Сенаторлар Солтүстік Қазақстандағы Айыртау және Ақжар аудандарында болды: Ауылды дамыту және жастарды қолдау жайы талқыланды
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау және Ақжар аудандарында болды. Депутаттар инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту және ауылдық жердегі өмір сүру жағдайын жақсартуға назар аударды.
Сенаторлар Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында спорт стадионының құрылысын көріп, шұғыл жаңғыртуды қажет ететін кәріз құрылысының жай-күйімен танысты. Олар Кутузовка ауылында құрғақ бие сүтін өндіретін ферманың құрылыс алаңында, Горное ауылында орман питомнигінде болып, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты тұрақты пайдалану мәселелерін талқылады.
Аймаққа барғандағы негізгі шаруаның бірі – жергілікті тұрғындармен кездесу болды. Ауыл тұрғындары инфрақұрылымға, жұмыспен қамтуға және әлеуметтік қызметтердің сапасына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.
«Біз ауылдарды сақтау мен дамытуға қажетті барлық жағдайды жасай отырып, ауылдық жерлерде жайлы ахуал қалыптастыруға көңіл бөлуіміз керек. Жастардың жұмыс іздеп қалаға кетуі – күрделі мәселе. Ауылда жұмыс орындарын ашу – бүгінгі күннің басты міндеті, өйткені ол толыққанды өмір сүрудің негізі болады», - деп атап өтті сенатор Әсем Рахметова.
Депутаттар Ақжар ауданында «Көкшетау-Бидайық-РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты, №1 Ленинград орта мектебінде болды, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардағы жұмыстарға куә болды. Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында газ жеткізу, сумен жабдықтау, кентішілік жолдардың жай-күйі, сондай-ақ кәріз-тазарту құрылысының жұмысы талқыланды.
Ольга Перепечина аймаққа сапары барысында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсіміне қатысты. Бұл шара «Samgau-2025» бағдарламасы аясында өтті.
«Әр түлектің өз кәсібін тауып қана қоймай, туған өлкенің және жалпы еліміздің дамуына үлес қосуын тілеймін. Игерген білім мен үйренген дағды табысты еңбек жолында берік негіз болатыны ақиқат. Солтүстік Қазақстан университеті өз түлектерін мақтан тұтатын болады. Өйткені дәл осы жерде өмірді жақсы жаққа өзгерте алатын болашақ көшбасшылар мен білікті мамандар қалыптасады», - деді Ольга Перепечина.