Ольга Перепечина: Сенаторлар үшін өңір тұрғындарын алаңдататын мәселелерді талқылау маңызды
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина сенаторлар Әсем Рахметова және Ләззат Қалтаевамен бірге Солтүстік Қазақстан облысына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және мәслихат депутаттарымен кездесуде көктемгі су тасқынының салдарын жою, зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету, мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау және тағы басқа мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ сенаторлар VIII шақырылымның II сессиясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, Сенат вице-спикері Ольга Перепечина Палатаның 102 заң мақұлдағанын және депутаттық бастамалар аясында 33 заң әзірленіп қабылданғанын тілге тиек етті. Ал Үкімет пен мемлекеттік органдарға азаматтарды алаңдататын өзекті мәселелер көтерілген 200 депутаттық сауал жолданды.
«Біз өңірлер халықпен кездесіп, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді талқылаймыз. Кейін оларды Үкіметпен бірлесіп, пысықтаймыз. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұмыс істейміз. Сондықтан өз жұмысымызға сын көзбен қарауымыз керек. Барлық экономикалық және әлеуметтік реформалар қаржылық қамтамасыз етумен байланысты және оның шектеулері бар. Біз банктік және ақпараттық жүйелердің ашықтығын күшейту бағытында да жұмыс жүргізіп келеміз», – деді Ольга Перепечина.
Сапар барысында депутаттар Петропавлдағы облыстық перинаталдық орталық базасында ашылған «Қамқорлық» ерте араласу орталығына барды. Мұнда облыс тұрғындарына тегін қызмет көрсетіледі. Орталықта үш жасқа дейінгі балалар жаттығу терапиясы бойынша невропатолог, реабилитолог, терапевт сияқты кәсіби мамандардың қызметтерін ала алады. Нысанның жұмысымен танысқан депутаттар механотерапия, сенсорлық, батыру және шунгит бөлмелерінің қызметіне де назар аударды.