Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина: Атом энергетикасы – бұл жай ғана жоба емес, Қазақстанның болашағына жасалған қадам

27.09.2024 261

Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттары Ольга Перепечина мен Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар аудандар мен ауылдарды аралады. Олар Уәлиханов, Ақжар, Тимирязев және Шал ақын аудандарында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.

Сапар барысында орта мектеп ұжымдарымен, мансап орталығы мен «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалының қызметкерлерімен, сондай-ақ ауылдық клубтардың өкілдерімен, жастармен және жергілікті тұрғындармен жүздесулер өтті. Қазақстанда АЭС құрылысы және алдағы референдум талқылаудың басты тақырыбы болды. Сенаторлар тұрғындардың жобаның экологиялық қауіпсіздігіне және оның аймаққа әсеріне қатысты сұрақтарына жауап берді.

«Біздің міндетіміз – елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Атом энергетикасы – бұл жай ғана жоба емес, Қазақстанның болашағына жасалған қадам. Атом электр станциясынсыз біз ғылым мен технологияны бәсекеге қабілетті деңгейде дамыта алмаймыз. Дегенмен, экологиялық қауіпсіздік те басымдық болып қала береді және біз барлық қауіптерді ескеріп, азаматтардың денсаулығын қорғауға кепілдік беруіміз керек», – деп атап өтті Ольга Перепечина.

Әсем Рахметова Атом энергиясы «жасыл» деп танылғанын және жаңартылатын ресурстармен салыстырғанда да экологиялық ең таза энергия көздерінің бірі болып табылатынын айтты. Кездесулер барысында жолдардың жай-күйі, электрмен жабдықтау, ауыз судың сапасы және ауыл тұрғындарына маңызды басқа да тақырыптар көтерілді. Барлық айтылған мәселелерді сенаторлар заң шығару қызметінде пайдалануға уәде берді.


Бөлісу