Сенатор Нұртөре Жүсіп көркемдік білім мен мәдени саясаттың дамуы туралы айтты
Сенатор Нұртөре Жүсіп Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының басшылығымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу барысында өнер саласын дамыту мәселелерін талқылады.
Депутат академия еліміздегі негізгі зияткерлік және шығармашылық орталықтардың бірі және ұлттық өнер мектебінің ұстасы екенін атап өтті. Мұнда болашақ сахна, экран және бейнелеу өнері шеберлерінің көркем ойы, кәсіби мәдениеті және азаматтық жауапкершілігі қалыптасады. Сенатор көрнекті мемлекет және мәдени қайраткердің есімімен аталатын академияның тарихы Қазақстандағы мәдениет пен мемлекеттіліктің өзара байланысын айқын көрсететінін, ал дәстүрді сақтау мен заманауи көркемдік сипатты дамытудың үйлесімі уақыт рухына сай келетінін және еліміздің мәдени болашағын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Әлеуметтік және технологиялық қарқынды өзгерістер жағдайында өнер ұлттық бірліктің, тарихи сабақтастықтың және қоғамның рухани тұрақтылығының белгісі ретінде ерекше миссияға ие болады. Осыны сезіне отырып, мемлекет мәдениет пен өнерді дамытудың құқықтық негізін дәйекті түрде нығайтып келеді. Осыған байланысты өнер мен мәдени мұраның шынайы құндылықтарын қорғауға, оның ішінде орындаушылық өнердің кәсіби стандарттарын сақтау, жанды дауыс, сахна мәдениетін қорғау және көрерменді құрметтеуда аса маңызды фонограмманы пайдалануды шектеуге бағытталған Парламент Сенаты мақұлдаған заңнамалық нормаларды атап өткім келеді», - деді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор сонымен қатар өнер саласына білікті маман даярлау мәселесі де маңызды екенін ерекше атап өтті.
«Көркемдік білім беру жүйесінің алдында кәсіби дағдыны жеткізу ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, жаһандық кеңістікте жұмыс істей алатын мәдени жауапты, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру міндеті тұр. Оқытушылар, олардың мамандыққа деген талапшылдығы мен адалдығы болашақ қазақстандық өнердің сапасын айқындайды. Қазіргі жағдайда білім беру бағдарламаларын жаңарту, оқытудың практикалық құрамдас бөлігін күшейту және театр, киностудия, мұражайлар және халықаралық мәдени институттармен ықпалдасу ерекше өзекті болып отыр. Бұл мемлекет пен кәсіби қоғамдастықтың өзара тығыз іс-қимылын талап етеді», - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Кездесуге қатысушылар сонымен қатар магистратура мен докторантураны бітірген мамандардың жалақысына үстемеақы белгілеу мәселесін талқылады. Сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби дәрежесін арттыру туралы да ұсыныстар айтылды.