«Бір ел - бір мүдде»: Экстремизмнің алдын алу туралы парламенттік пікірталас
Парламенттегі «Бір ел - бір мүдде» депутаттық тобы «Экстремизм мен радикализмнің алдын алу - қоғамдық келісімнің факторы» деген тақырыпта отырыс өткізді.
Шараны ашқан депутаттық топтың жетекшісі Нұртөре Жүсіп жаһандық өзгерістер, цифрландыру, көші-қон және ақпараттық процестердің күшеюі кезінде қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздік мәселелері ерекше өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, экстремизм мен радикализм қоғамдық санаға теріс әсер етіп, этносаралық және конфессияаралық келісімге қауіп төндіретін күрделі мәселе болып қала бермек. Сондықтан бұл құбылыстардың алдын алу - қоғам бірлігі мен тұрақты дамуды сақтаудың негізгі шарты.
«Экстремизм мен радикализм өздігінен пайда болмайды. Олардың таралуына әлеуметтік, экономикалық және идеологиялық факторлардың жиынтығы, сондай-ақ деструктивті күштердің мақсатты ақпараттық ықпалы себепші. Әсіресе, діни және ұлттық риториканы радикалды мақсатта пайдалану үлкен қауіп төндіреді. Цифрлық ортада мұндай идеялар тез тарайтындықтан, оларға қарсы тұру мен алдын алудың жаңа әрі тиімді әдістері қажет», - деді Нұртөре Жүсіп.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылармен пікір алмасу барысында депутаттық топ жетекшісі экстремизм мен радикализмнің алдын алу жұмыстарына жеке тоқталды. Бұл тек заңсыз әрекеттердің жолын кесу ғана емес, ең алдымен радикалдануға итермелейтін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған жүйелі әрі алдын алу қызметі ретінде қарастырылуы тиіс.
«Экстремизм мен радикализмнің алдын алу қоғамдық келісімді нығайтумен тікелей байланысты. Өзара құрметке, диалог пен сенімге негізделген қоғам радикалды ықпалдарға төтеп бере алады. Ортақ азаматтық бірегейлікті қалыптастыру және мәдени, діни әртүрлілікті құрметтеу – радикализмге тиімді қарсы тұрудың негізгі факторлары», - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар алдын алу жұмыстарын жетілдіру, сондай-ақ сенім мен диалог мәдениетін нығайту шаралары бойынша практикалық ұсынымдар әзірледі. Сарапшылар бұл ұсынымдар әлеуметтік шиеленісті азайтуға және қоғамның тұрақты дамуының кепілі ретінде қоғамдық келісімді нығайтуға септігін тигізеді деген пікір білдірді.