың гектарды құраса, Алматы облысында бұл көрсеткіш 758,8 мың гектарға жетіп отыр. Аталған өңірлерде таулы және тау бөктеріндегі аумақтардың ерекшеліктеріне байланысты жайылымдардың қолжетімділігі шектеулі, ал елді мекендерге жақын жерлерге түсетін салмақ жылдан жылға артып келеді.
Қостанай облысында жайылым тапшылығы 379 мың гектарды құрайды. Бұл өңірде егістік жерлер үлесінің жоғары болуы жайылымдық алқаптардың қысқаруына айтарлықтай әсер еткен.
Қайтарылған жайылымдардың бір бөлігі елді мекендерден алыс орналасқан, су көздері, жол, құдық секілді инфрақұрылымы жоқ немесе табиғи-климаттық тұрғыдан тиімді пайдалануға жарамсыз. Соның салдарынан шаруаларға қайта табысталғанымен, іс жүзінде ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ортақ жайылымға айналмай отыр. Мемлекет меншігіне қайтарылған жайылым жерлерінің көлемі мен өңірлердегі нақты қажеттілік арасында айқын алшақтық бар.
Сонымен қатар, жайылым тапшылығын тудырып отырған маңызды факторлардың бірі – бұрын ауыл шаруашылығы айналымында болған бірқатар жер учаскелерінің мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылуы.
Бұл мәселе Жамбыл облысына жасалған жұмыс сапары барысында да көтерілді. Атап айтқанда, 1989 - 1994 жылдарда жайылымдық жерлердің 2,3 млн гектары орман қоры есебіне енгізіліп, нәтижесінде шаруалар маусымдық жайылым кезінде пайдаланып келген алқаптар қол жетімсіз болып отыр.
Аталған жерлердің едәуір бөлігі қазіргі таңда орман өсіру функциясын атқармайды. Алайда, оларды мал шаруашылығы мақсатында пайдалануға қолданыстағы заңнама шектеу қойып отыр. Нәтижесінде ауыл шаруашылығына қолайлы алқаптар айналымнан тыс қалып отыр. Келтірілген деректер жайылым тапшылығының бірнеше өңірді қамтып отырған жүйелі мәселе екенін көрсетеді.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде Үкіметтен:
1. Елді мекендерден алыс орналасқан, су көздері мен жол, құдық секілді инфрақұрылымы жоқ жайылым жерлерін түгендеп, оларды ауыл шаруашылығы айналымына енгізу үшін қаржылық қолдау арқылы инфрақұрылым тартуды көздейтін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдауды;
2. Барлық өңірлерде жайылымдық жерлердің типін, табиғи аймақтарын және экологиялық-географиялық ерекшеліктерін айқындайтын кешенді ғылыми, геоботаникалық зерттеулер жүргізіп, олардың нәтижесін бірыңғай цифрлық базаға енгізуді;
3. Орман өсіру функциясын атқармай отырған, бірақ ауыл шаруашылығына қолайлы жерлерді жайылым ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктерді қарастыруды сұраймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес заңнамамен белгіленген мерзімде жазбаша түрде жауап қайтаруыңызды сұраймыз.
Құрметпен,
С. АРУБАЕВ
Ә. БЕКТАЕВ
Б. ОРЫНБЕКОВ
О. БУЛАВКИНА
С. ДҮЙСЕМБИНОВ
Ж. ЖӨРГЕНБАЕВ
Е. ӘЙТКЕНОВ
А. ӨТЕҒҰЛОВ
З. КУЗИЕВ