Сенат отырысында білім саласындағы халықаралық конвенцияны ратификациялады.
Құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті әріптестер!
Бүгін сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының жоғары білім беру саласындағы біліктіліктерді тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы ұсынылып отыр.
2011 жылғы 26 қарашада Токиода қол қойылған Конвенция Азия-Тынық мұхиты аймағында жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану саласындағы ынтымақтастықты орнатуға бағытталған. ЮНЕСКО шеңберінде әзірленген бұл Конвенция аясында дипломдар, академиялық дәрежелер мен өзге де біліктіліктерді тану рәсімін жеңілдету, оларды бағалауда ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету, сондай-ақ өңір елдері арасындағы академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейту мақсат етілген.
Токио конвенциясына Ауғанстан, Армения, Аустралия, Қытай, Фиджи, Қасиетті Тақ, Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Ресей және Түркия сияқты он екі мемлекет кіреді.
Заң ережелері бойынша, Конвенциясын ратификациялау оған қатысушы елдердің жоғары білімге қатысты біліктіліктерді тану жөніндегі ұлттық ақпараттық орталықтарының аймақтық желісіне (APNNIC) кіруді көздейді.
Аталған портал студенттер мен оқытушылардың физикалық немесе виртуалды ұтқырлығын ілгерілету үшін біліктіліктерді тану туралы ақпарат ұсынып отыр.
Бұл ортақ желі арқылы шетелдік дипломдардың түпнұсқалығын растау, жоғары білім беру жүйесінің сапасы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды тану рәсімі үшін қажетті мәліметтерді қамтамасыз ету мәселелері бойынша жедел ақпарат алмасуға жағдай жасалынған.
Конвенцияға қосылу азаматтарымыздың дипломдары мен біліктіліктерін Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінде танытуға, студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильдік мүмкіндіктерін жеңілдетуге, ұлттық білім жүйесінің тартымдылығын арттыруға, азаматтардың шетелде кәсібі бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Конвенцияны ратификациялау кезінде Қазақстан Республикасы бейресми оқу үлгілері арқылы алынған біліктіліктер мен ішінара оқу курстарын тануға қатысты 4- баптың 7- тармағына, 5-баптың 1,2 тармақтарына, 6 баптың 3, 8 баптың 4-тармағына ескертпе жасайды.
Токио конвенциясына қосылу Қазақстан мен бүкіл Орталық Азиядағы білім беруді дамыту жолындағы маңызды қадам.
Бұл құжат тұрақты дамудың №4 «Сапалы білім беру» мақсатына қол жеткізуге, барлығының білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге және ЮНЕСКО-ның «Білім беру-2030» күн тәртібін жүзеге асыруға ықпал етеді.
Заңның қабылдануы теріс саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және өзге де салдарларға алып келмейді.
Сенаттың тұрақты комитеттерінің және Сенат Аппаратының Заң бойынша ескертулері мен ұсыныстары жоқ.
Құрметті Төраға, құрметті әріптестер!
Баяндалғандардың негізінде, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес, Мәжіліс қабылдаған «Қазақстан Республикасының жоғары білім беру саласындағы біліктіліктерді тану туралы Азия-Тынық мұхиты аймақтық конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдауды ұсынады.
Қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рақмет!