Қостанай және Рудный қалаларында бірқатар кездесу өткізді
Сенат депутаты Б. Аққожина автомобиль өндіру және сатумен айналысатын кәсіпорын - Allur компаниясының ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, әрбір қатысушы өз сұрағын қойып, жан-жақты жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Сенатор Негізгі заң жобасының басты ережелеріне кеңінен тоқталып, еңбек ұжымының сұрақтарына жауап берді.
«Конституция – мемлекеттің іргетасы. Ұсынылып отырған өзгерістер әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге бағытталған. Әрбір қазақстандық реформалардың мәнін түсініп, саналы таңдау жасауы аса маңызды», – деп атап өтті Бибігүл Аққожина.
Сонымен қатар, депутат «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінің ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасындағы азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және азаматтық қоғам институттарын дамытуға қатысты нормалар түсіндірілді. Қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, сауалдарына жауап алды.
Бұдан бөлек, Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің студенттері мен оқытушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуы, ел болашағына ортақ жауапкершілік мәселелері талқыланды. Ашық пікірталас форматында өткен жиын студенттердің қызығушылығын тудырып, олар өз ойларын білдіріп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері бойынша толыққанды жауаптар алды.