Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина ХВҚ миссиясының басшысы Николас Бланшемен кездесті
ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Николя Бланшемен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыбы бюджеттік саясат және Қазақстанның ХВҚ-мен ынтымақтастығы мәселелерін талқылау болды.
Ольга Перепечина ХВҚ-ға экономикалық жағдайды бағалау және орнықты өсуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін саяси шаралар арқылы ұсыныстар беру мәселесінде жүйелі диалог жүргізгені үшін алғысын білдірді.
«Осы мақсатқа жету үшін Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жаңа құралдар мен мүмкіндіктерді іздеу арқылы қаржы, салық-бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіруді жақсарту қажеттігі туралы міндет қойды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Парламент қабырғасында Бюджет және Салық кодекстерінің жобаларын жаңа редакцияда қарау жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті бұл жұмысқа кірісіп кетті. Атап айтқанда, заңнамалық бастамадан басқа, әртүрлі алаңдарда бюджет және салық саясаты мәселелерін талқылай отырып, елеулі шаралар өткізілуде, мүдделі мемлекеттік органдармен кездесулер өткізілді», - деп атап өтті Ольга Перепечина.
Тараптар кездесу барысында экономиканы дамыту келешегіне, мемлекеттік басқару секторының бюджетін дайындаудағы комиссияның рөліне, бюджет реформаларының осы кездегі бюджеттік қағидалар мен бюджеттің орта мерзімді көрсеткіштерін іске асыруға қатысты мәселелерді талқылады. Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын арттыру мәселесіне, сондай-ақ шетелдік инвестиция тартуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған стратегиялық шараларға ерекше назар аударылды.
Николя Бланше өз кезегінде ХВҚ басшылығының атынан Қазақстандағы елдің ұзақ мерзімді орнықтылығы мен макроэкономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған реформаларға қолдау білдірді.