Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Нұртөре Жүсіп ел Президентінің тарихи ғылымның рөлі жөніндегі месседжін Орталық мемлекеттік архив қызметкерлерімен талқылады

05.01.2026 350

Нұртөре Жүсіп Орталық мемлекеттік архивке барып, оның қызметкерлерімен тарихи ғылымды дамытудың қоғамды ұйыстырудағы маңызды фактор ретіндегі маңызын талқылады. Бұл мәселеге өз сұхбатында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған болатын. Сонымен қатар сенатор мекеменің материалдық-техникалық базасымен және сирек тарихи құжаттарды сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Сенатор Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында ұлттық өзіндік сананың, қоғамдық келісімнің және ұрпақтар сабақтастығының негізі ретінде шынайы, құжаттармен дәлелденген тарихтың айрықша маңызын атап өткенін айтты. Осы тұрғыда архивтер тарихи жадының шынайылығын сақтауда және қоғамның өз тарихына жауапты көзқарасын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.

Мекеме ұжымымен өткен кездесуде Нұртөре Жүсіп архив мемлекеттің тірі жады әрі ұлттық бірегейліктің маңызды элементі екенін атап өтті. Ол еңбек өтілін қалпына келтіру, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын растау және отбасылық тарихты зерделеумен байланысты архив қызметінің әлеуметтік маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінде архив ісі тек ғылыми және мәдени ғана емес, сонымен қатар айқын әлеуметтік өлшемге ие. Мыңдаған азамат әділдікті қалпына келтіру, құқықтарын растау және өз отбасының тағдыры туралы жадыны сақтау үшін архивтерге жүгінеді. Бұл жұмыста сіздер маңызды қоғамдық миссия атқарып отырсыздар», - деді Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ сенатор Президент сұхбатында цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізуді мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындағанын атап өтті. Оның айтуынша, архив қорларын ауқымды түрде цифрландыру және архив саласының цифрлық инфрақұрылымын дамыту осы міндеттердің практикалық жүзеге асырылуы болып табылады және азаматтардың құжаттық мұраға кең, ашық әрі қолайлы қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша архив саласын жаңғырту, материалдық-техникалық базаны нығайту және цифрлық шешімдерді белсенді енгізу жөніндегі шаралар іске асырылуда. Бұл тарихи жадымен жұмыс істеудің ашық әрі жауапты мәдениетін қалыптастырады», - деп атап өтті сенатор.

Сонымен қатар парламентші архивтердің тарихи ағарту, ғылыми зерттеулер және өскелең ұрпақты тәрбиелеу орталығы ретіндегі маңызын атап өтті. Ол Сенат тарапынан архив ісін дамытуға, Ұлттық архив қорының қорғалуын күшейтуге және құжаттарды сақтау мен пайдаланудың заманауи стандарттарын енгізуге бағытталған бірқатар заңнамалық нормалар мақұлданғанын еске салды.

Бөлісу