Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Депутаттық сауал. Туризм саласын дамыту

17.10.2024 151

Депутаттық сауал

Премьер-Министрге бағытталады

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы  жылдың 13 маусымында туризмді дамыту жөніндегі кеңесте «Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады» - деген еді.

Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметтері бойынша, бүгін туризм әлемдік экономиканың жоғары табысты және серпінді салаларының бірі болып табылады. Табыстылығы жағынан ол мұнай өндіру мен өңдеуден кейінгі екінші орында.

Демек туризм саласын экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға болады. Ал бізде оған толық мүмкіндіктер бар.

Алматы және Жетісу облыстарындағы Алакөл және Балқаш көлдерінің, Қапшағай су қоймасының жағалауларын, Көлсай көлдері, ұлттық табиғи саябақтардағы эко-туризмді дамытуға басымдық бере отырып, инвесторларды тартуға болады. Бірақ тиісті инфрақұрылымның жоқтығы оған тежеу болуда.

Жаз мезгілінде Алакөл ауданының тұрғындары мен бизнес өкілдерімен кездескенде көптеген өзекті мәселелер көтерілген болатын.

Бірінші. Жол бойында абаттандырылған санитарлық-гигиеналық тораптардың жоқтығы. Телефон байланысы мен интернет секілді қарапайым қажет жағдайлар.

Екінші.  Электр энергияның тапшылығы өңірдегі туризмнің дамуына кері әсер етуде.

Осыған байланысты, құны 10,3 млрд. теңгені құрайтын «Ақши» жаңа қосалқы станциясының құрылысына» жобалық сметалық құжаттама әзірленген. Құрылысты бастау үшін 2024 жылғы республикалық бюджетті нақтылауға Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім берілді.

Үшінші. Алакөл көлінің жағалауының шайылуы үлкен проблема болып табылады, соңғы жылдары жағалау аймағының эрозия процесі байқалуда. Үйлер мен демалыс обьектілерінің суға кеткен фактілері бар.

Жетісу облысының әкімдігі тарапынан Алакөл көлінің қорғау бөгетінің құрылысына жобалық сметалық құжаттамаға түзету аяқталып, құрылысына 19,1 млрд. теңге, абаттандыруға 11 млрд. теңге Республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім берілген. 

Тұрғын үй және курорттық аймақты қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет.

Төртінші. Ауыз сумен жабдықтау және кәріз жүйелерініңжайы көңіл көншітпейді. 

Ауыз су мәселесі түбегейлі шешілмей тұр.

Орталық кәріз жүйесі жоқ болғандықтан, кәріз сулары полигонға төгілуде. Экологиямызға көптеп зиян келуде.

Кәріздік тазарту құрылғысының мәселесін шешу үшін     7 млрд. теңге қаражаттың бөлінуін қажет етеді.

Бесінші. Демалыс аймақтарында шомылу маусымында қауіпсіздік шаралары да мәз емес.  2024 жылғы жазғы маусымда мониторинг деректері бойынша тек Алакөл көлінің жағалауында демалушылар саны 2 млн. астам адамды құрады. Оған қоса, судағы мототехникалардың да саны артуда.

Осы маусымда адамдардың өміріне қауіп төндіретін су көлігінің демалушылармен соқтығысуы мен ұшақтың құлауымен қайғылы жағдайлар орын алды.    

Аталған қайғылы оқиғаларды назарға алып, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында тас жолдағы көліктерді қадағалау және суға шомылу маусымында мамандырылған судағы полиция қызметкерлерін жұмылдыру керек.

Алтыншы. Денсаулық сақтау мәселесі. 1973 жылы қолданысқа берілген аудандық аурухана ғимаратына замануи стандартқа сай емес. Жаз мезгілінде туристердің көбеюі мен емделушілердің артуынан ауруханаға үлкен жүктеме түседі. Бөлмелер (үй-жайлар) жетіспейді, жалға алуға мәжбүр. Жаңа ғимаратқа жобалық сметалық құжаттамасы әзірленген. Жобаға 17 млрд. теңге қаражат қажет.

Жетінші. Қоқыстарды тастайтын полигондар талапқа толық сай болмай тұр. 

Қоқыстар оңды-солды шығарылуда. Тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды сұрыптап, өңдеуге байланысты тиісті жұмыстар жоқтың қасы.

Сегізінші. Газдандыру мәселесі.  Жоба құны 131,7 млрд.теңгені құрайтын «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң түрде бақылауға алу қажет.

Құрметті Олжас Абайұлы, жоғарыда аталған проблемалар тек қана Алакөлдің жағалауында ғана емес, Қазақстанның туризм саласында қызмет көрсететін нысандардың барлығында бар өзекті мәселелердің бірі. 

Сондықтан туризмді дамытуға мол мүмкіндігі бар жерлерде инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет.

         

         Құрметпен,  

                                                                               

                                                           С. ДҮЙСЕМБИНОВ

                                                           Ғ. САРЫБАЕВ

                                                           З. КУЗИЕВ

                                                           А.ТОЛАМИСОВ                          

 

Бөлісу