Сенатта Қазақстан мен Испанияның парламентаралық ынтымақтастығын кеңейтудің келешегі талқыланды
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Испания Корольдігі Сенатының Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және азық-түлік комитетінің төрағасы Хорхе Доминго бастаған делегациямен, сондай-ақ Испанияның Қазақстандағы Елшісі Луис Франсискомен кездесті.
Ольга Перепечина әңгіме барысында Қазақстан адам құқықтарын нығайту, заң үстемдігі мен демократиялық институттарға бағытталған ауқымды саяси өзгерістер сатысында тұрғанын атап өтті. Төраға орынбасары 2022 жылғы конституциялық реформаның, Парламенттегі кешенді өзгерістер және Конституциялық сот құрудың маңыздылығына тоқталды. Сенатор сондай-ақ Қазақстанның дінаралық диалогты дамыту жөніндегі күш-жігерін атап өте келіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің бейбітшілік пен ынтымақтастықтың жаһандық платформасы ретіндегі маңызына мән берді.
«Полиэтникалық ел бола отырып, Қазақстан дінаралық және мәдениетаралық диалогты ілгерілетуге баса назар аударып отырады. 2003 жылы еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуге бастамашы болды. Съезд осы жылдар ішінде дінаралық диалогты ілгерілету және қазіргі заманның өткір мәселелерін шешуде рухани көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру жөніндегі жалпыға бірдей танылған халықаралық алаңға айналды. Осы жылдың қыркүйек айында Астанада «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтеді. Бүгінгі таңда халықаралық қоғамдастықтың алдында тұрған негізгі мәселелерді шешуде діни көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру басты назарда», - деді сенатор.
Кездесуге қатысушылар сонымен қатар парламентаралық ынтымақтастық, экономикалық өзара іс-қимыл, көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту, жасыл энергетика, экология, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрлық технология және жасанды интеллект мәселелерін талқылады.
Хорхе Доминго өз кезегінде Қазақстан мен Испания арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықылас білдірді.
Кездесуге Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, сондай-ақ сенаторлар Айгүл Қапбарова мен Алишер Сатвалдиев қатысты.