Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»

09.12.2020 0

Заң жобасы Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы және Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия шеңберінде берілген тапсырмаларын, сондай-ақ Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарда көзделген шараларды іске асыруға бағытталған.

Ұсынылып отырған түзетулер 85 заңнамалық актіге, оның ішінде 14 кодекс пен 71 заңға 9 бағыт бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Бұл инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті және нақты секторды, орнықты қаржы нарығын, цифрландыруды, жобалық басқаруды, ақша-кредит, әлеуметтік және сауда саясатын дамыту.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін жетілдіру және рәсімдерін оңтайландыру көзделеді. Бизнес субъектілеріне қолайлы жағдай жасау үшін «Бірыңғай терезе» қағидаты бойынша «Бизнеске арналған үкімет» веб-порталын және бизнес әріптестердің Тізілімін енгізу жөніндегі тиісті функцияларды бекіту ұсынылады. Тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында жаңадан құрылатын объектілер үшін инвестициялар шегін 2 есеге дейін төмендету ұсынылады.

Заңнамалық деңгейде жасанды интеллектінің ұлттық платформасын қалыптастыруға жағдай жасайтын түзетулерді бекіту ұсынылады. Автомобиль көлігі саласында Зияткерлік көлік жүйесін дамыту, тасымалдаушылар үшін рұқсат бланкілерін беру процесін автоматтандыру, елдер арасындағы қатынастар транзитін мониторингілеу үшін ақпараттық база құру бойынша түзетулер ұсынылады. Бұл Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік саясат бойынша азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделу ақысын төлеу немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беру мақсатында пайдалану үшін түзетулер көзделген.

Жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту үшін мемлекеттік білім беру кредиті бойынша түзетулер енгізу ұсынылады. Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың, толық емес отбасылардың және мүгедектер тәрбиеленетін отбасылардағы балаларды қолдауды қамтамасыз ету мақсатында білім беру гранты бойынша квоталарды кеңейту ұсынылады.

Заң жобасын қабылдау экономика салаларын, оның ішінде пандемияға байланысты шектеу шараларының салдарынан зардап шеккен салаларды дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ тұрақты экономикалық өсудің негізін қамтамасыз етеді.

 

Бөлісу