Сенаторлар Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың басым бағыттарымен танысты
Сенаторлар Ольга Перепечина мен Әсем Рахметова облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті. Кездесуге қатысушылар негізгі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін, халықты әлеуметтік қолдау шараларын, сондай-ақ өңір тұрғындарына аса маңызды тақырыптарды талқылады. Сенаторлар аймақтағы оң өзгерістер еліміздегі заңнамалық үдерістерге тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Қазақстан заңнамасы ең алдымен қарапайым азаматтарды қолдауға бағытталған. Сондықтан мұндай жұмыс сапарлары ерекше маңызға ие – олар жергілікті жерде мемлекеттік бастамаларды іске асыру нәтижелерін көруге және тұрғындардың өз пікірлерін тыңдауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ольга Перепечина.
Сенаторлар сапар аясында Аққайың ауданында болып, Ленинское ауылындағы елді мекен ішіндегі жолдарды жөндеу барысымен танысты, сондай-ақ «Оқжетпес» балалар жазғы лагерін көрді. Смирново ауылында тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру туралы ақпарат айтылды. Аймақтық бағдарлама бойынша бес көшеге асфальт төселді, бұл тұрғын үй жағдайын едәуір жақсартты және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттырды.
Жергілікті билік өкілдері өзекті мәселелерге, атап айтқанда, қаржыландырудың кешігуіне және ауылдық аумақтардың қажеттілігіне бөлінетін бюджет қаражатының шектелуіне сенаторлардың назарын аударды. Сенаторлар сапар соңында талқыланған бастамалар өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға, өмір сүру сапасын арттыруға және ауылдық инфрақұрылымды дамытуға оң әсер ететінін атап өтті.