«Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қарау бойынша Комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілді.
«Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына
БАЯНДАМА
Құрметті Нұртөре Байтілесұлы!
Құрметті депутаттар! Шақырылғандар!
«Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» ХЕҰ – ның (Халықаралық еңбек ұйымы) № 131 конвенциясы ең төменгі жалақы жүйесін енгізудің халықаралық стандарттарын белгілейді.
Бұл конвенция 1970 жылы қабылданған және оның басты мақсаты – барлық жұмысшылар үшін әділ әрі жеткілікті ең төменгі жалақы деңгейін бекіту жүйесін құру болып табылады.
Конвенцияның ережелері – ұлттық деңгейде ең төменгі жалақыны бекітетін әділетті жүйені енгізу арқылы жұмысшылардың өмір сүру деңгейін арттыру және олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді.
Аталған құжаттың ережелері жалақы мөлшерін белгілеу кезінде келесілердің: қызметкерлердің қажеттіліктері, өмір сүру құны, экономикалық факторлардің ескерілуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ең төменгі жалақыны белгілеу және қайта қарау кезінде әлеуметтік әріптестік тараптарының міндетті қатысуы көзделеді.
Осы ретте, ҚР Үкіметі № 131 конвенцияның ережелеріне сәйкес 2024 жылғы 20 наурыздағы № 212 қаулысымен ХЕҰ ұсынымдарын ескере отырып Ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесі (бұдан әрі - Әдістеме) әзірлеп, бекітті.
Әдістемеге сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшері екі көрсеткіш – медиандық жалақы және еңбек өнімділігі негізінде анықталады.
Бұл тәсіл әлеуметтік әділеттілік пен ең төмен жалақының белгіленген деңгейінің экономикалық негізділігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, ұлттық нормалық-құқықтық актілер қаралып отырған конвенцияның талаптарына сәйкестендірілді.
Сонымен бірге, елімізде ең төменгі жалақыны Үкімет жыл сайын белгілейді және ол еңбек заңнамасында міндетті норма ретінде қарастырылғанын атап өткен жөн.
Анықтама:Қазақстанда соңғы 3 жылда ең төменгі жалақы мөлшері екі есеге ұлғайды.
Ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін ұлғайды. Барлық сала бойынша әр түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскерлердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет саласы қызметкерлерінің ақшалай табысы өсті.
Еліміз тарапынан № 131 конвенцияны ратификациялау:
- ең төменгі жалақыны айқындауға Қазақстанның қолданыстағы тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітуге;
- әлеуметтік диалогтың құқықтық базасын нығайтуға, әсіресе тараптардың ең төменгі жалақыны белгілеуге қатысуы бөлігінде;
- ХЕҰ-ға мүшелік шеңберінде Қазақстанның халықаралық міндеттемелерге бейілділігін растауға мүмкіндік береді.
Назарларыңызға рахмет!
СҰРАҚ –ЖАУАП
Құрметті төраға, әріптестер!
«Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенция (131-конвенция)» - жұмысшылардың әлеуметтік және экономикалық құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды халықаралық құжат.
Бұл конвенцияны ратификациялау - еліміздегі жұмысшылардың әділетті жалақы алуға деген құқығын қамтамасыз етіп, кедейлікпен күресуге және лайықты еңбек жағдайларын орнатуға жол ашады.
Қаралып отырған Заң жұмыс тобы отырыстарында жан-жақты талқыланды, сұрақтарға жауаптар алынды.
Заң бойынша комитет мүшелерінен, Сенат комитеттері мен Аппараттан ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ.
Баяндалғанды ескере келе, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 29-бабының 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Сенат отырысының қарауына енгізуді сұраймын.
Назарларыңызға рахмет!