Сенат отырысында «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды.
«Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» ҚР Заңы бойынша Сенат депутаты Ә.Қ. РАХМЕТОВАНЫҢ баяндамасы (09.10.2025ж.)
Құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті әріптестер!
Сіздердің қарауыңызға «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ұсынылып отыр.
Бұл конвенция 1970 жылы қабылданған және оның басты мақсаты – барлық жұмысшылар үшін әділ, әрі жеткілікті ең төмен жалақы деңгейін бекіту жүйесін құру болып табылады.
Конвенцияның ережелері – ұлттық деңгейде ең төмен жалақыны бекітетін әділетті жүйені енгізу арқылы жұмысшылардың өмір сүру деңгейін арттыру және олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді.
Аталған құжаттың ережелері жалақы мөлшерін белгілеу кезіндінде қызметкерлердің қажеттіліктері, өмір сүру деңгейі, экономикалық факторлардің ескерілуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ең төмен жалақыны белгілеу, қайта қарау кезінде әлеуметтік әріптестік тараптардың міндетті қатысуын көздейді.
Ең төмен жалақыны бекіту кезінде:
- • Ең төмен жалақы Үкімет тарапынан немесе арнайы орган арқылы белгіленуі тиіс.
- • Жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өкілдері бұл процеске қатысуы керек.
- • Белгіленген жалақы міндетті түрде орындалуға тиіс және оны бұзғандарға шара қолданылуы қажет.
Осы ретте, ҚР Үкіметі № 131 конвенцияның ережелеріне сәйкес 2024 жылғы 20 наурызда ХЕҰ ұсынымдарын ескере отырып Ең төмен жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесін (бұдан әрі - Әдістеме) әзірлеп, бекітті.
Әдістемеге сәйкес, ең төмен жалақы мөлшері екі көрсеткіш – медиандық жалақы және еңбек өнімділігі негізінде анықталады.
Бұл тәсіл әлеуметтік әділеттілік пен ең төмен жалақының белгіленген деңгейінің экономикалық негізділігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, ұлттық нормалық-құқықтық актілер қаралып отырған конвенцияның талаптарына сәйкестендірілді.
Еліміз тарапынан № 131 конвенцияны ратификациялау:
- ең төмен жалақыны айқындауға Қазақстанның қолданыстағы тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітуге;
- әлеуметтік диалогтың құқықтық базасын нығайтуға, әсіресе тараптардың ең төмен жалақыны белгілеуге қатысуы бөлігінде;
- ХЕҰ-ға мүшелік шеңберінде Қазақстанның халықаралық міндеттемелерге бейілділігін растауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, елімізде жұмысшылардың әділетті жалақы алуға деген құқығын қамтамасыз етіп, кедейлікпен күресуге және лайықты еңбек жағдайларын орнатуға жол ашады.
Заңның қабылдануы теріс саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және өзге де салдарларға алып келмейді.
Сенаттың тұрақты комитеттерінің және Сенат Аппаратының Заң бойынша ескертулері мен ұсыныстары жоқ.
Құрметті Төраға, құрметті әріптестер!
Баяндалғандардың негізінде, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес, Мәжіліс қабылдаған «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдауды ұсынады.
Қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рақмет!