Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәселесі жайлы депутаттық сауал

10.03.2022 0

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

 

«Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәселесі жайлы депутаттық сауал Үкімет басшысына жолданады.

 

Құрметті Алихан Асханұлы!

 

Тәуелсіздік жылдарында «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып,  заңнамалық база қалыптасты. Оның аясында Ұлттық парктердің алқабы бес есе өскен.

Бүгінде елде жалпы ауданы
2,7 млн гектарды құрайтын 14 мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар.

Оның ішінде 640 мың гектар аумақты алып жатқан Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Катонқарағай Мемлекеттік Ұлттық Табиғи Паркінің экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени құндылығы ерекше.

Мұнда «Мұзтау шыңы», «Кіндік тас», «Аустриялық жол» сияқты көрікті де киелі орындар, тарихи-мәдени, археологиялық жәдігерлер сақталған Берел қорғандары бар.

Туристік мәні зор бұл аймақта флора мен фаунаның алуан түрі шоғырланған, оның ішінде 30 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Табиғи саябақ – өсімдіктер мен жануарлардың сирек түрлерін, жалпы еліміздің биологиялық саналуандығын сақтауда, туристік қызметті жүзеге асыруға өте қолайлы.

Трансшекаралық  биосфералық резерват ретінде ЮНЕСКО-ың Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне енгізілуі - мекеменің мәртебесі мен құндылығының айғағы.


Облыс әкімдігінің шекара аймақтарын дамыту Бағдарламасы туризмді дамытуға оң ықпал етуде.


Десек те, шешімін талап ететін проблемалар да баршылық.

Мекеменің техникалық – экономикалық негіздемесіне жүргізілген түзетулерге сәйкес, оның материалдық-техникалық және кадрлық әлеуетін екі есе ұлғайту қажеттілігі анықталған.

Нормативтерге сәйкес Табиғи парктің құрылымы мен штаттық саны қосымша 5 бөлім және 5 филиал мен 732 бірлік болуы тиіс болса, қазіргі уақытта 354 адамды құрайды, яғни жүктеме екі еседен астам ұлғайған.

Cондай-ақ, инфрақұрылымға жоспарланған  11 млрд.теңге инвестиция салынбаған.

Жоғарыда аталғандар негізінде келесі мәселелерді қарастыруды сұраймын:

Бірінші:

Ұлттық паркті дамытудың Бас жоспарының толық іске асырылмауы салдарынан автокөлікпен қамтамасыз ету - 70, тракторлармен – 35, басқа арнайы техникамен - 4-тен 20 пайызды құраса, ал инспекторлардың көлікпен қамтылуы 36пайыз ғана.

Заңнамаға сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау мен күзету – өсімдік, жануарлар дүниесін сақтау мен олардың санын реттеу бойынша кешенді шараларын көздейді.

Бұл міндеттерді талап деңгейінде шешу материалдық-техникалық базаны түбегейлі нығайтуды қажет етеді.

Екінші:

Кадр тапшылығы мен табиғи ерекшеліктер жағдайында вахталық әдіс - парк аумағын қорғаудың мәжбүрлі шарасы болып отыр.

Алайда, жоғарыдағы тәсілмен жұмыс істейтін қызметкерлерге далалық жабдықталым төлемдерінің мәселесі шешілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес, орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлері бұл төлемдерге құқығы бар санаттардың тізбесіне кірмеген.

Осыған орай, тиісті уәкілетті орган аталған тізбеге осы сала қызметкерлерін қосу арқылы толықтыру енгізуі керек деп санаймын.

Үшінші:

Ұлттық парктің шектеулі шаруашылық қызмет аймағында жанама орман пайдалану, бал ара шаруашылығы, санитарлық мақсатта ағаш кесу және т.б. қызмет түрлеріне рұқсат берілген.

Алайда, ағаш кесушілерді есепке алу мен жинауға рұқсат алудың қолданыстағы жүйесі бір жылға дейін созылатын көп сатылы келісу рәсімдерін талап етеді.

Сондықтан да, уәкілетті органның рұқсат беру функцияларын жергілікті деңгейге беру заңнамалық тұрғыдан реттеліп, шешілуі қажет деп есептеймін.

Сонымен қатар, жергілікті халықтың сұранысына орай, заңнамадағы жанама пайдалану тізбесіне қарағай жаңғақтарын жинау да енгізілуі тиіс.

Төртінші:

«Үлкен Алтай» биосфералық резерваты шеңберіндегі ынтымақтастық - трансшекаралық экологиялық туризмді дамыту мен шекара маңындағы елді мекендердің ахуалына оң ықпал етері сөзсіз.

Бұл ретте, жауапты Министрлік тарапынан инфрақұрылымды қаржыландыру, сондай-ақ экотуристік брендингін құру,  келушілерге қызмет көрсету сапасын арттыру тетіктері қарастырылуы өзекті.

Бесінші:

Катонқарағайдың құнды табиғи кешендерін сақтау үшін заманауи зертханалармен қамтамасыз ету, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жеткілікті қаржыландыру, сондай-ақ, қызметкерлердің еңбекақысын арттыру зерделеніп, нақты шешілуі ұсынылады.

 

Құрметті Алихан Асханұлы!

 

Айтылған ұсыныстар бойынша тиісті шаралар қабылдауыңызды және заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

 

Құрметпен,                                                                                               Д.Мусин

 

                                                                                                                                    

Бөлісу