Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Тәуелсіздік күніне мақала жобасы

11.12.2020 0

Тәуелсіздік - қазақстандықтардың басты құндылығы.

 

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап біздің алдымызда елдің алғашқы жаңа құқықтық жүйесін  құру міндеті қойылды. Оның үстіне Кеңес Одағы кезінде жинақталған тәжірибені жаңа саяси және экономикалық жағдайларда қолдануға келмейтін кездер болды.

Қазақстан құқықтық жүйені кезең-кезеңімен, сонымен бірге дәйекті және мақсатты түрде дамыту жолын қолға алды.

Алғашқы қадам - саяси және әлеуметтік институттарды реформалауға бағытталған 1993 жылғы 30 қаңтардағы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституцияны қабылдау болды. Кеңестік кезеңде қабылданған заңнаманың қолданысын жалғастыра отырып, бір уақытта, Қазақстанның тиісті нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу және қабылдау бойынша міндеттерді іске асыру маңызды болды. 

1995 жылы 30 тамызда өткен республикалық референдумда қабылданған және биыл 25 жылдығы аталып өткен Қазақстан Республикасының Конституциясы экономикалық, саяси және құқықтық жүйенің дамуындағы жаңа кезең болды.

Конституция бүкіл құқықтық жүйенің берік негізі болды. Оның негізінде барлық заңнамалық және заңға тәуелді актілер қабылданды.

Сонымен қатар, Конституция – бұл қатып қалған формация, дәлелденбеген қағида (догма) емес. Атап айтсақ, 2017 жылы болған конституциялық реформалар оны  жетілдіруге қабілетті «тірі организм» екенін көрсетті.

Қазақстанның құқықтық жүйесі, жекелеген заңдар мен заңға тәуелді актілер, мемлекеттік және қоғамдық институттар әрдайым жетілдіріліп тұрады. Барлық өзгертулер Конституцияда анықталған бағдарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

Кез-келген заңды әзірлеу, талқылау, қабылдау, мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның кез-келген әкімшілік әрекетін жүзеге асыру кезінде, олардың конституциялық қағидаларға сәйкестігін қарау қажет. Бұл қағидалар ең қиын экономикалық және әлеуметтік мәселелерден шығудың негізі болып қала береді.

Пандемиямен қатар экономикалық факторлардың әсерінен туындаған жаһандық дағдарыс қазіргі әлемдегі мемлекеттің рөлін төмендетуге болмайтынын айқын көрсетті. Сонымен бірге барлық жаһандану мен интеграциялық процестерге қарамастан ұлттық мемлекеттердің рөлі артты. Бүгінгі күні тек ұлттық мемлекеттер ғана өз азаматтарына қолдау көрсетіп, ел экономикасын сақтап қалуда.

Осы жылдың желтоқсан айының басында өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында қатысушы мемлекет басшылары Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен құрылған елдегі саяси тұрақтылық жағдайын үлкен жетістік деп атады және оны қазіргі Президент Қ.К. Тоқаевпен тиімді жалғастырылып жатқанын атап өтті.

Осыған орай, мен Қазақстанның жетістіктері деп танылған және бүгінде әлемде болып жатқан құбылыстардың аясында айқын болып отырған нәрселердің негіздерін ерекше атап өткім келеді.

Қазақстанның экономикалық, саяси және әлеуметтік салалардағы барлық жетістіктерін тек жеріміздегі бүкіл Менделеев кестесінде бар бай табиғи ресурстармен байланыстырып жатады. Бұл – қисынсыздау пікір.

Шынында да, Қазақстанның жер қойнауында мұнай мен газдың, көмір мен уранның, сирек кездесетін металдардың және басқа пайдалы қазбалардың мол қоры сақталған. Бірақ табиғи ресурстардың тек бар болуы адамдардың лайықты және бақытты өмір сүруін қамтамасыз ете алмайды. Ең бастысы – бұл емес, оны дұрыс басқарып, қолдана білу. Салыстыру үшін әлемдегі мұнай қорының 17,5 пайызын құрайтын «қара алтынның» шынымен де әсерлі қорының арқасында Венесуэла ең үлкен мұнай қорына ие делік. Алайда, біз білетіндей, бұл мемлекет бірнеше жылдан бері терең саяси дағдарысты бастан кешіруде, халқы арасында араздық пайда болып, өмір сүру деңгейлері төмендеп, миллиондаған азаматтары көрші елдерден пана табуға мәжбүр болуда.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Қазақстан минералды-шикізат ресурстарын пайдалану бойынша өзінің нақты ұстанымын жариялады. Оның принциптері ашықтық пен көп бағыттылық, инвестицияларды барынша құқықтық қорғаумен қолайлы инвестициялық климат құру және халықаралық құқықтың басқа жалпы қағидаларын сақтау болды. Мемлекеттің бұл саясаты бірден ірі шетелдік инвесторларды тартуға, инвесторлардың да, республиканың да, оның тұрғындарының да мүдделерін ескере отырып, олармен келісімшарттар жасауға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанға екі жүз миллиард АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тартылды және оның көп бөлігі табиғи ресурстарды, ең алдымен энергетиканы игеруге жұмсалды.

