Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

аграрлық сектордағы қордаланып, түйіні шешілмей отырған бірнеше проблемалар себеп болып отыр

10.03.2022 161

Біріншіден, 2022 жылдың екі жарым айының өткеніне қарамай ауылшаруашылығын субсидиялау тәртібі әлі күнге дейін бекітілген жоқ. Биылғы жылы осы мақсатта бөлінетін республикалық трансферттер көлемі азайып, субсидияландырудың түрлері қысқарып, оларды бөлудің тәртібі мейлінше өзгеретін сияқты. Әрине, жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің тексерулерінен кейін аграрлық секторды субсидиялаудың реформасын жүргізу керек. Бірақ ол асығыс, аяқ астынан, 2-3 айдың көлемінде жасалатын нәрсе емес. Әсіресе биыл ауылшаруашылығы үшін өте ауыр жыл болайын деп тұр.

Құрғақшылық, судың тапшылығы, минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтердің қымбаттауы, оның үстіне Ресейге салынған санкцияларға байланысты азық-түлік тауарларының Қазақстанға ағылуы күтілуде. Ол, өз кезегінде, біздің шаруаларды тығырыққа тіреуі мүмкін. Осыны ескере келе, аграрлық секторды қолдау шаралары арта түсуі керек. Субсидиялардың біраз бөлігін жергілікті бюджеттерге арта салу да сала проблемасын күрделендіре түсетіні анық.

Әрине, субсидияландырудың тәртібі қатып қалған догма емес, саланы дамытудың мақсаттарына сай өзгертіліп тұруы да керек. Бірақ, ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне «өтпелі кезең» үшін кемінде бір жыл уақыт берілуі тиіс, өзгерістер жайы алдын ала ескертілуі керек. Өкінішке орай, нақты жағдай керісінше болуда.

Бірінші вице-премьер Р.В. Скляр мырзаның қатысуымен өткізілген субсидиялау тәртібінің таныстырылымында айтылғандай қаржылай қолдаудың ақпараттық жүйесі 2022 жылдың 1 шілдесіне ғана дайын болмақ.

Ал Оңтүстікте басталып кеткен көктемгі дала жұмыстарының проблемалары шаш етектен. Жанармайға, минералды тыңайтқышқа, ағын суға қатысты түйінді мәселелердің бір де біреуі шешілген жоқ. Соған қарамай субсидиялардың көлемі мен түрлері, оларды бөлудің тәртібі аяқ астынан өзгертілмек. Аграрлық сектор – эксперимент жасайтын алаң емес. Керісінше, әсіресе биылғы жылы ауылшаруашылығына қосымша қолдау көрсету қажет.

Мүмкін «Жасыл даму» АҚ есепшотындағы утиль алымнан құралған 200 млрд. теңгеден астам бос қалдықтың бір бөлігін аграрлық секторға жұмсаған дұрыс болар. Қазіргі таңда халықты  автокөлікпен емес, азық-түлікпен қамтамасыз ету маңыздырақ деп есептейміз. 

Екіншіден, ауылшаруашылығы тауар өндірушілері үшін ең қажетті минералды тыңайтқыштардың бағасы күрт өсіп отыр. 2021 жылдың қаңтар айында «ҚазАзот» АҚ өндіретін аммиак селитрасының тоннасы 81 мың теңге болса, желтоқсанда оның құны 200 мың теңгеге дейін көтерілген, яғни 2,5 есе.

Ал «Қазфосфат» АҚ шығаратын аммофостың бағасы сол уақыт аралығында екі есе қымбаттап, 207 мың теңгені құраған. Тыңайтқыштарды субсидиялаудың көлемі 50% деңгейінде қалған күннің өзінде, шаруалар қыруар шығынға ұшырағалы отыр. Өкінішке орай былтырғы жылы да, осы бағытта нақты ұстанымның болмауынан, өзімізде өндірілген минералдық тыңайтқыштардың 80% шетелге сатылып кеткен. Өсімдік шаруашылығындағы өнімдердің өзіндік құнының 15%-н тыңайтқыштар шығыны құрайды. Олай болса еліміздегі минералды тыңайтқыштардың бағасын және экспортын реттейтін тиянақты шаралар қабылдануы керек.

Үшіншіден, ауыл шаруашылығына қажетті ағын судың тапшылығы және оның бағасының күрт өсуі. Су тапшылығының болатындығы жыл басынан-ақ сезіліп тұр. Биылғы жыл оңтүстік өңірлеріндегі шаруаларға экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан ауыр соғайын деп отыр. Оның үстіне ағын суға бөлініп жүрген субсидиялардың тағдыры әлі белгісіз. Соған қарамастан «Қазсушар» АҚ ағын судың бағасын 2,5 есе қымбаттатқан.

Негізгі себебі – шетелдік қаржы ұйымдарынан алған займдардың төлеу уақытының келгендігі.

Қазақстан өкіметі, биылғы жылдың климаттық ерекшеліктерін, соңғы екі жылдың пандемияға қатысты ауыртпашылықтарын ескере отырып ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз етудің, оның бағасын төмендетудің нақты шараларын қабылдауы қажет.

Керек болса, әлемдік қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіп, шетелдік займдардың төлеу мерзімдерін қайта қарауды ұсынамыз.

Құрметті Әлихан Асханұлы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген  мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Бөлісу