Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенаторлар Алматыда психикалық денсаулықты сақтауды дамыту мәселелерін талқылады

06.01.2026 308

Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Жанна Асанова Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Психикалық сауықтыру орталығында болды. Онда мекеменің материалдық-техникалық базасымен және халықтың психикалық денсаулығын қорғау жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Нұртөре Жүсіп Орталықтың басшылығымен және ұжымымен кездесу барысында қазіргі заманғы әлеуметтік және ақпараттық сын-қатерлер, эмоционалдық салмақтың өсуі және өмірдің асығыс үрдісі жағдайында психикалық денсаулық мәселесі ерекше маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекет денсаулық сақтау жүйесінде ұлт денсаулығын нығайту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтаудың адамға бағдарланған үлгісін қалыптастыруға бағытталған реформаларды дәйекті түрде іске асырып келеді. 

Депутат сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында қоғамның тұрақты дамуының негізгі факторы ретінде әлеуметтік сала мен денсаулық сақтау жүйесінің ерекше маңыздылығын атап өткенін еске салды. Мемлекет басшысы Қазақстан әлеуметтік мемлекет мәртебесін сақтап отырғанын, ал медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі мемлекеттік саясаттың тұрақты басымдықтарының қатарында екенін айтқан болатын.

«Бүгінде жасөспірімдер мен жастар арасында суицид мәселесі өте өткір тұр. Бұл қазіргі қоғамдағы денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, білім беру, әлеуметтік қорғау, отбасы және тәрбие саласына әсер ететін ең алаңдатарлық және сезімтал мәселенің бірі. Мемлекет үшін бұл проблемамен күресу адами капиталды, елдің болашағын және сөздің кең мағынасында ұлттық қауіпсіздікті сақтауға тікелей байланысты стратегиялық міндет болып табылады. Осыған байланысты мемлекеттің күш-жігері ерте профилактиканы, дағдарысқа орай психологиялық көмекті, қолжетімді психотерапияны дамытуға, сондай-ақ қауіптерді уақтылы анықтауға және өмірі қиын жағдайға тап болған балалар мен жастарға қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін мекемеаралық өзара іс-қимылды қалыптастыруға бағытталған. Міне, осы орталық сияқты мамандандырылған психологиялық және психикалық сауықтыру орталықтарының рөлі маңызды», - деді Нұртөре Жүсіп.

Жанна Асанова өз кезегінде психиатриялық және психологиялық көмек жеке тұлғаны құрметтеу, пациенттің құқықтарын қорғау және оның әлеуметтік интеграциясы қағидаттарына негізделген жалпы денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде қаралатынын атап өтті. Амбулаториялық көмектің мүмкіндіктері кеңейтілуде, көпсалалы топтар енгізілуде, пациенттердің өмір сүру сапасын қалпына келтіруге және адамды қоғамға қайтаруға бағытталған оңалту бағдарламаларының маңызы күшейтілуде.

«Алматы қаласының психикалық сауықтыру орталығы емдік, консультациялық, психотерапиялық және оңалту көмегін біріктіре отырып, аса маңызды миссияны орындап келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінің артында нақты адам тағдыры, отбасылар, әсіресе дағдарыстармен күресуге, өмірді сақтауға және ішкі болмыс тірегін табуға көмектесетін балалар мен жастардың тағдыры тұр», - деп атап өтті Жанна Асанова.

Парламентшілер сонымен қатар психикалық денсаулық жүйесін дамыту мәселелеріне парламенттік деңгейде ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Бұған дейін Сенат басшылығы Астана қаласындағы психикалық денсаулық орталығында болып, мекеменің қызметімен, оның материалдық-техникалық базасымен, көмек көрсету шарттарымен танысты, сондай-ақ медицина қызметкерлерімен, басшылықпен және пациенттермен кездесулер өткізді. Ашық диалог барысында мамандардың күнделікті тәжірибеде кездесетін нақты проблемалары айтылды: жоғары кәсіби жүктеме, эмоционалды түрде торығуға ұшырау, жабдықты жаңарту қажеттігі және тағы басқа да  тақырыптар айтылды. Алматыдағы бүгінгі кездесу мемлекет пен кәсіби қоғамдастық арасындағы осы сындарлы диалогтың заңды жалғасы болып табылады.

Сапар қорытындысы бойынша орталық басшылығы мен ұжымы қолданыстағы емдеу әдістерін жаңарту, оңалту бағдарламаларын кеңейту және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ психологиялық және психиатриялық көмек жүйесін одан әрі дамыту туралы өз ойларын ортаға салды.


Бөлісу