1990 жылдары Үкіметтің аппаратында жұмыс істеген кезде табиғи ресурстарды «таратпай», оны жоғары технологиялар пайда болған кезге дейін болашақ ұрпаққа сақтау керек деген пікірлерді бірнеше рет естігенімді есімнен шығармаймын. Билікке қарсы пікір білдірушілер энергетикалық нарықтағы батыстың ірі ойыншыларымен келісімшарт жасасуды өте теріс қабылдады.

Соған қарамастан, Қазақстан тұрақты экономикалық дамуға және халықтың өмірін жақсартуға ықпал еткен кірістерді алу үшін мұнай мен газ өндірісі және экспортын жедел ұлғайту арқылы елдің энергетикалық ресурстарын барынша тиімді пайдалану жолына түсті.

 Қазақстанда бірқатар кен орындары ашылғанын ескеру маңызды, бірақ Одақ үкіметі оларды игеруге басымдық бермеді. Мысалы, Қарашығанақ кен орны 1979 жылы ашылды, бірақ кенішті игеру бойынша негізгі жұмыстар тәуелсіздік жылдарында жүргізілді. 1997 жылдан бастап бұл кен орнын игеруге 26 миллиард АҚШ доллары инвестицияланды, қазір бұл кен орны барлық қазақстандық газдың жартысына жуығын өндіреді.

Бүгінгі күні әлемнің әртүрлі деңгейлерінде және әртүрлі бөліктерінде қазба отынын пайдаланудан біртіндеп бас тарту туралы жариялануда. Мысалы, Еуропалық Одақ 2050 жылға дейін олардан толығымен бас тартуды жоспарлап отыр. Қазіргі энергия көздерін жаңартылатын энергия алмастырады. Тесла компаниясы және басқа өндірушілер электромобильдер өндірісін арттыруда, бұл мұнай өнімдерінің негізгі тұтынушысы – автокөліктердің толығымен жаңартылады деген сөз. Электр машиналарын өндірушілер мұнай дәуірі 2035 жылға дейін аяқталады деп есептейді. Бұл – әлемдік тенденция. Соңғы жылдардағы мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуі, оны тұтыну деңгейінің төмендеуімен байланысты.

Ондаған жылдар өткеннен кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылғы «Қазақстан – 2030: Барлық қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған Стратегиясында алға қойылған бағыттың, міндеттердің дұрыстығын мойындамау мүмкін емес. «Мұнай дәуірінің мәңгілік емес» екенін болжай отырып, Елбасы табиғи ресурстарды басқарудың принципиалды жаңа жүйесін енгізу, мұнай секторынан түсетін кірістерді тиімді пайдалануға қол жеткізу, оның ішінде Қазақстан экономикасының басқа салаларын дамыту және әртараптандыру мақсатында бірқатар міндеттер қойды.

Минералды ресурстар Еліміздің маңызды стратегиялық артықшылығы бола отырып, сонымен бірге Қазақстан жетістіктерінің бірден-бір себебі және кепілі бола алмайды.

Жер қойнауын пайдалану мен қорғау саласындағы саясат мемлекеттің жалпы саясатының бір бөлігі болып табылады. Қазіргі кезеңдегі саясаттың ең маңызды векторы – қоғамдық сананы жаңғырту. Алдыңғы қатарлы елдердің тізіміне кіру жолында қоғамдық сананы өзгертуге күш салу маңызды.

Менің ойымша, мемлекеттің дұрыс таңдалған саясаты, құқықтық жүйенің негіздерін, ішкі және сыртқы саясатты қалыптастыру – біздің еліміздің барлық жетістіктерінің кілті болып табылады және уақыттың түрлі сын-қатерлеріне лайықты жауаптар беруге мүмкіндік береді.                                      

                                                                                               Қ.Б.Сафинов

Бөлісу