Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қарау бойынша Комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілді.

24.12.2025 270

«Қазақстан Республикасының жоғары білім беру саласындағы біліктіліктерді тану туралы Азия-Тынық мұхиты аймақтық конвенциясын ратификациялау туралы»

Қазақстан Республикасы Заңына

БАЯНДАМА

Құрметті Нұртөре Байтілесұлы!

Құрметті  депутаттар! Шақырылғандар!

Бүгін сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының жоғары білім беру саласындағы біліктіліктерді тану туралы Азия-Тынық мұхиты аймақтық конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы ұсынылып отыр.

Заңның негізгі мақсаты 2011 жылғы 26 қарашада Токиода қол қойылған Конвенция Азия-Тынық мұхиты аймағында жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану саласындағы ынтымақтастықты орнатуға бағытталған.

Қазақстанда шетелдік білім туралы құжаттарды тану процесі елдің 1998 жылы Еуропалық өңірдегі жоғары білімге қатысты біліктіліктерді тану туралы Лиссабон конвенциясына қосылғаннан кейін белсенді түрде дамыды. Лиссабон конвенциясын ратификациялау Қазақстанның еуропалық елдермен халықаралық ынтымақтастығын дамытудың заңдық негізіне айналып, қазақстандық дипломдардың Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінде танылуын қамтамасыз етті.

Бұл қадам жоғары білімнің құрылымына, сапаны қамтамасыз ету жүйесіне және берілетін білімге қатысты ортақ тәсілдерді қалыптастыруға көмегін тигізді. Лиссабон конвенциясының негізгі параметрлерін іске асыру барысында Қазақстан Еуропалық өңір елдерінің академиялық тану және ұтқырлық жөніндегі ұлттық ақпараттық орталықтарының желісімен тығыз ынтымақтастықта болды.

Сондықтан, ЮНЕСКО шеңберінде әзірленген бұл Конвенция өңірдегі жоғары білім беру саласындағы біліктіліктерді бағалау және танудың бірыңғай стандарттарын белгілеу құралы болады деп танылып отыр.

Заң ережелері бойынша, Токио конвенциясын ратификациялау осы Конвенцияға  қатысушы елдердің жоғары білімге қатысты біліктіліктерді тану жөніндегі ұлттық ақпараттық орталықтарының аймақтық желісіне (APNNIC) кіруді көздейді

Аталған портал студенттер мен оқытушылардың физикалық немесе виртуалды ұтқырлығын ілгерілету үшін біліктіліктерді тану туралы ақпарат ұсынып отыр. Бүгінгі күні Токио конвенциясының тараптары болып табылатын он екі мемлекет бар олар: Ауғанстан, Армения, Аустралия, Қытай, Фиджи, Қасиетті Тақ, Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Ресей және Түркия.

Аталған желі арқылы шетелдік дипломдардың түпнұсқалығын растау, жоғары білім беру жүйесінің сапасы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды тану рәсімі үшін қажетті мәліметтерді қамтамасыз ету мәселелері бойынша жедел ақпарат алмасуға жағдай жасайды.

Қазіргі уақытта біліктілікті тану процесінде бірқатар шетелдік білім беру ұйымдарымен кері байланыс жоқ, олардан дипломдардың түпнұсқалығын растау, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымдарының аккредиттеу мәртебесін белгілеу үшін ресми жауап талап етіледі. Көп жағдайда Қытай, Моңғолия, Корея Республикасы, Жапония сияқты елдердің оқу орындары мен құзырлы органдарына ақпарат беру қиынға соғып отырған жағдайлар бар екені өздеріңізге белгілі.

Бұдан басқа, Қазақстан үшін Конвенция аясында біліктілікті тану үшін бірыңғай стандарттар енгізуге көңіл бөлінген, бұл жұмыс берушілер мен оқу орындарының жұмысын жеңілдетеді. Ел халықаралық студенттерге, әсіресе Азия-Тынық мұхиты аймағынан келген студенттер үшін тартымды бола түсуде, халықаралық студенттерге ашық ел ретінде өзінің халықаралық имиджін нығайтады.

Сонымен қатар,  өңірлік деңгейде біліктілікті тану саласындағы еліміздің ұстанымы нығая түседі. Қазақстан Азия-Тынық мұхиты аймағында жоғары білімнің біліктілігін тану саласындағы халықаралық стандарттарды қалыптастыруда белсендірек рөл атқара алады. Қазақстанның біліктілігін шетелде мойындау отандық жоғары оқу орындарының беделін арттырып, шетелдік студенттерді көбірек тартады. Конвенция тұрақты дамудың №4 «Сапалы білім беру» мақсатына қол жеткізуге, барлығының білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді және ЮНЕСКО-ның «Білім беру-2030» күн тәртібін жүзеге асыруға ықпал етеді.

Маңыздысы, Токио конвенциясын ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді және әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға әкелмейді.

Қазақстан конвенцияға қосылған жағдайда Орталық Азияның басқа елдеріне үлгі болып, біліктілікті мойындайтын орталыққа айналады деп күтілуде.

Назарларыңызға рахмет!

СҰРАҚ –ЖАУАП

Құрметті төраға, әріптестер!

Токио конвенциясына қосылу Қазақстан мен бүкіл Орталық Азиядағы білім беруді дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл еліміздің халықаралық аренадағы позициясын нығайтып, студенттер мен мамандардың ұтқырлығын арттыруға, сондай-ақ өңірдегі білім беру жүйелерінің интеграциясын күшейтуге ықпал етеді.

Қоғам үшін Конвенция студенттер мен мұғалімдердің ұтқырлығына жол ашады. Бұл елдер арасындағы білім мен тәжірибе алмасуды жеңілдетіп, білім беруді қолжетімді әрі сапалы етеді. Студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығының арқасында университеттер озық тәжірибе алмасуға және білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға мүмкіндік алады. Конвенция бірыңғай стандарттарды белгілеу арқылы шетелдік біліктіліктерді тануға кедергілерді азайтып, процедураларды жеңілдетеді және бюрократиялық шығындар азайады.

Қаралып отырған Заң жұмыс тобы отырысында жан-жақты талқыланды, сұрақтарға жауаптар алынды.

Заң бойынша комитет мүшелерінен, Сенат комитеттері мен Аппараттан ескертулер мен ұсыныстар  түскен жоқ.

Баяндалғанды ескере келе, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Қазақстан Республикасының жоғары білім беру саласындағы біліктіліктерді тану туралы Азия-Тынық мұхиты аймақтық конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Сенат отырысының қарауына енгізуді сұраймын.

Назарларыңызға рахмет!

 

 

Бөлісу