Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Әсем Рахметова Петропавл қаласында бірқатар жұмыс кездесуін өткізіп, Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

05.01.2026 260

Парламент Сенатының депутаттары Ольга Перепечина мен Әсем Рахметова Петропавл қаласында бірқатар жұмыс кездесуін өткізіп, Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Сапардың мазмұндық негізі Мемлекет басшысының жақында берген сұхбатында айқындалған тұжырымдар болды. Онда ұлттық жобалардың басты мақсаты - азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті нығайту және экономиканың нақты секторын қолдау екені атап өтілген. Президент мұндай бастамалардың тиімділігі жергілікті жерлердегі нақты нәтижелер бойынша бағалануы тиіс екенін айтты.

Сапар барысында сенаторлар өткен жылы «Жас Өркен» шағын ауданында пайдалануға берілген Мұз сарайына барды. Парламентшілер хоккей корты мен 25 метрлік бассейні бар кешеннің материалдық-техникалық базасымен танысып, өңір тұрғындары үшін қолжетімді спорт инфрақұрылымының маңыздылығын атап өтті.

Әрі қарай сенаторлар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған және 600 оқушы орнына арналған «Береке» шағын ауданындағы № 29 орта мектепке барды. Бұл білім беру мекемесінің қауіпсіздік пен оқу процесі сапасының заманауи талаптарына сай келетіні айтылды.

«Жаңа форматтағы мектептер салу оқушы орындарының тапшылығын жоюға және тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алу үшін тең жағдайлар жасауға бағытталған», - деп атап өтті Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина.

Дәл осы шағын ауданда парламентшілер өткен жылдың соңында пайдалануға берілген Алтынбек Әбдірахманов атындағы № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметімен танысты. Бөлімше заманауи техникамен жабдықталған және төтенше жағдайларға ден қоюдың қолданыстағы стандарттарына сәйкес келеді.

«Өрт сөндіру бөлімшелерінің сенімді техникалық жабдықталуы - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы және мемлекет тарапынан тұрақты назар аударуды талап етеді», - деп атап өтті сенатор Әсем Рахметова.

Экономиканың нақты секторын дамыту және инвестициялар тарту мәселелері «Eco Glade» ЖШС толық циклді саңырауқұлақ фермасына және «Esil City» тұрғын үй кешеніне барған кезде талқыланды. Іскерлік өкілдерімен кездесулер барысында импортты алмастыру, мемлекеттік қолдау шаралары, жұмыс орындарын құру және тұрғын үй құрылысына заманауи стандарттарды енгізу мәселелері қаралды.

Бағдарламаның соңғы нүктесі Петропавл қалалық психоневрологиялық диспансеріне бару болды. Сенаторлар медициналық көмек көрсету жағдайларымен және мекеменің материалдық-техникалық базасының жағдайымен танысып, оны одан әрі жаңғырту және қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды күшейту қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша сенаторлар айтылған барлық ұсыныстың жинақталып, бейінді мемлекеттік органдарға жіберілетінін атап өтті. Өңір тұрғындары көтерген мәселелер депутаттық бақылауға алынды және одан әрі парламенттік жұмыста ескерілетін болады.

Бөлісу