Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Өндіріс объектілерінің қызметінің санитарлық-қорғау аймағын белгілеуге байланысты Депутаттық сауал

15.02.2024 52

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. БЕКТЕНОВКЕ 

 

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Алматы, Жетісу облыстарының жұртшылығымен кездесу барсында шешуді талап ететін бірқатар проблемалық мәселелер көтерілді.

Атап айтқанда, өндіріс объектілерінің қызметінің санитарлық-қорғау аймағын белгілеуге байланысты мәселе еліміздің әр аймағында кездеседі және бүгінгі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек республика бойынша санитариялық-қорғаныш аймақтарының талаптары сақталмай жұмыс істейтін өндіріс нысандарының саны         160-тан асып түседі.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін аталған мәселе өзінің өзектілігін арттыруда.

Алматы қаласының «Нұртау Темір»  ЖШС, «Үркер АШ»  ЖШС, «Асфальт бетон 1» ЖШС,  Орал қаласындағы «Кублей» консерві зауыты, Жетісу облысындағы «Көксу қант зауыты», «Үштөбе-Айдын» және  «Текелі ҚСЗ» ЖШС сүт өндірістеріне берілген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылардың күшін жою (кері қайтарып алу) бойынша үлкен түйткілді мәселелер туындауда.

Мысалы, Жетісу облысындағы «Үштөбе-Айдын» ЖШС 1940 жылдан бері сүт өнімдерін өндірушілердің бірі болып табылады. Тәулігіне 15 тоннаға дейін сүт өңдейді және бүгінгі күні сүт және ашытылған сүт өнімдерінің             16 түрін шығарады. Күн сайын зауыттың өнімдері 300-ден астам дүкенге, балабақшаларға, мектептерге, ауруханаларға, балалар үйлеріне, Алматы, Талдықорған, Үштөбе, Текелі қалаларының мекемелеріне жеткізіледі.     

Бір зауыттың өзіне ауылдардағы сиыр ұстап отырған әр отбасы, қарапайым тұрғындар, шаруа қожалықтары сүтін өткізіп күнделікті табысын тауып отыр. Сондай-ақ ауылдардан жиналған сүтті тасымалдаумен айналысатын азаматтар жұмыспен қамтылған. Бұл азаматтар уақытылы салықтарын төлеп, заң аясында жұмыстарын атқаруда.

Тәуелсіздік алғалы бері кеңес заманы кезінен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың айналасында, санитарлық аймақтарында құрылыс нысандары салынып жатыр. Оған қоса темір жолдар мен әуежайлардың айналасын айтсақта болады.

Мысалы, 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған авиациялық апат. Bek Air авиакомпаниясының Fokker 100 авиалайнері Алматы - Астана бағыты бойынша жоспарланған ішкі рейсін орындау барысында ұшақ әуеге көтерілген кезде биіктігін жоғалтып, санитарлық-қорғау аймағына заңсыз салынған жеке меншіктегі тұрғын үйге соғылған. Оның бортында болған 98 адамның 12-сі қаза тапқан болатын.

Атап өтетін жайт, санитариялық-қорғаныш аймақтарының ережелерін денсаулық сақтау министрлігі мен экология және табиғи ресурстар министрлігі екеуіде әзірлейді. Бір-біріне ұқсас келеді. Бұл ережелерді бірегейлендіруді қарастыру қажет.

          Санитариялық-қорғаныш аймақтарына байланысты мәселелерді тез арада шешуді қолға алу керек. 

          Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді дамытуға және бастапқы  өнім өндіруден терең өңделген өнім өндірісіне көше отырып, өңдеу үлесін 70 пайызға дейін жеткізу міндетін қойды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Кә­сіп­керлік саласы елдегі эконо­ми­калық өсімнің драйверіне айналуы үшін нақты шешімдер қабылдау керек.

Ауыл шаруашылығы өнімінің өңделу үлесі бүгінгі таңда төмен деңгейде: сүт бойынша - 47%, ет бойынша – 33,7%, ірі қара мал терісі бойынша – 13,4%, жүн бойынша – 18%, дәнді дақылдар бойынша – 30%, майлы дақылдар бойынша – 40%, жеміс-көкөністер бойынша – 3% - ды құрайды. Өндіріс көлемі ұлғайтылмаса, тұтынудың өсуі сөзсіз импортқа тәуелділікке және азық-түлік қауіпсіздігі деңгейінің төмендеуіне әкелетіні барлығымызға мәлім.

Сондай-ақ бизнес елдегі әлеуметтік мәселелерді де шешуге атсалысатынын атап өтуге тиіспіз. Со­ны­мен қатар кәсіпкерлер де мемлекет тарапынан берілген же­ңіл­дік­ті дұрыс мақсатқа пай­да­лан­ғаны абзал.

          Қорытындылай келе, жоғарыда аталғанған мәселелер шешілмеген жағдайда, Республика бойынша бірқатар зауыттар мен өндіріс саласы нысандарының жабылуы мен жұмыстарының тоқталуына алып келуі мүмкін.

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

             Осыған байланысты, баяндалғандардың негізінде мәселенің өзектілігін ескере отырып және осындай тәуекелдердің туындауын болдырмау үшін өндіріс объектілері қызметінің санитарлық-қорғау аймағын белгілеу мәселесіне аса мән беріп, Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылдау қажет.

 

Құрметпен,                                                             

 

С. ДҮЙСЕМБИНОВ

 

О. БУЛАВКИНА

       

          Е. ӘЙТКЕНОВ

 

                                                                                           С. АРУБАЕВ

                                                                

                                                                                           З. КУЗИЕВ

      

          Ғ. САРЫБАЕВ

      

         А. ТОЛАМИСОВ

 

 

 

 

 

Бөлісу