Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

"Қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіру саласының дамуы туралы " депутаттық сауал

06.02.2020 0

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

Әріптестер!

 

Депутаттық сауалымыз Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне жолданады.

 

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

 

Біздің депутаттық сауалымыз елімізде қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіру саласының дамуы жайлы.

Аталмыш тұқым ғалымдар мен шаруашылық мамандарының бірлескен еңбегінің нәтижесінде жергілікті аналық қазақ сиырларын герефорд тұқымымен будандастырудың нәтижесінде шығарылып, 1950 жылы бекітілді.

1950-1990 жылдар аралығында бұл отандық тұқымның қарқынды өсуіне, өнімділігін арттыруға бағытталған жүйелі селекциялық  және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізілді

Еліміздегі асыл тұқымды он шақты ірі қара малдың ішінде негізгі тұқым болып табылатын қазақтың ақбас тұқымды малының  үлес салмағы бүгінгі күні  53%-ды құрап отыр.

Мемлекетіміздің азық-түліктік қауіпсіздігі мен экспортқа бағдарланған экологиялық таза өнім өндіруді қамтамасыз етуде бұл малдың әлеуеті өте жоғары.

Біріншіден, негізінен жайылымда бағылатын,  суық пен ыстыққа төзімді, ауруларға иммунитетін жоғалтпайтын бұл бағалы тұқымның - импорттық малдарға қарағанда жергілікті табиғи-экономикалық жағдайға анағұрлым бейімді екені уақытпен дәлелденген.

Екіншіден, аталған мал тұқымының ет өнімділік көрсеткіші, сапасы шетелдік мамандандырылған етті мал тұқымдарынан еш кем түспейді.

 Оның жайылып семіруге бейімділігі пайдаланылмай жатқан ондаған миллион гектар жайылымдарды игеру тұрғысынан да өте тиімді.

 

Өкінішке орай, бүгінгі күні қазақтың ақбас тұқымының даму көрсеткіштері төмендеу үстінде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, 90-шы жылдардан бері өнімділігі өзінің стандарттарынан 44 пайызға кеміген.

Саны жағынан 1990 жылы 1 млн 300 мың басқа жетсе, қазір бұл көрсеткіш күрт азайып, бір миллионға  кеміп отыр.

Сонымен қатар, қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама аясында  мал шаруашылығын дамытуда айтарлықтай кемшіліктер орын алуда.

Бұл саланы қолдауға бағытталған субсидиялардың тиімділігі өте төмен, өңделген өнім экспортын ұлғайту мәселесі отандық өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз ету проблемасына тірелуде. Оның бір дәлелі, өткен жылы экспортталған 156 000 тірі ірі қара малы, өкінішке орай, соның ішінде он мыңдай аналық бас шетке сатылған.

Қорыта айтқанда, бұл малдың ресурстық мүмкіндіктерін ұлғайтуға  және тектік әлеуеті жоғары отандық тұқымды көбейтуге бағытталған асылдандыру жұмыстарының жүйесі қалыптаспаған.

Бұл ретте, АШТӨ-і тарапынан, қолданыстағы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңы шеңберінде, жауапты уәкілетті орган - Ауыл шаруашылығы министрлігінің, аймақтарда осы саладағы жұмыстарды үйлестіру, оларға әдістемелік басшылық жасау, малдың асыл тұқымдық құндылығын бонитирлеу (бағалау) және т.б. сұрақтарды жетілдіру мен реттеу қызметін айқындау мәселесі алға тартылуда.

 

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

 

Ел игілігі болып табылатын, жергілікті жерге бейім қазақтың ақбас тұқымы малын жетілдіріп, бәсекеге қабілетті, заманауи талаптарға сай отандық брендімізді қалыптастыру үшін келесі маңызды шараларды жүзеге асыру қажет деп санаймыз.

 

Бірінші:

Нарықтық экономика жағдайындағы күн талаптарына сай және халықаралық келісімдер аясында біріздендіру, сәйкестендіру шараларын, сондай-ақ, цифрландыру бағдарламасын іске асыру, жалпы асыл тұқымды мал шаруашылығының тиімді жүйесін құру мақсатында заманауи нормативтік-құқықтық база қалыптастыру өте маңызды.

Осыған орай, қолданыстағы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңын және де басқа бұл саланы мемлекеттік реттеудің заңнамалық базасын жетілдіру қажеттігі туындайды.

 

 

 

                Екінші:

Әлеуеті өте жоғары отандық тұқым – қазақтың ақбас малын дамыту мақсатында мүдделі органдар мен ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, арнайы Бағдарлама қабылдау қажет деп санаймыз.

 

 

Үшінші:

Жауапты мемлекеттік органдар мен қазақтың ақбас тұқымының Республикалық палатасы тараптарынан селекциялық және асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарының сапасын бағалау тетіктерін жетілдіру, олардың асыл тұқымды мал шаруашылығының жағдайы мен даму деңгейіне жауапкершілігін нақтылауды  ұсынамыз.

 

Төртінші:

Малшы тапшылығын ескере отырып, оның мәртебесін көтеруге бағытталған жаңа сипаттағы мемлекеттік көзқарас қажет.

Бүгінгі қалыптасып отырған урбанизация деңгейі жағдайында шалғайдағы малшы қауымы балаларының интернатқа орналасуы, жоғарғы оқу орындарына түсу үшін квота, сондай-ақ, зейнеткерлік жасы және т.б. әлеуметтік қолдау шаралары Үкімет тарапынан кешенді қаралуы саланың дамуына серпін берер еді.

 

Бесінші:

Селекциялық асыл тұқымдық жұмыс деңгейі түбегейлі қалыптасқан бұрынғы асыл тұқымды мал зауыттары мен шаруашылықтарда шоғырланған сапалы асыл тұқымды жануарлар қорының сақталуына ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

Қазақстанның әр аймағында табиғи, жем-шөп, инфрақұрылым ерекшеліктеріне байланысты бейімделген желі (линия), зауыттық тип (заводской тип) популяциялары біздің селекционерлер үшін өте құнды.

Бұл мәселелерге қатысты ғалымдар мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ұсыныстары ескерілуі керек деп санаймыз.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес,белгіленген мерзімде депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

 

 

Құрметпен,

                                                                                                                                                Д.МУСИН                            
Бөлісу