Сенатор С. Дүйсембинов: Бұл еліміздің болашағына алаңдаудан туындап отырған қадам...
Сұлтан Дүйсембинов арнайы сапармен Талдықорған қаласына барып, қалалық мәслихат депутаттарымен, мекеме басшыларымен Ардагерлер үйінде елімізде өткізілуі жоспарланған бүкілхалықтық референдумға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында кездесу өткізді.
Кездесу барысында Конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталып өтті, қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Мемлекет басшысы жақында өткен республикалық Ассамблеяның кезекті сессиясында Ата Заңымыз – Конституцияға енгізілер өзгерістер мен толықтырулар бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданатынын айтқан болатын және бұл еліміздің болашағына алаңдаудан туындап отырған қадам дер едім. Себебі, әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұрған қазіргідей кезеңде ұлттық тұтастық, мемлекеттік бірлік, әсіресе халқымыздың қолдауы ауадай қажет. Сондықтан Президентіміз референдум өткізу керектігін алға тартып, Қазақстан Республикасының әрбір азаматына сенім артып отыр» - деп атап өтті сенатор.
Сондай-ақ, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес Президенттің өкілеттігі қысқаратынын, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейетінін, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаятынын, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі едәуір күшейетіндігін айтты.
Жиын соңында сенатор мәслихат депутаттары мен мемлекеттік мекемелер өз тараптарынан Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум бойынша тұрғындарға тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажеттігін жеткізді.