Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина UNICEF аймақтық директоры Реджина Де Доминичиспен кездесті
Сенатта ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина БҰҰ Балалар қорының (UNICEF) Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша өңірлік директоры Реджина Де Доминичиспен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарына қоса бала құқықтарын қорғау, инклюзивті білім беруді дамыту, lенсаулық сақтау жүйесін жақсарту, сондай-ақ халықтың осал топтарын қолдау мәселелері талқыланды.
«UNICEF – балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті қоғам құру ісіндегі біздің стратегиялық серіктесіміз. Біз Қордың Қазақстандағы әрбір баланың әл-ауқатына бағытталған білім беру және әлеуметтік саясатты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Біздің ынтымақтастығымыз кеңейе түсіп, болашақ ұрпақ үшін нақты нәтиже әкелетініне сенімдімін», - деп атап өтті Ольга Перепечина.
Кездесу барысында 2021-2025 жылдарға арналған ел бойынша бағдарламаны іске асыруға, сондай-ақ өзекті деректер негізінде тиімді саясатты қалыптастыруға мүмкіндік беретін балалардың әл-ауқат индексін қалыптастыруға баса назар аударылды. Тараптар сондай-ақ «Балаға қолайлы қалалар» бастамасын табысты іске асыру, инклюзивті білім беру саласындағы заңнамалық реформаларды, балалары бар отбасыларды қолдау шараларын және Қазақстандағы Әлеуметтік кодексті қабылдау тақырыбын талқылады.
Реджина Де Доминичис Қазақстандағы бала құқықтарын қорғау саласындағы елеулі істерін атап өтті және балалар мен жастардың өмірін жақсартуға бағытталған бастамаларды кеңейту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.