«Ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
Заң жобалары 6 Кодекске (азаматтық, кәсіпкерлік, еңбек, қылмыстық, қылмыстық-атқару, әкімшілік құқық бұзушылық туралы, халық денсаулығы туралы) және 15 Заңға (ойын бизнесі туралы, лотереялар туралы, банктер туралы, жарнама туралы, байланыс туралы, қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы, құқық қорғау қызметі туралы, мемлекеттік мүлік туралы, арнайы органдар туралы, әскери қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, мемлекеттік қызмет туралы, төлемдер мен төлем жүйелері туралы) 100-ден астам түзетулерді қамтиды, оның ішінде Мемлекет басшысының 2023 жылғы қыркүйекте Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында және осы жылғы наурызда Ұлттық құрылтайда берілген еліміздегі лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.
Заң жобаларының негізгі новеллалары:
Ойын бизнесі бағыты бойынша:
- Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салу;
- жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан дербес шектеудің ең жоғары мерзімін бір жылдан он жылға дейін ұлғайту;
- 21 жасқа дейінгі, өзін-өзі шектеген, сондай-ақ Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу;
- мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу;
- құмар ойындарға және бәс тігуге қатысқаны үшін әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін беделін түсіретін теріс қылық ретінде жұмыстан шығаруға негіз енгізу;
- ойын бизнесін ұйымдастырушылардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу тәуекелдері мен зияны туралы ескертуді құмар ойын мекемелері мен өз интернет-ресурстарына орналастыру міндетін енгізу;
- ойын мекемелері, букмекерлік кеңселер немесе тотализаторлар жұмысының үлгілік қағидаларын бекіту;
- букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың өздерінің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау міндетін енгізу;
- казино қызметі жүзеге асырылатын 3 жұлдыздан төмен емес санаттағы қонақ үйлерде ойын автоматтары залдарын орналастыру бойынша міндетті біліктілік талапты енгізу;
- букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың есепке алу бірыңғай жүйесін құру;
- қызметі заңсыз болып табылатын шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу және банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу бойынша Туризм және спорт министрлігінің құзыретін енгізу;
- интернет-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу.
Лотерея қызметі бағыты бойынша:
- лотерея операторының өз қалауы бойынша олардың түрлерін белгілеу және өзгерту мүмкіндігін болдырмау мақсатында лотереяға қатысу құқығын растайтын құжаттардың (лотерея билеттері және электрондық лотерея билеттері) толық тізбесін белгілеу;
- «Лотоклубтар» және «Лотоматик» лотерея терминалдары арқылы лотерея билеттерді өткізуге тыйым салу мақсатында олардың тарату арналарын қысқарту;
- тұрғын үйлерде, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, ғибадат ғимараттарында, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салу;
- лотерея операторының лотерея өткізу шарттарын және оларға енгізілетін өзгерістерді уәкілетті органмен келісу міндетін айқындау.
Жарнама бағыты бойынша:
- орналасқан жерлерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшыларды жабдықтауда, спортшылардың киімінде, спорттық тақырыптық бағыттағы БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналардың халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде жарнаманы қоспағанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салу;
- байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігулер жарнамасы бар хабарламаларды тарату бойынша қызметтер көрсетуге тыйым салу;
- жарнама саласындағы заңнаманың ережелеріне сәйкес келмейтін букмекерлік кеңселердің немесе тотализаторлардың жарнамасын таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу.
Денсаулық сақтау бағыты бойынша:
- 21 жасқа дейінгі адамдарға, сатушының тікелей қатысуынсыз сауда автоматтары арқылы және сәйкестікті бағалау туралы құжаттарсыз энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу;
- психикалық, мінез-құлық бұзылыстары бар адамдарға, оның ішінде құмар ойынға тәуелділікпен байланысты, медициналық көмекке қол жеткізудегі кедергілерді болдырмау.
Заң жобалары бойынша Үкімет 2 қорытынды берді, олар депутаттар бастамашылық еткен түзетулердің 60% - дан астамын (90 түзетудің 50-і) қолдады.
Мыналарды көздейтін түзетулер қолдау таппады:
- 21 жастан 25 жасқа дейін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға жас шектеуін арттыру (Конституцияға қайшы келеді);
- психикалық мінез-құлық бұзылыстары диагнозымен динамикалық бақылауда тұрған адамдардың құмар ойындарға қатысуына және бәс тігуіне тыйым салу (медициналық құпия);
- лотереяны таратуға және лотерея терминалдарын көппәтерлі тұрғын үйлерден жүз метр радиуста орналастыруға тыйым салу (қалалардың тығыз құрылысын ескере отырып, шектен тыс шектеу);
- құмар ойындар мен бәс тігулерді жарнамалайтын шетелдік сайттарға мониторинг жүргізу бойынша құмар ойындар мен бәс тігулерді, жарнамаларды реттеу жөніндегі уәкілетті органдардың міндеттерін белгілеу (қолданыстағы заңнамамен реттелген);
- букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың таза табысының кемінде 10% мемлекеттік бюджетке салықтық емес төлем ретінде жіберу міндетін белгілеу (жаңа Салық кодексі әзірленуде, онда ойын бизнесін ұйымдастырушыларға жалпы салық жүктемесі ұлғайтылатын болады).