Ольга Перепечина Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының сессиясында Қазақстандағы құқықтық реформаларды талқыға салды
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Страсбург қаласында өткен «Демократиялық реформалар – тұрақтылық пен өркендеудің негізі» тақырыбындағы Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының сессиясы аясындағы дөңгелек үстел отырысына қатысты. Онда Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова баяндама жасады.
Сарапшылар Конституцияның үстемдігін нығайту, конституциялық бақылау институтын дамытудың өзекті мәселелері және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы сот билігінің рөлін талқылады. Құқық қорғау тақырыбына, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, демократиялық құндылықтарды ілгерілету саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Сенатор Ольга Перепечина Қазақстанда жүзеге асып жатқан реформаларға еуропалық парламентшілердің назарын аударды.
«Саяси реформаның мақсаты адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, билік тармақтары мен орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы тұрақты саяси диалог орнатты. Біздің ынтымақтастығымыз толық түсіністік пен сенім атмосферасында дамуда. Бүгін біз құқық үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтарын қорғау мәселелерін қоса алғанда, түрлі салаларда табысты өзара іс-қимыл жасаймыз», - деді Ольга Перепечина.
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге сенім білдірді. Сондай-ақ демократия мен заң үстемдігі аясында орнықты даму мен халықаралық ынтымақтастықтың негізі ретінде жоғары деңгейдегі диалогтың маңыздылығын атап өтті.